Қаржылық құжаттарға маңыз берілді
Жалпы отырыста сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2019-2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңды қабылдады.
Қазақстанның Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің шешіміне сәйкес Ұлттық қордан 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2019 жылға – 2 450,0 млрд теңге, 2020 жылға – 2 300,0 млрд теңге, 2021 жылға – 2 000,0 млрд теңге болып айқындалған.
Ал 2019-2021 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің айқындалған мөлшерлері Ұлттық қордағы қаражаттың тиісті қаржы жылының соңына ішкі жалпы өнімнің болжамды мәнінен 30 пайыз мөлшерінде төмендемейтін қалдық бойынша шарттың орындалуын қамтамасыз етеді.
Заңды қабылдау бюджеттің және Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ үшжылдық кезеңде мұнайдан тыс тапшылықты төмендетуге мүмкіндік бермек.
Отырыста Қаржы министрі Әлихан Смайылов сенаторларға «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды.
2019 жылға Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжамы мұнайды өндіру көлемі 88,0 млн тонна, мұнайдың әлемдік бағасы 1 баррельге 60 доллар және теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 350 теңге болуы ескеріле отырып есептелген.
Заң жобасын талқылау барысында Сенаттың комитеттері мен депутаттарынан заң жобасына мемлекеттің тыныс-тіршілігінің түрлі салаларына қатысты өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар келіп түсті.
Отырыста қосымша баяндама жасаған Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 19 қарашада сот жүйесін жаңғырту және ішкі істер органдары қызметі мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау үшін республикалық бюджет жобасында 123, 8 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылға 34,1 млрд теңге сомасында қосымша қаражат көзделгенін атап өтті.
Сенаторлар Үкімет мүшелері мен Ұлттық банкінің басшылығына көптеген сауал қойып, бюджет үдерістерін жетілдіруге байланысты өткір сын-ескертулері мен маңызды ұсыныстарын айтты. Еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жоба бойынша қажетті түсініктеме берді.
Талқылауды қорытындылай келіп, Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев үшжылдық бюджетте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сапасын жақсартуға байланысты тапсырмаларын орындау көзделіп отырғанын атап өтті. Ол Сенат депутаттары көтерген өзекті мәселелерге Үкімет мұқият назар аударып, олардың оң шешімін табу бойынша кешенді жұмыс жүргізеді деп сенім білдіретінін жеткізді.
Заң жобасы сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске қайта жіберілді.
Әуедегі қауіпсіздіктің тетігі
Сенат жалпы отырыста, сондай-ақ Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны және Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттаманы ратификациялады.
1963 жылы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенция әуе кемесінің бортында жасалатын қылмыстар мен өзге де актілерге қатысты юрисдикцияны мемлекеттердің жүзеге асыруы тәртібін белгілейді. Әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың немесе мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстар мен актілерді жасайтын адамдарға қатысты әуе кемесі командирінің өкілеттіктері айқындалды.
2014 жылы 4 сәуірде Монреальда (Канада) қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір басқа да актілер туралы конвенцияны өзгертетін хаттама уағдаласушы мемлекет, егер ол әуе кемесін пайдаланушы болып табылса, әуе кемесінің бортында жасалған қылмысқа қатысты өз қылмыстық юрисдикциясын белгілей алатынын реттейді. Қазіргі кезде бұл Конвенцияға 186 ел қосылып отыр.
Хаттамаға сәйкес әуе кемесіндегі күзет қызметкері, экипаждың кез келген мүшесі немесе жолаушы командирдің рұқсатынсыз ақылға қонымды алдын алу шараларын қолдана алады.
Әуе кемесінің командирі аумағында әуе кемесі қонатын кез келген уағдаласушы мемлекеттің құзыретті органдарына әуе кемесінің бортында қылмыс болып табылатын акт жасады деп пайымдауға негіз болған кез келген адамды бере алады.
Отырыста, сондай-ақ Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенция және Әуе кемелерін заңсыз басып алуға қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын хаттама да ратификацияланды.
Хаттама қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы ұшырып әкетудің алуан түрлерін қоса отырып, әуе кемесін заңсыз басып алу актілерінің тізімін кеңейтеді. Қылмыстың жетекшілері мен ұйымдастырушыларына қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ құқық бұзушыға тергеуден, қуғындалудан немесе жазадан құтылып кетуге талпыныстарына көмектескен адамдарға жауаптылық белгіленеді.
Отырыс барысында сенатор Бірғаным Әйтімова тарихи қорымдарға қазба жұмыстары туралы, Сәрсенбай Еңсегенов төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру туралы сауал жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»