Аймақтар • 21 Қараша, 2018

Алматыда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен форум өтті

553 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан қор биржасы, Ұлттық Банк және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен VІІІ Қаржыгерлер конгресі аясында «Экономиканың тұрақты дамуындағы қор биржаларының рөлі» тақырыбында форум өтті. Аталған жиын қор нарығының 25 жылдығына және Теңге күніне орайластырылды.

Алматыда Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен форум өтті

Форумға келген отандық және шетелдік қаржыгерлер, сарапшылар алдында сөз сөйлеген «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрайы­мы Алина Алдамбергеннің айтуынша, қор биржалары ел экономика­сының тұрақты дамуына ықпал ете отырып, осы жылдарда бағыт-бағдарын айқындап үлгерді, маңызды міндет­терді шешуде күрделі жағдайлармен бетпе-бет келуге тура келді. 

Форум жұмысына қатысқан Ұлт­тық экономика ми­нистрі Тимур Сү­лейменов құнды қағаздар нары­ғының ел эконо­микасы дамуындағы рөлі жоғары екендігін атап өтті. Бүгін­де құнды қағаздар нарығы капита­лизациясының ІЖӨ-ге қатынасы елімізде 26 пайызды құраса, дамыған елдерде 100-200 пайыз, ал көршілес Ресейде 40 па­йыз­ды құрайды. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша құн­ды қағаздар нарығына инвестицияланған зейнетақы актив­тері­нің жалпы сомасы 7,3 трлн теңгеге жеткен. Оның 54 па­йызы мемлекеттік, мемлекеттік емес құнды қағаз­дар нарығына 29,3 пайызы инвестицияланған. Екінші дең­гей­лі банктер мемлекеттік құнды қағаздар нарығына 75, ал мем­лекеттік емес секторға 9 пайыз инвестиция салған. 

Жекеменшік инвестициялардың құнды қағаздар нарығын­дағы үлесі соңғы 10 айда республика тұрғын­дары­на шаққанда 0,6 пайызды құрап отыр. Дамыған ел­дерде бұл көрсеткіш 30-40 пайыз, ал Үндістанда 1,5 па­йыз болса, көрші Ресей елінде 8 пайызды құрайды. Ми­нистр­­дің айтуынша, жетістік те, жетімсіз тұстар да бар­­ш­ы­лық. Ал қоғамның қаржы сауат­тылығын арттыру әзір­ге көкейкесті мәселе­лердің қатарында тұр.

Бүгінде қор нарығының, бүтіндей қаржы секторының мәсе­лелерін шешуде жүйелі қадамдармен қатар бизнес қана емес, қоғамның барлық мү­ше­лері үшін жеке инвес­тор ретінде қаты­­суға қосымша жағдай қарас­ты­рылуы қажет. Бұл өз кезе­гін­де барлық дамыған елдердегідей қоғам­ның тұрақ­ты тірегі болып табылатын ор­та­ның қалыптасуын қамтамасыз етеді. 

Форум аясында сөз алған Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов, Қазақстанның даму банкі басқармасының төрағасы Болат Жәмішев, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов, Қазақстан қаржыгерлер қауымдасты­ғы кеңесі­нің төрайымы Елена Бахмутова қор нарығының өзекті мәселелеріне, даму барысына тоқталды.

Бағалы қағаздар нарығын дамыту мем­лекеттік инвести­циялық саясаттың басым бағыттарының бірі дейтін бол­­сақ, Ресей, Қытай және Орталық Азия аймағындағы қар­жы нары­ғы­мен ық­палдастықты күшейту, сондай-ақ Қазақ­­­­стан­дағы қор нары­ғының кәсіби қаты­­су­­­ш­ыларына жағ­дай жасау мен кәсіби бі­лік­тілігін арттыру да алда ат­­­қа­­ры­латын маңызды шаралар қата­рында.

Форум аясында сессия отырыс­тары өтіп, қор нарығының инте­гра­ция­лық үдерістері, Еуразиялық экономикалық ықпал­дастық аясында цифрлы технологияларды енгізу­дегі қаржылық қызмет түрлеріндегі ерекшеліктер, қор на­рығы арқылы экономиканы қар­жыландыру, биржа­лық инфра­құры­лымдарды дамыту сияқты мәселелер талқы­ланды. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақ­сатында ықпал­­дас­тық келісімдер туралы меморандумға қол қойылды. 

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ