Келер ұрпаққа керек дүние
Елбасының тарихқа байланысты көзқарас білдіріп отыруын тарихшылар қажетті шарт-дағды ретінде қабылдайтыны бар. Президент жай айтып қана қоймайды, өзекті, маңызды ғылыми жобаларға алдын ала негіз қалап отырады. «Мәдени мұрадан» бастап тарихи маңызы зор, руханиятты өркендетуде өлшеусіз мәнге ие сол жобалардың бастамашысы болып, қозғау салатын да өзі. Осы жолы да ұлттық тарихымыздың ең өзекті қырларын, ұлттың рухани сапасын жаңа сатыға көтеретін ойларын білдірген екен.
Мына нәрсені білуіміз керек. Біз өз тарихымыздан өзіміз жеріп қалған халықпыз. Қазақта «Қағынан жеріген құлан» деген мәтелге айналған ауыр сөз бар. Ұлттық тарихқа байланысты Президенттің жасаған тұжырымдары іргелі ойларды қозғайды. Еуроцентристік көзқараспен бірге ресейцентристік көзқарасқа сыни тұрғыда қарай алғанда ғана, біз өз тарихымызға құрметпен қарауды үйрене бастаймыз. Әсіресе Ресеймен байланысты соңғы үш ғасырлық тарихымыз түбірімен қайта қарауды қажет еткелі қай заман. Осы тұрғыда айтқан Президенттің ойын толығымен қолдаймын. Президент мақаласының тарихқа байланысты ойларының әр жолы біздің халқымыздың жүріп өткен жолын ғылыми деректерге негізделген шынайы баяндауымен көкейге қонады. Шетел архивтері мен музейлерінде сақталған ұлтымыздың құнды жәдігері мен тарихи мәліметтерін елімізге алдыруға қатысты ойлары тың. Сонымен бірге архив мәселесінде бізде әлі жасалмай жатқан шаруалар шаш-етектен. Мысалы, сол шетел мұрағатын былай қойғанда, алысқа бармай-ақ, өзіміздің мемлекеттік архивтерде жатқан кешегі тарихымызға тікелей қатысы бар маңызды деректер мен материалдарды толықтай жарыққа шығара алмай отырмыз. Айталық, Алаш қозғалысы, Алаш сот процестері туралы дерек әлі бүркеулі күйінде, біздің айтып жүргеніміз бір пұшпағы ғана. Ал Алаш деген – біздің тарихымыздың өте маңызды бөлшегі. Қайта жаңғырып жатқан Алаш тарихына өте-мөте қамқорлық керек. Осы уақытқа дейін Алаш мәселесі бойынша еліміздің ең жоғары билік сатыларына, Парламентке дейін бірнеше рет хат жаздым. Алаш деген – мемлекеттілікті жаңғырту әрекеті еді, ал осыдан неге сонша қауіптенеміз? Мұнда күдіктенетін, күмәнмен қарайтын ешнәрсе жоқ. Мемлекетін жаңғыртып, дамудың жаңа сатысы мен даңғыл жолына түсірген ұрпақтарына басқа ел әлдеқашан өз бағасын беріп қойды. Ал біз әлі баға берген жоқпыз.
Алашшыл азаматтардың бәрі де большевизммен күресті. Ал большевизм деген – қазақ қоғамына қарсы жасалған агрессия. Кім большевизмді қабылдамады, сол қуғын-сүргін құрбаны болды. Халық жауы атанды. Атылды.
Совет үкіметі бізге, қазақ халқына сырттан күшпен таңылған үкімет. Біз қазіргі өмір сүріп отырған мемлекетіміздің тәуелсіздігін, билігін заңды үкімет деп мойындасақ, оның арғы жағында Алашорда жатыр. Алашорда да заңды билік болатын. Большевизм осы үкіметті күшпен жойды. Осыны ұмытпауымыз керек. Ал бұл дегеніміз тарих қой, осыған байланысты деректің бәрі архивте сірескен күйі жатыр. Сондықтан Президенттің өзі тарихты жаңаша жазудың жобасын көрсетіп, жол сілтеп, пәрмен беріп отырған кезде архивте жатқан материалдарды жариялауға асығуымыз керек, қолдан тұсалып отырған жұмыстар атқарыла бастауы керек. Ол үшін шекара асып басқа елге барудың, іссапарға шығудың, қаржы шығындаудың да қажеті жоқ, осы өзіміздің іргеміздегі мекемеге берілген Алаштың құжаттық материалдарын ғылыми айналымға шығарып, игерудің әрекеті ғана қалып тұр. Абайдың күйініп айтқан: «Бір жанға екі өлім әділет пе?» дегені дәл осы Алаш ардақтыларына арналып айтылғандай. Советтік тоталитарлық жүйе басып тастаған арман-тілекті аршып алу тәуелсіз ел ұрпағының азаматтық парыз-борышы емес пе? Олар туралы барлық шындықты айта алмасақ, екінші мәрте өзіміз өлтіргеніміз ғой. Бұл өте өзекті мәселе, осыған көңіл аударуымыз керек. Бұл бізге ғана емес, болашақ ұрпаққа керек дүние. Керек болса, бұл тарих алдындағы, болашақ алдындағы аға буын тарихшылардың жауапкершілігі. Ал сол тарихи шындықты кәсіби машықпен жеткізе алатын тарихшылар қоғамымызда бар, жеткілікті. Президент архив мәселесін айтқанда, алдымен келген ой осы болды.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ
Жылқы жалындағы жылнама
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлт тарихының ұлағатын ұқтыратын салмақты да салиқалы еңбекті тұшына оқып, тәнті болдық.
Көне тарихты кеудесінде қымтаған Ұлы дала төсінен жылқының жалына жабысып өміршең өркениеттің төрткүл дүниеге тегіс тарағандығын ойлаған сәтте көкірегің уылжып, өне бойыңды масайраған мақтаныш билейді екен. Солтүстік өңірдегі сонау энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысының қойнауын ақтарған кезде жылқы жарықтықтың ең алғаш рет дәл осы жерде басына жүген, арқасына ер салынып, қолға үйретілгендігі мәлім болып отыр. Міне, осы сәттен бастап айбарынан ай ыққан Алаш баласы әлемде үстем болды.
Табиғатына тым жақын, жақсылығын молынан көрген біздің жұрттың жылқы баласын шыбын жанына теңейтін лүпілдеген сезімі бәлкім осы кезден бастау алған шығар. Ет жүрегі елжірей сүйетін перзенттерін «құлыншағым, құлыным» деп айналып-толғанғанда бір керемет мән жатыр емес пе?! Айтпақшы, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Никольское ауылының маңындағы Ботай қонысы талайды таңғалдырған. Дәл осы жерден тастан жасалған көп қырлы жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза тәрізді қару-жарақтардың өте көп табылуы сол дәуірдегі дала төсіндегі өркениетті қапысыз аңғартып тұр. Дәл осы қоныстан табылған 133 мыңға жуық жылқы сүйектері зерттелді. Бір айта кетерлігі, Ботай жылқысының бітім-болмысы, яки сүйектері ежелгі жылқы сүйегінен ерекшеленеді екен. Түбегейлі зерттеуден кейін ғалымдар Ботай жылқысы қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Яғни, Ұлы даланың жел жетпес жүйріктері жабайы жануар емес. Демек, үй шаруасына, жорыққа, саят-серуенге пайдаланылған. Ботай жылқысын қапысыз зерттеу үшін Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары да атсалысты. Ортақ қорытынды мынадай, Ботай қонысы күллі Еуразия кеңістігінде дамыған мал шаруашылығының орталығы болған. Бұл жаңалық құлағы түрік күллі әлемді елең еткізді. Археологиялық экспедицияның жетекшісі Виктор Зайберт Англияның Кембридж университетінде Ботай қонысы туралы лекция оқыды. Сөйтіп әлем жұртшылығы Ұлы даланың ұлағатын ұға бастады.
Қоныстың қойнауында қалғып жатқан құпия көп. Көптігінен болар, отыз жылға жуық зерттелген. Әлі де ашылмаған жұмбағы аз емес. Міне, Елбасы мақаласының маңызы осы арада емес пе?! Өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды тауып берген рухани жаңғырудың қайта түлеген жалғасының осылайша сабақтасуы біздің де көңілімізді демдеп отыр.
Болат КӨШІМБАЕВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы
Ақмола облысы