Ұлт мұрасын жаңаша бағамдау
Жиынға Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов, тарихшы-ғалым, белгілі архивист Марат Әбсеметов, кино және театр актері Нұрлан Әлімжанов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қаламыздың белсенді азаматтары мен жастары қатысты.
– Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласын жариялап, қалың жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Тарихымыздың жеті қырын атай отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткенімізді тарих тұғырынан бағамдап, терең зерделеуге үндеп отыр. Біздегі мақсат – өздеріңізбен ой бөлісіп, ақылдаса отырып, бірге істейтін алдағы шараларымызды айқындап алу, – деген қала әкімі Астананың өткені мен келешегіне қатысты жаңа жоспарларды ортаға салды. Оның айтуынша, Астана қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, «Бозоқ» тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын 2020 жылға дейін толық аяқтамақ. «Мәдени-туристік және ғылыми-зерттеу халықаралық орталығына ғана емес, сондай-ақ Еуразия даласының археологиялық-этнографиялық көне тарихын зерттеу мақсатында ғылыми-әдістемелік базаға айналдыру жоспарланып отыр», деген Бақыт Сұлтанов Астананың ел дамуындағы рөліне айрықша тоқталып өтті.
Бұдан кейін сөз алған Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов аталған мақаланың төл руханиятымызды дамытуға ерекше серпін берген «Рухани жаңғыру» кешенді бағдарламасының жалғасы екенін, жаңа идеялар арқылы ел болашағын баянды ете түсудің шешуші сәті екенін айтып өтті.
– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы дер кезінде жазылған дүние. Өйткені өз тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан қарап зерделеу қажет. Мықты далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге танытқанымыз жөн. Мақаланың әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра, ойластыра айтылған. Қазақ жұртының тарихи түп-тамыры өте тереңде жатыр. «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға терең де толымды жауап беретін тарихымызды жүйелі түсінуіміз қажет. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді, – деген ол осы бағыттағы жұмыстарды жетілдірудің жаңа деңгейін айқындаған бастама деп атады.
Елбасы бастамасымен атақты тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуға, «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыруға және мектептер мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құруға, сонымен бірге Қазақстанның өркениеті тарихының үздіксіз дамуын көрсететін фильмдердің арнайы циклін өндіріске енгізу сияқты бастамаларға қатысты қоғам қайраткерлері нақты ұсыныстарын айтып, шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысатындарын жеткізді. Алдағы уақытта қазақ елінің әлемдік өркениеттегі орнын және үлесін көрсету мақсатында мақалада айтылған ұсыныстар негізінде кешенді іс-шаралар қолға алынатын болады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ежелгі өркениет өріс алған жер
Шығыс Қазақстанда бірнеше жылдан бері өңірлік археологияны дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Бағдарлама аясында Әбдеш Төлеубаев, Зейнолла Самашев, Карл Байпақов секілді белді археологтермен қатар Ұлан Үмітқалиев, Ерден Оралбай сынды жас ғалымдар облыстың Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Ұлан, Көкпекті, Абай аудандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер тапқаны белгілі. Осы ретте жоғарыда аты аталған археологтер 21 қарашада «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын айрықша ықыласпен қабылдағанын айтқымыз келеді. «Бұл мақала мен және менің әріптестерім іске асыруға белсенді қатысқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы екендігі сөзсіз. Қазақстандықтардың көпшілігі соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында жасалған бірегей ашылуларды біледі. Облыс әкімдігінің қолдауы арқылы менің ғылыми жетекшілігіммен Катонқарағай ауданының Берел қорғандары, Тарбағатай ауданының Елеке Сазы ескі қорымы зерттелді. 2017 жылы жұмыс Берелде әйгілі кісі жерленгендігінің ашылуымен аяқталды, бұл жерді журналистер «Дала амазонкасы» деп атап кеткен. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырда жерленген ақсүйек ұрпағы жауынгер жас қыздың қабірі арқылы Елбасы өз мақаласында айтқан дала өркениетінің жоғары деңгейде болғандығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді. 2018 жылы Елеке сазында киімі алтынмен қапталған олжа, 17-18 жас аралығындағы ақсүйек жас жігіттің жақсы сақталған қалдықтары табылды. Біз оны шамамен біздің заманымызға дейінгі VIII–VII ғ. ғ. жерленген деп есептейміз. Бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа «Алтын адам» аталып жүр. Бұл ашылулар жыл сайын шетел сарапшылары мен ғалымдарының қатысуымен өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көпшілікке көрсетілетіндігін баса айтқым келеді», дейді биыл Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауынан тоналмаған «Алтын адамды» тапқан археолог Зейнолла Самашев.
Археолог Мемлекет басшысының мақаласы елімізде археологияны дамытуға тың серпін беріп, жаңа ашылуларға жол ашатынын айтады. «Жаңа бағдарлама мен барлық өмірімді арнаған жұмысымның бірнеше қырларымен сәйкес келеді. Бұл Берел қорымынан табылған олжаларда белгіленген «атқа міну мәдениеті» және «аң стилі», еліміздің шығысында орналасқан керемет әдемі артефактілердегі «Ұлы даланың ежелгі металлургиясы». Осындай құнды дүниелерді археология саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытуға арналған облыстық бағдарлама арқылы алдағы үш жылда тереңірек зерттейтін боламыз», дейді З.Самашев.
Облысымыздың Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан археолог, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Әбдеш Төлеубаев Елбасы мақаласында айтылғандай салтаттылық және басқа да көшпенділер мәдениетінің қайталанбас жетістіктері ерте темір дәуірі мен неолит, энеолит, қола мәдениеті аясында пайда болып, дамығанын жеткізді. «Жылқыны қолға үйрету де, кейін оны жегу күші ретінде, содан кейін салт жүріске үйрету – осының барлығы біздің жерімізде басталып, белсенді жүрді. Бұған, Президентіміз атап өткендей, еліміздің солтүстігіндегі «Ботай» қонысындағы қазба материалдары дәлел. Расында да, ауыздық, ер-тоқым, үзеңгі және т.б. ат әбзелдері, орталығы қашанда ежелгі Қазақстан жері болған Ұлы дала белдеуі аумағында ойлап табылған. 2017 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыс Қазақстан экспедициясы Тарбағатай таулары етегінде Темірсу жерінде бүгінге дейін белгісіз болған энеолит дәуіріндегі (қола-темір ғасыры) классикалық ескерткіштерді ашты. Белгілі болғандай, дәл осы энеолит шын мәнінде жылқыны салт жүріске үйрету басталған уақыт болып табылады. Біздің ұлтымыздың Көшбасшысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті әрқашан туған жер мен елдің тарихына айрықша көңіл бөледі. 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жариялады. Осы бағдарлама аясында мәдени мұраларды іздеу мен қайта жаңғырту бағытында көп жұмыс жасалды. Бағдарлама шеңберінде менің басшылығыммен бір топ археолог, Шілікті алқабында патша қорғандарынан бірегей материалдарды ашып, зерттеп, жария етті. Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында архологиялық зерттеулер басталып, мақсатты түрде жүргізілуде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей бастамасы бойынша біздің зерттеу тобымыз бірнеше жыл қатарынан Шілікті алқабының және Тарбағатай таулары етегінде ерте сақ ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде біз Шілікті алқабында және Қарғыба-Базар алқабында хан қорғандарын аштық. №16 қорғанда екі мыңнан астам алтын бұйым – сақ-скифтік аң стилінде жасалынған, «алтын киімнің» тігілмелі шытыралары анықталды. «Адам мен табиғаттың өзара қатынасының символы» деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, шын мәнінде бұл алтын бұйымдар біздің жердегі ежелгі тұрғындардың дүниетанымын көрсететін өнер туындыларының құндылығы ретінде ұсынылады», деген археолог биыл облыс әкімінің қолдауымен жалпы көлемі 504 беттен тұратын «Ерте сақ Шілікті мәдениеті» атты монографиялық суреттердің шығарылатынын тілге тиек етті.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасы мақаласы облыста жүзеге асырылып жатқан өңірлік археологияны дамыту бағдарламасына тың серпін беріп, алдағы уақытта өңірден Ұлы даланың ұлылығын танытатын құнды жәдігерлер табылады деп сенеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы