Әлемдік өркениетке қосқан үлесі күмәнсіз
Әлемде түрлі әлеуметтік-мәдени жаңғырулар болып жатыр. Солардың бірінің жағымды ерекшелігі – бұған дейін белгісіз дәйектерді ұсынғаны. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы өзге елдің өкілі ретінде мен үшін айрықша ақпараттық-танымдық сипатқа ие болып отыр. Мақала Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне, Еуразияның байтақ кеңістігін мекендеген халықтардың өмірін терең зерделеуге үндейді.
Нұрсұлтан Назарбаев өз мемлекетінің мықты лидері, мойындалған халықаралық беделді тұлға ретінде өткеннің объективті тарихын қалыптастыру қазіргі жағдайда мемлекеттік бірлік пен азаматтық патриотизмді нығайтудың бір кепілі екенін айқын түсінеді. Халықаралық қоғамдастықта әлемдік мәдениет отырықшы өмір салты негізінде дамыды деген стереотиптік пікір қалыптасқан болса, Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында көшпенділер өркениетінің рөлі мен маңызына жаңаша қарауды ұсынады. Көшпенділер ойлап тапқан және кейіннен бүкіл адамзаттың дамуында елеулі қызмет атқарған жаңалықтар туралы нақты мысалдар келтіреді. Қазақстанның еуразиялық, түркілік тарихты және соның нәтижесінде әлемдік тарих пен мәдениеттің бір бөлігін қалыптастыруға қосқан үлесі күмәнсіз. Бұған Еуропа мен Азияның арасында жатқан Қазақстан аумағының түрлі өркениеттерді, мәдениеттер мен халықтарды жалғастырып, өзара байытушы көпір болғандығы да негізгі алғышарт болып отыр.
В.Стевичтің бұл пікірін «ҚазАқпарат» агенттігі жариялады.
Велибор СТЕВИЧ,
Сербия инновация ғылымдары Корольдік академиясының төраға орынбасары, саясаттанушы
Ұлттық сана көкжиегін кеңейтеді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзі атап өткендей «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрді.
Мақалада Ұлы дала елінің бүгінгі мұрагері тәуелсіз, бірлігі мен берекелі тыныс-тіршілігі ұйысқан еліміздің әлемдік өркениетте алатын орны айқындалған. Бүгінгі Қазақстан сан ғасырлық тарихтың ғана емес, әлемдік өркениет қазынасына енетін бай мәдени игіліктің иесі екендігін зерделеу, насихаттау аса маңызды міндет екендігі көрсетілген. Себебі қым-қиғаш оқиғаларға толы жаһандық үдерістерде кез келген ел мен мемлекеттің бүгінгі әлеуетін ғана емес, өткен замандардың даңқты парақтарының мұрагерлері ретіндегі жағымды бейнесін де әлемге танытудың маңызы ерекше.
Егер, мәдениет кез келген халықтың, мемлекеттің бет-бейнесін айқындайды, негізгі құндылықтарын қалыптастырады десек, мақалада Ұлы даланың адамзат өркениетіне серпін берген озық технологиялардан бастап, рухани құндылықтары мен жасампаз рухының қалыптасуының сипаты, негіздері мен ерекшеліктері айқын көрсетілген.
Біздің жерімізден бастау алған, атақты «Ботай» қонысы арқылы әлем ғалымдары мойындаған жылқыны қолға үйрету мен атқа міну мәдениеті, жылқы шаруашылығы, металлургия ісі, «аң стилі» атанған зергерлік өнер ата-бабаларымыздың аса жоғары өркениет өкілдері ретінде көшпелі және отырықшы мәдениетті тоғыстыра отырып, өзіндік ерекше әлем қалыптастырғандығын көрсетеді. Нәтижесінде Ұлы Жібек жолының бойымен сауда байланыстары жүзеге асып қана қоймай, әртүрлі мәдениеттердің үлгілері де кең тарап, ежелгі Қазақстан аумағы түрлі мәдениеттердің тоғысқан аумағына айналды. Ұлы даланың өзіндік рухы мен қайталанбас сипатын «Алтын адам» атанған сән-салтанаты мен даңқы қатар жарасқан даңқты билеушілер басқарған, қуатты мемлекеттер айқындай түсті. Тасқа қашалып, мәңгілікке жазылған руна жазулары мен онда баяндалған ерлік тарихы қайталанбас өр рух пен ата-бабаларымыздың дүниетанымы мен құндылықтарынан, озық мәдениетінен сыр шертеді. Осылайша Ұлы дала елі интеллектуалдық дамудың да тұғырына көтеріліп, оның небір даңқты перзенттері, соның ішінде адамзаттың «екінші ұстазы» атанған әл-Фараби сынды тұлғалар дүниеге келді.
Елбасы мақаласының тағы бір ерекше маңызы ұлттың рухын күшейтіп, болашаққа деген сенімін нығайтады. Себебі адамзат өркениетінің көптеген мәдени және технологиялық жетістіктері біздің жерімізден бастау алып, әлем жұртшылығына тарағанын білу, өзінің қайталанбас сипаты бар өркениет қалыптастырған елдің ұрпағы екендігіңді сезіну барша қазақстандықтардың, соның ішінде жас ұрпақтың бойындағы елімізге, өзімізге деген құрметті арттырып, кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатып қана коймай, оларды рухтандырып, болашаққа сенімін нығайтады. Ұлттық сананың көкжиегін кеңейтіп, отарсыздандыру үдерісін жылдамдатады.
Жақын арада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Елбасы мақаласында айтылған жасампаз тарихымыздың жеті қырынан сыр шертетін «Қазақ елі» тарихи-көркемдік кешені ашылады. Бұл кешен студент жастардың бойындағы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәстүріміз бен тілімізді, мәдениетімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтқан. Әрине бұл Елбасы бастамаларын жүзеге асырудағы бір ғана қадам.
Ғалымқайыр МҰТАНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик