Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов соның ішінде өнеркәсіп өндірісінің өсімі 4,8 пайызды құрап, өткен айдың деңгейінен 0,1 пайыздық тармаққа асып түскендігін, өнеркәсіп өндірісінің бұлайша дамуына түсті металдар, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, қағаз және қағаздан жасалған өнімдер, жиһаз өндірісі, сондай-ақ машина жасаудағы өнім шығарудың жақсы дем бергендігін айтты.
Ал Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр 2018 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің ішінде машина жасау саласының – 14,5, химия өнеркәсібінің – 8,2, жиһаз өндірудің – 5,1, қағаз шығарудың – 9,2, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірудің 2,3 пайыз алға басқандығын мәлімдеді.
Сонымен цифрлар көрсеткеніндей, тоғыз айдың көрсеткіші бойынша еліміздің машина жасау саласы ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалық сектор ретінде бой көрсетіп отыр. Сондықтан біз нақ осы саланың жай-күйіне, оның даму себептеріне талдау жасағанды жөн көрдік.
Қазақстанның қазіргі машина жасау саласын ел тәуелсіздігінің төл туындысы деуге де болады. Рас, бұл сала елімізде Кеңес Одағының кезінде қалыптасып, жақсы дамыды. Павлодарда шынжыр табанды «Қазақстан» тракторы шығарылды. Өскемен, Петропавл, Орал және басқа қалаларда түрлі құрал-жабдықтар мен оның аспаптарын жасайтын кәсіпорындардың тұтас желісі пайда болды. Бірақ қазір солардың көпшілігінен із де қалмады. Орнына нарық жағдайына бейімделген, халықтың сұранысын қанағаттандыра алатын жаңа машина жасау саласы қалыптасып, енді міне шапшаң қарқынмен алға басуда. Мысал үшін айта кетелік, кезінде Өскемен қаласындағы әрқайсысында мыңдаған жұмысшысы бар Шығыс Қазақстан машина жасау зауыты, Өскемен конденсатор зауыты, Өскемен приборлар зауыты деген алып кәсіпорындар болған еді.
Қазір бұл кәсіпорындар жаңа заманның ыңғайына қарай бейімделді. Бірақ бүгінде 15-16 жыл бұрын ғана құрылған «АЗИЯ АВТО» кәсіпорнының өндірістік қуаты көш озық. Бұл кәсіпорын осы уақыт аралығында 130 мыңнан астам жеңіл автокөлік түрлерін шығарып үлгерді. Қазақстанның автомобиль өнеркәсібінің тарихы да осында құрастырылған жол талғамайтын «Нива» жеңіл көлік түрінен бастау алған еді. Қазір бұл кәсіпорында 4 мыңға тарта адам еңбек етіп, олар жеңіл көліктердің Лада, КИА, Шкода, Шевролет секілді брендтерінің жиырмаға тарта модельдерін шығару үстінде.
Мұнан кейін елімізде «СарыарқаАвтоПром», «СемАЗ», «КАМАЗ-Инжиниринг», «Hyundai Trans Auto», «Daewoo Bus Kazakhstan» секілді автокөлік құрастыру кәсіпорындары пайда болды. Осы кәсіпорындардың жұмыстарының нәтижесінде тәуелсіз елімізде автоөнеркәсіп секілді жас та жаңа сала пайда болып, жылдан-жылға жетіліп, қарқынды даму көрсеткіштерін көрсетуде. Жаңа индустрияландырудың бірінші бес жылдығының қорытындысында автомобиль өндірісі өңдеу өнеркәсібіндегі ең қарқынды дамушы сала ретінде атап көрсетілді және Қазақстан машина жасау саласының ту ұстаушысына айналды.
Енді қазіргі жағдайға келейік.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» аталатын Қазақстанның автокөлік саласы кәсіпорындары одағының мәліметтеріне қарағанда, үстіміздегі жылдың тоғыз айында еліміздің аумағында жалпы құны 140,9 млрд теңге тұратын 22 709 автокөлік құралдары (жеңіл және жүк көліктері, автобустар мен арнаулы машиналар және тіркемелер) шығарылған. Заттай өндіріс көлемі өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 70,3 пайыз асып түскен.
Соның ішінде 21 137 жеңіл көлік шығарылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 82,6 пайызға өскен. Ал автокөлік саласының алғашқы қарлығашы «АЗИЯ АВТО» АҚ алда келеді. Есепті мерзімде бұл кәсіпорын 13 365 жеңіл көлік түрлерін шығарған. Сөйтіп өндіріс нарығының 63,2 пайызына иелік еткен. Екінші орындағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің көлік шығарудағы үлесі 7 772 бірлікті немесе 36,2 пайызды құрайды.
Көріп отырғанымыздай, қалған кәсіпорындардың үлесі аса ауқымды емес. Олар нарықтың 1-2 пайызына ғана иелік етуде. Дегенмен бұл кәсіпорындар кейінгі жылдары ғана пайда болғандықтан болашақтары әлі алда деуге болады.
Тағы бір қуантарлық көрсеткіш, отандық автокөлік кәсіпорындары биылғы қыркүйек айының өзінде ғана 3244 автокөлік түрлерін шығарған екен. Ал өткен жылдың осы айында бар болғаны 1 503 көлік түрлері шығарылған еді. Демек, биылғы қыркүйектің көрсеткіші өткен жылғыдан 2,2 есе асып түсіп отыр. Сөйтіп экономикамыздың ең жас саласы соңғы айдың өзінде даму қарқынын еселеп арттыра түскені байқалады.
Отандық автозауыттар өнімдерінің сатылу көрсеткіштері де көңіл қуантарлықтай. Жыл басынан бері 20 644 автокөлік сатылыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 58,2 пайызға артық. Соның ішінде «ҚазАвтоӨнеркәсіп» одағы кәсіпорындарының сауда нарығындағы үлесі былтыр осы мерзімде 36,8 пайызды құраса, биыл 47,3 пайызға жетіп отыр. Демек, шетелдік автокөліктерді отандық сауда нарығынан бір жылдың ішінде айтарлықтай ығыстыра түскен.
Осы уақыт аралығында (яғни тоғыз айда) республика тұрғындары жергілікті өндірістің автокөліктерін сатып алуға 119,7 млрд теңге жұмсапты. Бұл қаражаттың басым бөлігі «АЗИЯ АВТО» АҚ кассасына түсті деуге болады. Өйткені жергілікті өндірістің сатқан автокөліктерінің 57,2 пайызы осы кәсіпорынның үлесіне тиген. Кәсіпорын 11 802 автокөлік сатқан. Ал «СарыарқаАвтоПром» ЖШС – 7866 автокөлік, «СемАЗ» ЖШС – 392, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ – 315, «Hyundai Trans Auto» ЖШС – 177, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС – 92 көлікті тұтынушыларға өткізген.
Сарапшылардың пікіріне қарағанда, соңғы уақытта Қазақстанның жеңіл автокөлік нарығында еліміздің кәсіпорындарында құрастырылатын жеңіл көліктердің ең өтімді түрі Lada болып отырған көрінеді. Өйткені тоғыз айдың ішінде осы көліктің 9 414 бірлігі сатылған. Мұнан кейінгі орындарды Hyundai (5 494 бірлік), KIA (1 658), JAC (978), Chevrolet (715) Ravon (552), Skoda (512), Peugeot (132), SsangYong (14) маркалары еншілеген.
Жалпы кез келген елдің өнеркәсіптік даму деңгейін айқындаған кезде бірінші кезекте оның машина жасау саласына назар аударылатыны белгілі. Өйткені бұл сала ел инженерлерінің білімділігін, іске маманданған жұмысшылар қатарының мол болуын талап етеді. Бұл істі ұйымдастыру мен дамыту оңай емес. Сондықтан XX ғасырдың соңына дейін автокөлік, ұшақтар шығарумен әлемнің санаулы елдері шұғылданып келген болатын. Ондай елдер өз автокөліктерін әлемге тарату арқылы молынан пайдаға кенелді және әлемдік индустрияландырудың көшін бастады. Демек, тәуелсіз Қазақстанда автокөлік өндірісі саласының пайда болып, жылдан-жылға дами түсуі еліміздің қолынан көп істің келетіндігін көрсететіндей. Оның үстіне, отандық автокөлік құрастырушы кәсіпорындар бірнеше брендтің көптеген модельдерімен елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелдерге де экспортқа жөнелтуді бастады. Мәселен, «АЗИЯ АВТО» АҚ былтыр мыңға тарта көлікті Қытайға экспорттады.
Қазақстанның машина жасау саласының тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір жетістігі америкалық «General Electric» компаниясымен бірлесіп, жаңа модельді локомотивтердің шығарыла бастауы болды. Теміржол көлігін дамытуға бұл істің үлкен көмегі тиді. Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-да осы уақытқа дейін 300-ден астам жүк тепловоздары мен 8 жолаушылар тасымалдайтын тепловоз шығарылды. Оның 23-і көрші елдерге экспортталды. Мұның сыртында, еліміз жаңа вагондармен өзін-өзі толық қамтамасыз етуге айналды.
Еліміздің батысында кеме шығару ісі қолға алынды. Мұның өзі отандық машина жасау саласының сандаған бағыт бойынша дамып келе жатқандығын көрсетеді және жері кең-байтақ, асты кенге толы Қазақстан үшін көлік шығару ісінің маңызы өте зор екендігін білдіреді.
Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, биыл бұл саладағы өнім көлемі тұңғыш рет 1 триллион теңгеден асып түсуі тиіс.
Жалпы қазіргі Қазақстанның машина жасау саласын көпсалалы деп айтуға болады. Оған электр құралдарын, аккумуляторлар, станоктар мен түрлі аспаптар, тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын, тағы басқа да заттар шығару кіреді.
Қазақстан машина жасаушылар одағының сарапшылары бұл саланың болашағы жарқын екендігін айтуда. Болжам бойынша, саланың 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, соған сай қолдау шаралары белгіленсе, 2024 жылы өнім көлемі 3 триллион теңгені, ал 2030 жылға таман 15 триллион теңгені құрауы тиіс. Болжам нақты есептеулер арқылы жасалған және Үкіметпен бірлесіп әзірленуі тиіс осы саланың 2030 жылға дейінгі даму көкжиегін айқындайтын бағдарламалық құжатқа негіз болады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»