Парламент • 27 Қараша, 2018

Елбасы – жаһандық тұрақтылық пен татулық дәнекері

559 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанада Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Астана – жаһандық интеграция, қауіпсіздік және бейбітшілік орталығы» халықаралық парламенттік конференциясы өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған жиын жұмысына Италия, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Литва және Өзбекстан Парламенті өкілдері, сондай-ақ Германия, Үндістан, Қытай, Швеция және басқа елдердің сарапшылары мен халықаралық ұйым мүшелері қатысты.

Елбасы – жаһандық тұрақтылық пен татулық дәнекері

Конференцияда алғы сөз сөй­леген Мәжіліс Төрағасы  Нұрлан Нығ­матулин бұл маңызды форум Тұңғыш Президент күні қар­саңында жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі жиын екеніне тоқталды.

– Шын мәнінде, әлемдік саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген, салиқалы саясатының арқасында жаңа Қазақстанның, жаңа эконо­миканың, жаңа қоғамның іргесі қаланды. Мемлекеттің шекарасы бекітіліп, дамудың қазақстандық жолы қалыптасты. Бүгін міне, бір­лігі жарасқан, болашағы жар­қын, тәуелсіз еліміз бүкіл әлем таны­ған абыройлы, беделді және мәр­тебелі мемлекетке айналды, – деді Н.Нығматулин. 

Осының барлығы Елба­сы­мыздың ерен еңбегінің, сонымен бірге әрқашан да Президентімізге тірек болып, қолдау білдірген халқымыздың береке-бірлігінің жемісі екенін атап өткен Мәжіліс Төрағасы дәстүрлі конференция Мемлекет басшысының елі­мізді дамыту жолындағы тари­хи ерліктерін, халықаралық батыл қадамдарын ұрпаққа жеткі­зуге арналған игі шара екеніне тоқ­талды. 

Сонымен қатар Мәжіліс Төр­а­ғасы Елбасының ұлы ерлік­терінің бірі Астана екенін атап өтіп,  биыл 20 жыл толған бас қала­­мыз бүгінде отандық және халық­аралық ірі бастамалардың орталығына айналғанына ерекше назар аударды.

– Мысалы, конфессия және өркениетаралық диалогты көздей­тін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезі біздің елімізде, осы Ас­танада өтті. Өткен жылы мемле­кетімізде ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі де өткізілді. 

Бүкіл әлем назарын аударған Сирия дағдарысы бойынша Астана про­цесінде жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.

Сондықтан бүгінгі конференцияда жеткен жетістіктермен қатар, жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бейбітшіліктің ма­ңызды сұрақтары тал­қыла­нады, –  деді Нұрлан Нығматулин.

Мұнан соң Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөз алып, Елбасы саясатының басым бағыттарын атап өтті.

– Биыл сыртқы саясатта өзгерістер көп болды. Тәуелсіз Қазақстан одан әрі ны­ғая түсті. Әсіресе елордамыз Ас­тананың 20 жылдығының ау­қымды ха­лықаралық деңгейде той­лан­ғанын ерекше атап өтуге болады. Қазақстандық дип­ло­ма­тия­ның біртіндеп дамуы, біздің халықаралық арен­дағы рөліміз, ішкі саяси-эконо­ми­ка­лық реформаларымыз елор­даның дамуына оң әсерін тигізіп отыр деп үлкен сеніммен ай­туға болады. Елбасының дұ­рыс жүргізген сыртқы саяса­ты­ның арқасында Қазақстан ха­лықаралық аренада тұрақ­ты­лық генераторы, қарқынды гүлде­ну, даму моделі ретінде қа­был­данады, – деді Қ.Әбдірах­манов.

Ол сонымен қатар Астана ашық­­тық, толеранттық, әріптес­тік символына айналғанын атап өтті. 

Ал Өзбекстан  Олий Мажлисі Заң шыға­рушы палатасының спи­кері Нурдинжон Исмои­лов қазақ-өзбек қарым-қатынас­тарының ең жарқын сәттерін жіктеп, бауырлас мемлекеттер ара­сын­дағы дос­тық пен сенім және оны қалып­тастырудағы Елба­сы­ның рөлі туралы айтты. 

– Тәуелсіздік жылдарын­да Қазақстандағы ең басты стра­тегиялық шешімдер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен жүзеге асырылды. Бүгінде Қазақстандағы президенттік билік өзінің тарихи міндетін жарқын үлгіде атқара алғанын сенімді айтуға болады. Өзбекстанда Нұрсұлтан Әбішұлының жеке қасиеттері әрқашан да жоғары бағалануда. Тәуелсіздік жылдарында екі ел басшылығы арасында мейірімді, ашық әрі достық қатынастар қалыптасты. Сәйкесінше бұл бағыттағы қадамдар бауыр­лас халықтардың байланысына оңтайлы ықпал етті. Біз Өз­бек­станда Қазақстан Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» ат­ты мақаласымен танысып шық­тық. «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы секілді бұл жолғы ма­қалада да көтерілген тақырыптар Қазақстан халқының ұлы бо­ла­шағына жол сілтейтін тереңнен ой­ластырылған бағыттар. Онда қамтылған идеялардың маңыз­дылығы зор, – деді Н.Исмоилов.

Қазақстан мен оның Прези­ден­тіне деген ықыласын Әзер­бай­жан Республикасы Милли Мед­жлисі Төрағасының бірінші орын­басары Зияфет Аскеров те ерек­ше атап өтті. Оның айтуынша, ха­лықаралық қауіп­сіздіктің жа­ңа архитектурасын құру, қару­сыздану, мульти­мәдени диалог қалыптастыру, төзім­ді­лікке тарту, өзара түсініс­тік халық­аралық қарым-қаты­настарды дамытуда өте жоғары маңызға ие. 

– Халықаралық саясатта пі­кір­талас алаңына және ешқан­­дай қоспасыз, өркениет­тер диа­ло­­гінің мойындал­ған орта­лы­ғына айналған Қазақстанның рөлі өте жоғары. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың халықаралық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету, шиеленіс­терді бейбіт жолмен шешуге бағыт­талған маңызды бастамалары құнды. Оның ішінде аймақтағы тұ­рақтылық, бейбітшілікті сақ­тау, экономикалық өркендеу жолындағы игі қадам ретінде Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев­­тың күш салуымен қол қойыл­ған тарихи құжат – Каспий кон­вен­циясын ерекше атап өткім келеді. Біз мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді З.Аскеров. 

Ал Италия Республикасы Пар­ламенті Депутаттар палатасы Төрағасының орынбасары Этто­ре Розато сөзінің басында Рим мен Астана арасындағы дос­тық Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен қалыптасқанына тоқтал­ды. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет­тердің бірі саналатын Италия осы жылдар ішінде өзара қарым-қа­ты­настардың дамуына мүдделілік танытып келеді.

– Астананы салу – Президент­теріңіздің ерік-жігерінің, елдің күш жұмылдыруының нәтижесі. Бейбітсүйгіштік әлеуеті жоғары Қазақстан мен Италияның саяси, сауда-экономикалық қарым-қатынасы жоғары деңгейде да­мып келеді. Президент Нұрсұл­тан Назарбаевтың Италия­ға бірнеше рет сапарлауы Ас­та­наның Римге деген түзу көзқа­ра­сының нәтижесі деп есептеймін. Оған қоса, Италияның жоғарғы бас­шыларының да Қазақстанға бірнеше рет келгендігі Ор­талық Азияның көшбасшы мем­лекетіне деген құрмет деп білемін. Бүгінде Италия Қазақ­станмен сауда байланысы жол­ға қойылған мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Италия қай уақытта да Қазақстанның ха­лықаралық аренадағы бастамалары мен ұсыныстарын қолдап келеді,  – деді Э.Розато.   

Жиында Қырғыз Респуб­ли­­касы Жогорку Кенеші Төра­ғас­ының орынбасары Әсел Ко­дуранова біздің еліміздің табыс­тары мен жетістіктері туралы жақсы білетіндігін айтты. 

– Әлемдік рейтингілерде алдыңғы қатарлы орындарға қа­­рай белсенді ілгерілеп, ха­лық­­аралық аренада маңызды ойын­шылардың біріне айнал­дың­ыздар. Атап айтқанда, Қазақ­станның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі мәрте­бесін алуы елдеріңізге әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары сенім бар екенін көрсетті. Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып осы беделді ұйымда қызмет еттіңіздер, – деді Әсел Кодуранова. 

Литва Республикасының Сей­мі Төр­ағасының орынбасары Реми­гиус Жемайтайтис еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мү­ше­­лігі кезінде халықаралық шие­­­леністерді реттеуде елеулі ық­па­лын тигізгендігін ерекше атап өтті. 

– Қазақстан Орталық Азия елдері арасында өзінің маңызды географиялық жағдайымен, мәде­­ниетімен, табиғи ресурс­тар бай­лығымен ерекшеленіп тұр. Атап айтқанда, Қазақстан – Литва­ның Орталық Азиядағы маңыз­ды серіктесі. Біздің елдер табыс­ты түрде дамып келеді және өзара достық қатынастар мен екі­жақты саяси диалог ор­на­тылған. Қазақстан ЕО-ның маңызды серіктесі екенін біле­сіздер. Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін, Қазақстан Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етіп келеді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі кезінде халықаралық шиеленістерді реттеуде және лаңкестікпен күрес бағытында елеулі ықпалын тигізді, – деді Р.Жемайтайтис. 

Ал Ресей Федерациясы Феде­ралдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверов өз сөзінде Елбасы мен Астананың халықаралық саясаттағы орны жайында оң пікірлерін айтты. 

– Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы достық, тату көршілік және стратегиялық көзқарастардың бір болуымен сипатталады. Екі елдің байланысы мемлекеттер басшыларының саяси сенімі, достық пиғылымен негізделеді. Президенттеріміз көп мәселеде қоян-қолтық жұмыс жасап, халықаралық аренада бір-біріне тіреу болып келеді, – деді С.Неверов. 

Түркия Республикасының Ұлы Ұлттық Жиналысы төра­ға­сының орынбасары Мұстафа Шентоп Қазақстан Президен­тінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын бауырлас түркі жұрты бөріктерін аспанға атып, қуана оқығанын жеткізді. 

– Нұрсұлтан Назарбаев бұл мақалада түркі дүниесінің тұ­тас­тығын паш етіп, келер 50 жылды баяндап бергендей әсер алдым. Біздерге жаңа бағыт көрсетті. Келер ұрпақ үлгі-өнеге алатын дүние. Өйткені тарихын білген адамның болашағы жарқын болады, – деді Мұстафа Шентоп.

Айта кетерлігі, конференция барысында Мәжіліс Төра­ғасы Нұрлан Нығматулин бірқа­тар екіжақты кездесу өт­кізді. Мәселен, Ресей Федера­циясы Федералдық Жиналы­сы Мем­лекеттік Думасы Төраға­сының орын­басары Сергей Неве­ров­пен жүздесу барысында Қазақ­стан мен Ресей арасын­дағы парламентаралық өзара іс-қи­мылдың болашақ бағыт­тарын тал­қыласа, Әзербайжан Рес­пуб­ликасы Милли Меджлисі Төра­ғасының бірінші орынба­сары Зияфет Аскеровпен кездесуінде Каспий теңізінің құқық­­тық мәртебесі туралы кон­­вен­цияға қол қоюдың маңыз­ды­­лығын атап өтті. Сондай-ақ Н.Нығ­ма­тулиннің Түркі Рес­пуб­лика­сының Ұлы Ұлттық Жи­налысы Тө­рағасының орын­басары Мұс­тафа Шентоппен кездесуін­де Қа­зақстан-Түркия пар­ла­мент­аралық ынтымақтастығының перс­пективалық бағыттары туралы айтылды. 

Н.Нығматулин Литва Респуб­ли­касының Сеймі Төраға­сының орынбасары Ремигиус Же­май­тайтиспен парламентаралық диалогті нығайту қажеттігіне назар аударса, Қырғызстан Пар­ламентінің вице-спикері Әсел Кодурановамен әңгімелесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақ­стан және Қырғызстан парла­мент­шілерінің екі ел арасындағы әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігінің өзара байланысына тоқталды.

Жиын аясында «Астана векторы: сенімділік, қауіпсіздік және ынтымақтастық» және «Қа­­зақ­­стандық жаһандық бас­та­ма­­лары – бейбітшілік пен келі­­сім идеясын ілгерілету» тақы­рып­тары бойынша отырыс­тар өтті.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»