Кентау – жаңа даму кезеңі
Бұл әкімшілік-аумақтық өзгеріс қаланың бүгінгі тіршілігіне, ертеңгі дамуына қаншалықты әсер етеді деген сұрақтың туындауы заңды. Жер көлемі ұлғайды, тұрғындар саны өсті, сонымен бірге атқарылар жұмыстар да көбейері сөзсіз. Бір анығы, қала тіршілігі ырғағынан жаңылмай, жоспарланған жұмыстар жүзеге асырылуда. Мысалы, Қаратаудың қойнындағы мол пайдалы қазбаларды игеруді негізгі мақсаты ете құрылған Кентаудың кен өндіру өнеркәсібінде жыл басынан бергі 9 айда 86,6 млн теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы өнім көлемі 64 млрд 717,8 млн теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе артқан. Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың айтуынша, 2018 жылдың 1 қазанында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6959-ға жеткен. «Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын 5-10 пайызға артып келеді. Қуантатыны, оның ішінде белсенділері 93-94 пайызды құрап отыр. Бұл ретте шағын және орта бизнестің қалыпты дамуына Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында берілген несиелердің оң әсер еткені анық. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары шеңберінде бөлінген несиелер де өз септігін тигізді. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерліктің өндірген өнімі де, ондағы жұмыспен қамтылған адамдардың саны да жылына 10 пайызға дейін жоғарылап отырады», дейді қала әкімі.
Тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Биылғы 9 айда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 25 843 шаршы метр болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,9 есеге артқан. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында қабылданған кешенді жоспарға сәйкес, 2018 жылдың III тоқсанында 1784 адамға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіліпті. Жұмыссыздық деңгейі қалада 5,4 пайыз болып отыр.
Ауылдарда ауыз су мен ағын су мәселесі өзекті
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан қаласына қарасты 12 ауыл округы, яғни 35 елді мекен, 40 мектеп, 25 балабақша, сондай-ақ кітапхана, спорттық кешен, емханалар Кентау қаласына өтті. Жаңа қосылған 721 гектар жердің 591 мың гектары ауылшаруашылық санатындағы жерлер, оның 45-50 мың гектары суармалы екен. Бір қаладан екінші қаланың қарамағына өту қарапайым халық үшін ешқандай қиындық тудырмайды, әрине. Үй-жай да, мал-жан да орнында. Өзекті мәселелерді шешу енді Кентау қаласы әкімдігінің міндеті. Бұл орайда қала әкімі Ә.Мақұлбаев тиісті сала басшыларымен, мемлекеттік орган өкілдерімен бірге барлық ауыл округтарын аралап, халықпен кездесулер өткізді. Осылайша елді мекендердің өзекті мәселелерін анықтаған, оны шешу жолдарын тұрғындармен бірге талқылаған.
Ауыл округтеріндегі өзекті мәселелердің басым бөлігі ауыз су тапшылығына байланысты болып отыр. 2012-2013 жылдары ауыз су мәселесін шешу мақсатында ұңғымалар қазылған. Алайда, бұл жұмыстар су қорын алдымен тексеріп алмай жүргізілген екен. Алғашқы кездері су шыққанымен, уақыт өте келе тартылған, енді бірі кермек татып кеткен. Мысалы, Ескі Иқан ауылдық округы оған қарайтын Достық ауылы, Жүйнек елді мекендері осындай атүсті атқарылған жұмыстардың салдарынан ауыз су тапшылығын тартып отыр. Қала әкімінің айтуынша, ағын су да проблемаға айналған. Қалаға өткен 12 ауыл округында шаруалардың барлығы ағын суды Арыс-Түркістан каналынан алады екен. Сондай-ақ каналдың аяқ жағында орналасқан Шорнақ, Жібек жолы ауылдарына судың баруы қиын. Биыл егілген дақылдың басым бөлігі канал арқылы бір рет қана суғарылған. Ағын су шілде аяқталмай тоқтаған соң шаруалар құдық қазып, 5-7 метр тереңдіктен су тартуға мәжбүр болыпты. Оған электр қуатын көп жұмсау қажет, яғни диқандардың су тарту үшін күніне 100 мың теңгеге дейін шығын шығаруына тура келген. Бүгінде бұл күрделі мәселе. Бөген суқоймасынан келетін Арыс-Түркістан каналының суы 36 мың гектар жерді суаруға есептелген. Ал қазір 50 мың гектар жер осы каналдың суын пайдаланады. Яғни, канал қамтамасыз ете алмайды. Бұл орайда Елбасы Жарлығымен мақұлданған Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасы негізінде Сырдария өзенінен машиналы сусорғыштармен су шығаратын канал жобасы ұсынылуда. Жоба жүзеге асқан жағдайда Түркістанның айналасындағы 8 мың гектар жерді жасыл аймақ етуге және шаруаларға да мүмкіндік туады. Жергілікті мамандардың айтуынша, көптен бері көтеріліп келе жатқан Шардара суқоймасынан Мақтаарал ауданына салынған канал іспетті Сырдария өзенінен Иқан ауылына дейін машиналық канал салу жөнінде мәселе сөз жүзінде қалса су тапшылығының шешімін табуы қиын. Машиналық канал жобасы жүзеге асса, облыс орталығының төменгі жағындағы елді мекендерге де су толық келетін болады. Сондай-ақ жиналған суды егістік алқаптарына бірдей бөлу жөнінде Бөген су қоймасы, Отырар, Ордабасы аудандары, Кентау қаласы әкімдіктері арасында нақты келісімдер жасалуы тиіс. Бұл келісімде жер көлемі, егілген дақылдардың ескерілгені де маңызды. Суды аз қажет ететін дақылдарды егуге көшу де ағын су тапшылығын жеңілдетудің бір жолы ретінде қаралуда. Бұл орайда шаруаларға тамшылатып суару жүйесін енгізу, күздік бидай көлемін арттыру ұсынылыпты.
Шешімі күрделілеу болып тұрған тағы бір мәселе экологиялық үстемеге қатысты болып отыр. Түркістаннан қосылған елді мекендерде Арал өңiрiндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен ауылдар ретінде экологиялық үстемеақы төленеді. Түркістан, Арыс қалалары, Созақ, Шардара, Отырар аудандары енген бұл қолдауға Кентау кірмей қалған. Көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе шешімін тапқан жоқ. Яғни, бүгінде бір әкімшілік аумақта орналасқан елді мекендерде, мысалы арасы 5-10 шақырым ауылдардағы бұрынғы түркістандық мұғалімдер кентаулық әріптестерінен 20 пайыз көбірек еңбекақы алады.
Қазіргі таңда Кентауға өткен барлық әлеуметтік нысандардың жұмысы бұрынғы қалыпта жалғасуда. Құжаттандыру бойынша алдағы уақытта туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу бойынша да жұмыс атқарылуда. Кентау қаласының әкімі жоғарыда айтылған мәселелердің де біртіндеп өз шешімін табатынына сенімді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы