Аймақтар • 27 Қараша, 2018

Ақтөбеде жетпіс мың адамның жалақысы өседі

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында еңбекақы мөлшерін өсіру мен реттеу мәселелерін талдайтын арнайы жұмыс тобы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін іле-шала құрылған-ды. Топ мүшелері ең алдымен аймақтағы айлық жалақылары 42 500 теңгеден төмен халық санын анықтауды көздеген болатын.

Ақтөбеде жетпіс мың адамның жалақысы өседі

Яғни, бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер және мониторингтік бақылаулар нәтиже­лері облыста жоғарыда аталған кате­го­рияға кіретін жұмыс істеушілер қатары тұп-тура 70 мың екенін көрсетеді. Оның 32 мыңы – бюджет саласының қызметкерлері. Бұл ретте бірінші кезекте білім беру саласында қызмет істейтін ма­ман­дардың жалақы мөлшерін көбей­туге басымдық берілді. Жұмыс тобы өңірде аталған санатта 25 мыңнан астам қызметкер бар деп мәлімдеді. Олардың еңбекақылары орташа есеппен алғанда 48 600 теңгеге дейін өседі деп күтілуде.

Осы орайда облыстағы жалақы мөлшерін өсіру жөніндегі нақты іс-қимылдар экономикалық және әлеуметтік сектордың барлық саласына қатысты екенін айтқан жөн. Бұл ретте бүгінде өңірде 15 872 жекеменшік иелері мен шағын компания бар екені де ұдайы назарда болып келеді. Арнайы жұмыс тобы бұл құрылымдарда жалақылары 42 500 теңгеден төмен 39 мыңға жуық адам бар екенін де шотқа түсірді. 

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі күні облыста ең төмен жалақы алатын азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Тақырыпқа орай өз ой-пікірін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев газет тілшісіне былайша жеткізді:

– Жалақы – адамдардың әлеу­мет­­­тік көңіл-күйіне әсер ететін нәзік те шетін әрі күрделі мәсе­ле. Оны реттеу мен өсіру жөнін­дегі іс-ша­ралар үстірттік пен формаль­ді­лік­ті көтермейді. Біз өңірдегі бар­лық ірі және орта кәсіпорын жетек­ші­лері мен арнайы жұмыс тобы мү­ше­лері­нің осы жайтты назардан тыс қалдырмауын айтып келе­міз. Бұл ретте тек статистикалық мә­лі­­меттерге ғана арқа сүйеу аздық етері анық. Яғни, істің жағдайын уа­қыт тоздырмай тез арада әрі тиіс­ті жер­де шешу нақты нәтижеге жақын­да­та түспек. Бүгінде  бәріміздің алға қойып отырған мақсатымыз осындай. 

Қазіргі күні өңірдегі барлық жұ­мыс беруші Президенттің тап­сыр­масына орай 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап жалақыны көтеруді жүзеге асыруға бір кісідей жұмылған.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ