Руханият • 27 Қараша, 2018

Түркияның Бурса қаласында қазақ суретшілерінің көрмесі ашылды

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркияның Бурса қаласында еліміздегі айтулы қылқалам шеберлерінің  іргелі еңбектерінің басын біріктірген  «Ұлы дала рухы» көрмесі ашылды. Бауырлас елдің өнер сүйер қауымына ұсынылған көшпелі көрме ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының мұрындық болуымен шымылдығын түріп отыр.

Түркияның Бурса қаласында қазақ суретшілерінің көрмесі ашылды

«Ұлы Дала рухы» көрмесі көшпенділер мәдениетінің, қазақтың тұрмыс дәстүрі, ұлттық ат-спорттық ойындары, бай әдеп-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ол қазіргі заманғы түркітілдес елдердің бейнелеу өнері, өткенге, тарихқа, оның аумағында болған ежелгі өркениеттерге, қазіргі заманғы адамзат проблемаларын рухани ізденістер арқылы танып білуге жетелейді.

Түрік көрермендері отандық Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бахыт Бапишев сынды өнер шеберлерінің, сондай-ақ Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты  заманауи суретшілердің шығармашылығымен таныса алады. Көрме коллекциясы 32 кескіндемелік және графикалық туындыны қамтыған.

Музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева атап өткендей: «Көрме Қазақстанның заманауи өнерінің кең стилистикалық әртүрлілігін ұлттық бояуы мен өзіндік ерекшелігін айқын көрсете отырып, көрнекі түрде ұсынады. Ә. Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлем халықтарын төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнеріміздің тереңіне үңілуге шақырады». 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деген болатын. Бұл жолдар түбі бір түркі халықтарына ортақ мәдени құндылықтардың қайнар бұлағы тым әріде жатқанын аңғартса керек. Әйгілі Осман  империясының алғашқы астанасы саналатын Бурса төріндегі айтулы көрме бауырлас елдердің өнері мен мәдениетін одан әрі жақындастыра түсетін игі бастама деп айтуымызға болады.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024