60 кило салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев ресейлік Яго Абуладзе мен тайпейлік Ю Ли Ан арасындағы кездесудің жеңімпазымен жолықса, Елдос Сметов непалдық Мохан Баммен белдеседі. Бастапқы үш бәсекеде жеңіске жеткен жағдайда қос қандасымыздың жолы төртінші кезеңде қиысатыны анық.
66 кило салмақтағы қос балуанымыз да дәл сондай жағдайға тап болып отыр. Ерлан Серікжанов Тайпейдің өкілі Чен-Тин Хуангпен күрессе, Елдос Жұмаханов америкалық Кол Чандлер мен моңғолиялық Басхуу Йондерперленей арасындағы тартыста мерейі үстем болған дзюдошымен айқасады. Төртінші айналымда олар бір-бірімен айқасуы мүмкін.
73 кило салмақ дәрежесіндегі қос өренімізге алғашқы айналымдарда аса күшті қарсыластармен тіресуге тура келеді. Бекәділ Шәймерденов 2014 жылғы әлем чемпионаты мен 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, Біріккен Арабтар әмірлігінің өкілі Виктор Скорцовпен сайысқа түссе, Жансай Смағұлов ресейлік Саян Ондар мен португалиялық Нуну Сарайваның бірімен күш сынасады.
81 кило салмақтағы Дидар Хамза алғашқы айналымда бос. Келесі кезеңде қандасымыз италиялық Маттео Маркончини мен черногориялық Срджан Мрвалевич арасындағы тарыста бағы жанған балуанмен иық тіреседі. Олардың екеуі де әр жылдары әлем чемпионатында күміс медальді мойындарында жарқыратқан.
90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев пен Әзиз Қалқаманұлының екеуі де Науру елінен келген спортшылармен сайысқа түседі. Бірі Иники Уэрамен, екіншісі Овини Уэрамен белдеседі.
100 келі салмақтағы Әбілхан Қозыбаевтың қарсыласы – фиджилік Тевита Такаява. Ал аса ауыр салмақтағы Ғалымжан Қырықбай Ресейдің мықтысы Темірлан Башаевпен белдессе, Ерасыл Қажыбаев сол елдің тағы бір мықтысы Руслан Шахбазовпен күреседі.
Әйелдер арасындағы сайыста қазақстандықтар арасынан жалғыз Севара Нышанбаева ғана өнер көрсетеді. Оның тұсаукесер кездесудегі қарсыласы – бельгиялық Мина Либеер.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»