Бұған қаламгерлердің бірін-бірі мүлде оқымайтыны да себеп. Неге оқымайды? Оқиын десе, ой-пікір айтатын, жазайын десе еңбегі еш, ештеңеге татымайтын болғасын шығар? (Әйтпесе, бір жас әнші бір тойда бірер ән айтқаны үшін пәленбай мың доллар алып жатса, ал романы үшін айтуға ауыз бармайтын бірдеме алатыны есіне түссе, әдебиетті оқуға ықыласы қайдан ояна қойсын...). Әйтсе де, өз күнін өзі көріп жүрген қаламгерлердің кітаптарының жарық көріп жатқанына шүкіршілік.
* * *
Кейде сауал қойылды: «Қазақ әдебиетінде құбылыс болған көркем туындыны атай аласыз ба?» дейді. Құбылыс? Бұл тым үлкен ұғым ғой. Әдебиеттегі құбылыс жылда бола беретін кезектегі жай емес, кезеңінде бір, дәуірінде бір бой көрсететін сирек оқиға. Әрине, былайғы уақытта әдеби өмірге жылдың табысы дейтін ұғым жетіп жатады. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің өзіне лайық қарым-қарқынын байқауға болады. Оның бір көрінісі – жылда өтетін әдеби жыл қорытындысы. Баяндамашылар жылдың табысы болар шығармаларды атап жатады. Бірақ ол одан әрмен насихатталмайды да, тез ұмытылады. Оқырман мен сыншылар назарынан да тыс қалады. Жақсының да желкенін көтеретін демеу сөз екенін ұмытпайық.
* * *
Не жазылды, қалай жазылды, нені жазуымыз керек секілді шығармашылық сауалдар тік көтеріліп ортаға салынса, қазақ әдебиетінің абыройын асыратын бағыттардың айдыны көрсетілсе, қайда бара жатканымыз бен қалай бара жатқанымыз жайлы ашығын айта алсақ – құп, өйткені қаламгерді қазақ халқының басқа жұртпен қатар өркениетке енуі, толғандыруы тиіс деп ойлаймын. Бұған қаламгерлеріміз бірінші лекте жауапты дер едім. Осы орайда Міржақып Дулатовтың осыдан жүз жыл бұрын айтқан мына бір сөзі жаңғырақ салады: «...әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес». Бір сәт осындай ұлыларымыздың ұлағатына да құлақ түріп көкірегімізге қоңырау шалдырып қойғанымыз артық болмас-ау осы деймін.
* * *
Көркем әдебиетке кім де болса кейіпкер бола алады. Ал ол тұлға бола ала ма, жоқ басқа бола ма, ол – басты мәселе емес. Мәселе, қаламгердің кейіпкерін қалай сомдауында. Қандай тұрғыда, қандай формада, қандай көркемдік деңгейде кейіптеуінде. Сәтті шыққан кез келген кейіпкер шығармаға тұлға бола алады. Көркем әдебиетке тұлға боларлық біздің заманның кейіпкерінің белгілі адресі, мамандығы жоқ. Оның тұлғасын жасайтын, тұлғаны тірілтетін – қаламгердің қаламы, дарыны. Оны танып-біліп, бағалау оқырманның қалауында.
* * *
Қай кезде де қазақ әдебиетінің беделі оның қаламгерлерінің беделімен өлшенген. Алыптарымыз бар кезде қандай еді, оған ілесе дүркірей шыққан дарындарымыз қандай еді. Олардың өнегесі, ісі мен сөзі қандай еді? Олар бірлікке сызат түсірмеген. Бізге де керегі сол. Абыройы мен беделі бәрімізге ортақ.
* * *
Кітап өтпейді, кітап жетпейді деуші едік, қазір кітап оқылмайды деп кесіп айтатын болдық. Оған бәрі (Автор, баспагер, дүкенші, оқырман) куә. Автор алақанын жайып отыр, баспагер шарасыз, дүкенші алушыға зар, оқырман интернетке кеткен. Сірә, енді қайырылмайды.
Кітап. Қасиетті еді, қадірлі еді. Қолдан түспейтін, көңілден кетпейтін. Сырласуға болатын, сыйға тартылатын. Мұның бәрі бұрынғы күннің шындығы. Қазіргі күннің шындығы кітабың керексіз, бағасы жоқ, басы артық дүниеге айналған.
Бұрын кітап көп шығатын. Жылдан-жылға таралымы да өсіңкі еді. Расына келсек ол кезде де кітаптардың оқылатыны болатын, оқылмайтыны да жетерлік болды. Ел есінде қалған тамаша туындылар, етжақынымыздай болып кеткен ақын жазушылырымыздың есімдері жадымызда жаңғырығады. Әр үйден міндетті түрде табылатын айтулы, әйгілі кітаптарды айтам. Ұмытыла бастағандары қаншама. Кітапхана қорында болғанымен ұрпақтың ойында жоқ.
Кінәліні іздемей-ақ қояйық, бәрібір іздеп таппайсың. Өткеннің алғауы аңсаумен аяқталады.
Жақау Дәуренбеков,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері