Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов елімізде баламасы жоқ нысанның баға жетпес маңыздылығын атап өтті.
– Орталық – Елбасы Н.Назарбаевтың солтүстікқазақстандық жаңа буынға жасаған тамаша тартуы. Бүгінгі күн үрдістеріне толық жауап береді, әлемдегі ең озық IT-технологиялар пайдаланылады. Білім беру, роботтехника, биотехнология, мехатроника, экобиология, көркемөнер, мәдениет, шығармашылық, ойын-сауық үйірмелері мен ғылыми бірлестіктер жұмыс істейді. 87 үйірмеге 1800 оқушы мен студент бір мезгілде қатысып, сүйікті істерімен алаңсыз айналыса алады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мұнда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қабілетті, талантты жастардың қосымша білім алып, интеллектуалды даму мүмкіндіктерін жетілдірудің сан қырлы жолдары қарастырылған. Мәселен, ғылыми-зерттеу кешеніне аквапоника, гидропоника, вермиферма тәрізді жүйелер кіреді. Мұнда су жануарларының қалдықтарын өсімдік шаруашылығында кәдеге жарату технологиясы қолданылады. Дәнді дақылдардың өсуін жеделдететін фитопрепараттарды сынақтан өткізіп, одан әрі жетілдіруге болады. Экологиялық таза өнімдер алу, өсімдіктерді топырақсыз өсірудің тәжірибе алаңдары мен зертханалық талдаулар пәнге, ғылымға деген қызығушылықты арттырары сөзсіз. Электроника, электр техникасы, галография сынды үйірмелерге он жастан асқан кез келген бала жазыла алады. Қажетті ақпараттар LED-экрандар және бейнеқабырғалар арқылы қамтамасыз етіледі.
Осында «Тасқын» деп атап кеткен «Тэспиан» есімді драмалық актер робот балалардың цифрлы технологияларды меңгеруіне көмек қолын созуға әзір. Ол 17 тілде сөйлей алады. Ән де салады, «Қара жорғаны» да билеп береді, классикалық шығармалардан үзінді де оқиды. Роботты британдық ғалымдар құрастырған.
15 мың шаршы метр аумақта орналасқан Пионерлер сарайын толыққанды жабдықтауға 2 миллиард теңге жұмсалды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы