Конференцияда алғы сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл маңызды форум Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жиын екеніне тоқталды.
– Шын мәнінде, әлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа экономиканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің шекарасы бекітіліп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Бүгін міне, бірлігі жарасқан, болашағы жарқын, тәуелсіз еліміз бүкіл әлем таныған абыройлы, беделді және мәртебелі мемлекетке айналды, – деді Н.Нығматулин.
Осының барлығы Елбасымыздың ерен еңбегінің, сонымен бірге әрқашан да Президентімізге тірек болып, қолдау білдірген халқымыздың береке-бірлігінің жемісі екенін атап өткен Мәжіліс Төрағасы дәстүрлі конференция Мемлекет басшысының елімізді дамыту жолындағы тарихи ерліктерін, халықаралық батыл қадамдарын ұрпаққа жеткізуге арналған игі шара екеніне тоқталды.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Елбасының ұлы ерліктерінің бірі Астана екенін атап өтіп, биыл 20 жыл толған бас қаламыз бүгінде отандық және халықаралық ірі бастамалардың орталығына айналғанына ерекше назар аударды.
– Мысалы, конфессия және өркениетаралық диалогты көздейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезі біздің елімізде, осы Астанада өтті. Өткен жылы мемлекетімізде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де өткізілді.
Бүкіл әлем назарын аударған Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Сондықтан бүгінгі конференцияда жеткен жетістіктермен қатар, жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің маңызды сұрақтары талқыланады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мұнан соң Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөз алып, Елбасы саясатының басым бағыттарын атап өтті.
– Биыл сыртқы саясатта өзгерістер көп болды. Тәуелсіз Қазақстан одан әрі нығая түсті. Әсіресе елордамыз Астананың 20 жылдығының ауқымды халықаралық деңгейде тойланғанын ерекше атап өтуге болады. Қазақстандық дипломатияның біртіндеп дамуы, біздің халықаралық арендағы рөліміз, ішкі саяси-экономикалық реформаларымыз елорданың дамуына оң әсерін тигізіп отыр деп үлкен сеніммен айтуға болады. Елбасының дұрыс жүргізген сыртқы саясатының арқасында Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылық генераторы, қарқынды гүлдену, даму моделі ретінде қабылданады, – деді Қ.Әбдірахманов.
Ол сонымен қатар Астана ашықтық, толеранттық, әріптестік символына айналғанын атап өтті.
Ал Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығарушы палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов қазақ-өзбек қарым-қатынастарының ең жарқын сәттерін жіктеп, бауырлас мемлекеттер арасындағы достық пен сенім және оны қалыптастырудағы Елбасының рөлі туралы айтты.
– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы ең басты стратегиялық шешімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстандағы президенттік билік өзінің тарихи міндетін жарқын үлгіде атқара алғанын сенімді айтуға болады. Өзбекстанда Нұрсұлтан Әбішұлының жеке қасиеттері әрқашан да жоғары бағалануда. Тәуелсіздік жылдарында екі ел басшылығы арасында мейірімді, ашық әрі достық қатынастар қалыптасты. Сәйкесінше бұл бағыттағы қадамдар бауырлас халықтардың байланысына оңтайлы ықпал етті. Біз Өзбекстанда Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен танысып шықтық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы секілді бұл жолғы мақалада да көтерілген тақырыптар Қазақстан халқының ұлы болашағына жол сілтейтін тереңнен ойластырылған бағыттар. Онда қамтылған идеялардың маңыздылығы зор, – деді Н.Исмоилов.
Қазақстан мен оның Президентіне деген ықыласын Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі Төрағасының бірінші орынбасары Зияфет Аскеров те ерекше атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын құру, қарусыздану, мультимәдени диалог қалыптастыру, төзімділікке тарту, өзара түсіністік халықаралық қарым-қатынастарды дамытуда өте жоғары маңызға ие.
– Халықаралық саясатта пікірталас алаңына және ешқандай қоспасыз, өркениеттер диалогінің мойындалған орталығына айналған Қазақстанның рөлі өте жоғары. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шиеленістерді бейбіт жолмен шешуге бағытталған маңызды бастамалары құнды. Оның ішінде аймақтағы тұрақтылық, бейбітшілікті сақтау, экономикалық өркендеу жолындағы игі қадам ретінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күш салуымен қол қойылған тарихи құжат – Каспий конвенциясын ерекше атап өткім келеді. Біз мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді З.Аскеров.
Ал Италия Республикасы Парламенті Депутаттар палатасы Төрағасының орынбасары Этторе Розато сөзінің басында Рим мен Астана арасындағы достық Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен қалыптасқанына тоқталды. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекеттердің бірі саналатын Италия осы жылдар ішінде өзара қарым-қатынастардың дамуына мүдделілік танытып келеді.
– Астананы салу – Президенттеріңіздің ерік-жігерінің, елдің күш жұмылдыруының нәтижесі. Бейбітсүйгіштік әлеуеті жоғары Қазақстан мен Италияның саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Италияға бірнеше рет сапарлауы Астананың Римге деген түзу көзқарасының нәтижесі деп есептеймін. Оған қоса, Италияның жоғарғы басшыларының да Қазақстанға бірнеше рет келгендігі Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне деген құрмет деп білемін. Бүгінде Италия Қазақстанмен сауда байланысы жолға қойылған мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Италия қай уақытта да Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамалары мен ұсыныстарын қолдап келеді, – деді Э.Розато.
Жиында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Төрағасының орынбасары Әсел Кодуранова біздің еліміздің табыстары мен жетістіктері туралы жақсы білетіндігін айтты.
– Әлемдік рейтингілерде алдыңғы қатарлы орындарға қарай белсенді ілгерілеп, халықаралық аренада маңызды ойыншылардың біріне айналдыңыздар. Атап айтқанда, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін алуы елдеріңізге әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары сенім бар екенін көрсетті. Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып осы беделді ұйымда қызмет еттіңіздер, – деді Әсел Кодуранова.
Литва Республикасының Сеймі Төрағасының орынбасары Ремигиус Жемайтайтис еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі кезінде халықаралық шиеленістерді реттеуде елеулі ықпалын тигізгендігін ерекше атап өтті.
– Қазақстан Орталық Азия елдері арасында өзінің маңызды географиялық жағдайымен, мәдениетімен, табиғи ресурстар байлығымен ерекшеленіп тұр. Атап айтқанда, Қазақстан – Литваның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Біздің елдер табысты түрде дамып келеді және өзара достық қатынастар мен екіжақты саяси диалог орнатылған. Қазақстан ЕО-ның маңызды серіктесі екенін білесіздер. Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін, Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі кезінде халықаралық шиеленістерді реттеуде және лаңкестікпен күрес бағытында елеулі ықпалын тигізді, – деді Р.Жемайтайтис.
Ал Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверов өз сөзінде Елбасы мен Астананың халықаралық саясаттағы орны жайында оң пікірлерін айтты.
– Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы достық, тату көршілік және стратегиялық көзқарастардың бір болуымен сипатталады. Екі елдің байланысы мемлекеттер басшыларының саяси сенімі, достық пиғылымен негізделеді. Президенттеріміз көп мәселеде қоян-қолтық жұмыс жасап, халықаралық аренада бір-біріне тіреу болып келеді, – деді С.Неверов.
Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысы төрағасының орынбасары Мұстафа Шентоп Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын бауырлас түркі жұрты бөріктерін аспанға атып, қуана оқығанын жеткізді.
– Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақалада түркі дүниесінің тұтастығын паш етіп, келер 50 жылды баяндап бергендей әсер алдым. Біздерге жаңа бағыт көрсетті. Келер ұрпақ үлгі-өнеге алатын дүние. Өйткені тарихын білген адамның болашағы жарқын болады, – деді Мұстафа Шентоп.
Айта кетерлігі, конференция барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Мәселен, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен жүздесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың болашақ бағыттарын талқыласа, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі Төрағасының бірінші орынбасары Зияфет Аскеровпен кездесуінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Н.Нығматулиннің Түркі Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Мұстафа Шентоппен кездесуінде Қазақстан-Түркия парламентаралық ынтымақтастығының перспективалық бағыттары туралы айтылды.
Н.Нығматулин Литва Республикасының Сеймі Төрағасының орынбасары Ремигиус Жемайтайтиспен парламентаралық диалогті нығайту қажеттігіне назар аударса, Қырғызстан Парламентінің вице-спикері Әсел Кодурановамен әңгімелесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстан және Қырғызстан парламентшілерінің екі ел арасындағы әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігінің өзара байланысына тоқталды.
Жиын аясында «Астана векторы: сенімділік, қауіпсіздік және ынтымақтастық» және «Қазақстандық жаһандық бастамалары – бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілету» тақырыптары бойынша отырыстар өтті.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»