ERG компаниялар тобы боксит өндіреді, оны өңдеу арқылы металлургиялық глинозем алады. Кәсіпорын жылына 1,5 млн тонна глинозем өндіреді. Компания құрамында «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Майқайыңдағы «Керегетас» әктас кеніші, Қостанайдағы Краснооктябрь, Торғай боксит кен басқармалары бар.
– Атаулы мерейтойлық тоннаның шығарылымы – бұл металлургтердің отандық экономиканың дамуына қосқан үлесі. Өйткені бүгінде алюминий кластері еліміздің металлургия саласының басты тірегі, – дейді «Қазақстан Алюминийі» АҚ президенті Роман Романов.
Облыс орталығының шеткі жағында орналасқан «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ еліміздегі өндірістің негізі. Жыл басынан бері 750 мың тонна глинозем, 2 млн тонна боксит, 1 млн тонна әктас, 127 мың тонна алюминий өндірілген.
Жалпы, алюминий күміс сияқты жарқыраған ақ түсті, өте жеңіл металл. Оңай иіледі, тоттанбайды, электр тогын жақсы өткізеді. Ұшақтан бастап қасық, азық-түлік орайтын алюминий қағазына (фольга) дейін күнделікті өмірде қолданылады. Автобөлшектерді, авиақозғалтқышты, көлік дискілерін жасау үшін алюминийге кремний, мыс, магний қосады.
Өндіріс мамандарының айтуынша, кәсіпорынның ерекшелігі алюминий тотығын құрамдастырылған бірізді «Байер-жентектеу» әдісімен өндіреді. Бұл әдіс әлем бойынша қазақстандық алюминий зауытында ғана қолданылады. Байер әдісі боксит шикізатының химиялық құрамына байланысты жүзеге асады. Зауытта алюминий тотығы шикізат даярлау цехы, гидрометаллургия цехы, жентектеу цехында өндіріледі. Кәсіпорын өндірген алюминий тотығы электролиз зауытына жөнелтіледі.
Жалпы, алып кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы өндірістік қуатты қолдауға, қолданыстағы өндірістік нысандарды қайта құру мен жаңғыртуға, құрылғыларды жөндеп, жаңартуға бағытталған. Биыл 25,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Зауытта іске қосылған жобалардың қатары да аз емес. Мысалы, гидрометаллургиялық цехтың төртінші телімінде буландырғыш қондырғы іске қосылды. Жоба кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының аясында өндірістік тиімділікті және жоспарлы алдын алу жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталды.
Бұдан бөлек, глинозем өндірісіндегі технологиялық үрдістің сенімділігін, үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін шаралар жалғасуда. Газ тазарту қондырғысын қайта жаңарту жөніндегі ұзақмерзімді бағдарламасын іске асыру басталды. Электрсүзгілер біртіндеп еуропалық стандарттардың талаптарына сай келетін заманауи қондырғыларға алмастырылады. Кәсіпорынға қарасты жылу электр орталығының қоршаған ортаға әсерін төмендету мақсатында қажетті заманауи технологияларды орнату үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бұл күндері «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытында өндірістік саланы цифрландыру жолында жаңа технологиялар енгізілуде. Еліміз бойынша алдыңғы қатарлы осындай кәсіпорындар әрі қарай дами берсе, олардың айналасында кіші және орта кәсіпкерлік топтасатыны да сөзсіз. Сонымен бірге кәсіпорын облыс орталығының 40 пайызын жылумен қамтамасыз ететін жылу электр стансасын басқарады. ERG компаниясы мен облыстық әкімдік арасында жасалған меморандумға сәйкес, жыл сайын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңа спорт нысандары ашылып, көпқабатты үйлер бой көтеруде.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР