Аягөз қаласындағы кездесуге ақсақалдар, мектеп директорлары, ұстаздар мен спортшылар, дәрігерлер қатысты. Кездесуді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Болат Сүлейменов ашып, аудан тұрғындары газет-журналдарға жазылуда белсенді екендігін атап өтті. «Қазақ басылымдарын бөліп-жармай мүмкіндігінше бәріне жазылуға тырысамыз. Өйткені, газет өзіміз үшін керек. Ауданымызда ел газеті - «Егемен Қазақстанның» оқырмандары көп. Ел қызыға оқиды. Газет көктемгі су тасқыны кезінде жұртты дер кезінде ақпараттандырып отырды. Ол үшін әрине алғысымызды білдіреміз», - деді ол.
Мұғалімді қинамай-ақ мәртебесін көтеруге болмай ма?
Кездесуде сөз алған Мұқан Балабеков ақсақал 48 жыл мектепте жұмыс істегенін, білім саласына қатысты жаңалықтарға әрдайым елеңдеп отыратынын, газетте келесі жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» Заңға байланысты мақалаларды оқып жүретінін айтып, басылым бетінде мұғалімдер жайында үнемі, дүркін-дүркін жазсаңыздар деген тілегін жеткізді. Бұрынғы педагог сонымен қатар 6 қарашада «Егеменде» жарық көрген «Шаһид кешті Шоқаның» атты мақаладағы даңқты тұлғаның өліміне қатысты деректер өзін бір жағы қызықтырғанын, екінші жағынан әртүрлі ойға қалдырғанына тоқталып, «алдағы уақытта осы тақырыпта журналистік зерттеулер бола ма?» деп өзімізге сұрақ қойды. Сөз арасында Аягөзде қысқы спорттың кешеуілдеп жатқанын да тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары ақсақалға сол жерде бірден жауап беріп, қазір ауданда қысқы спортты дамыту қолға алынып жатқанын, мектептерге шаңғылар сатып алынғанын, қалада Хоккей модулін салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленгенін, Елбасы Жолдауы аясында үш мыңға жуық халқы бар Ақтоғайға да Спорт модулін салу жөнінде министрлікке ұсыныс жіберілгенін айтты.
Қазақ басылымдарын жібермей оқитын Көкенай ақсақал: «Газетте дүниеден өткен тұлғалар жайында көбірек жазылса. Биыл Тарбағатай атты мемлекеттік саябақ құрылды. Бұған Аягөз ауданының да кейбір жерлері кіреді. Мектепте балаларға өңірімізде өсетін өсімдіктер, мекендейтін жануарлар мен аңдар туралы оқытсақ, болмаса, соны гербарий арқылы көрсетсек» деп өз ұсынысын білдірді.
Аягөз қаласындағы №9 мектептің директоры Қарлығаш Өзбекова сөзін көп мұғалімдердің ойында жүрген білім саласындағы келеңсіздіктерден бастады.
«Кейде осындағы әріптестерімізбен бас қосып, оқулықтарда кетіп жатқан қателерді талқылаймыз. Сосын отырып, тиісті ұсыныстарымызды жазамыз. Сол ұсыныстарымызды бірер мәрте Білім және Ғылым министрлігіне жібердік. Бірақ ұсыныстарымыз ескерілмеді. «Педагог мәртебесі туралы» заңға байланысты да ұсыныс-пікірлеріміз бар. Заңның жобасын көрдік. Қолдайтын дүниелер өте көп екен. Соның бірі - санаттарды алып тастау жөніндегі ұсыныс. Шынымен де, бұл – өзекті мәселе. Қазір бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мұғалімдерді жастар орап алып кетіп жатыр. Өйткені, олар жаңа технологияларды меңгерген. Бүгінде мектептердегі мықты-мықты деген математиктердің тесттерден өте алмай жатқанын естіп жатырмыз. Бұл жүйкеге салмақ түсіреді. Мұғалімдерге осындай тесттердің қажеті қанша? Мұғалімді қинамай-ақ мәртебесін көтеруге болмай ма? Өзім де мектеп директорымын ғой. Алатынымыз – 93 мың теңге.
Мойнымызда жауапкершілік көп, зіл батпан. Енді директорлар да тест тапсырады деп жатыр. Санатқа қатысты айтарым, мұғалімдер бес жыл сайын санатын көтермей-ақ дайындап шығарған оқушыларының деңгейіне қарай олардың жалақыларына неге үстемақы қосып отырмасқа?! Мәселен, оқушысы аудандық жарыста топ жарса жалақысына 1 жыл бойы ай сайын 10, ал егер облысқа шығарса 30 мың теңгеден қосылып отырса, мұғалім ынталанар еді. Жұмысқа құлшынысы артар еді», деп сөзін ұсыныспен аяқтаған ұстаз қазір «Егемен Қазақстан» газетінде латын қарпінде жарияланып жатқан мақалалардың жаңа әліпбиді үйренем деушілерге сеп болып жүргенін айтты. «Оқушылар, қарапайым тұрғындар латын қарпін қалай үйренеді деген іштей қаупім болушы еді. Қазір біз де үйреніп жатырмыз. Сіздердің бастаған жұмыстарыңыз қуантарлық жағдай», - деді мектеп директоры.
Аягөзде жарық көретін «Мөлдір Сана» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Бақытөмір Шалғынбай өз сөзінде жақында «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын тұщына оқып шыққанын айтты. «Халықтың санасын көтермей ештеңе болмайды. Өйтпесең, алтынның үстінде отырсаң да аш боласың. Мәселе – қазақтың рухын көтеруде. «Егеменде» шығатын мақалаларды үнемі оқып жүреміз. Үлгі алғанбыз, әлі де үлгі ала беретініміз анық. Мұғалімдердің мәселесін көтеріп жатырсыздар. Әлі де көтере берсеңіздер деген тілегіміз бар. Әсіресе ауылдағы, шағын қалалардағы мұғалімдер туралы көбірек жазсаңыздар, мақаласын бассаңыздар жақсы болар еді», - деді. Аудандық «Аягөз жаңалықтары» газетінің бас редакторы, ақын Ермек Дайырбаев «Егеменде» елімізге, облысқа қатысты жағымды жаңалықтармен қатар үлкен проблемалық мақалаларға да орын берілетінін атап өтіп: «Газетке жазылу өзіміз үшін керек, қазақ газеті қазаққа ғана керек. Руханиятымызды көтеру үшін қажет» деп жұртшылықты қазақ басылымдарына жазылуға шақырды.
Үржарға үлкен спорт кешені керек
«Егемен Қазақстан» газетіне ең көп жазылатын аудан – Үржарда өткен кездесуге мұғалімдер мен ақсақалдар, жастар, спортшылар қатысты. Оқырмандармен жүздесу шарасын ашқан Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасов аудан қазақ газеттерінің бәріне жазылатынына тоқталып, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мән-маңызын тілге тиек етті. «Елбасының мақаласы біздің ауданға да қатысты деп ойлаймыз. Бірнеше жыл бұрын аудан аумағынан «Үржар ханшайымы» табылды. Алманың атасы – Сиверс алмасы да біздің Тарбағатай тауында өседі. Ұлттық өнеріміз – бүркітшілікті насихаттап, облысымызда қыран ұстап отырған жалғыз аудан – Үржар. Ат құлағында ойнаған жігіттеріміз де жетерлік», - деді аудан әкімінің орынбасары.
Кездесуде сөз алған Абылай хан атындағы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Жексенбаев Үржар ауданының спортшыларының жетістіктерін сөз етсе, осындағы спорт мектебінің мұғалімі Арман Жұмабеков ауданда спорт залдары жетіспейтінін жеткізді. Жаттықтырушының бұл сөзін аудандық спорт бөлімінің басшысы Сәрсенхан Қабдолданов та құптайды. «Спорт залдары жетпегеннен кейін жаттықтырушылар амалсыздан өздері жаттықтыратын балаларды мектептерге апаруға мәжбүр. Сондықтан Шалқар Жоламанов, Алмат Кебісбаев, Ерлан Серікжанов сынды балуандарды түлеткен, Оксана Яцкая, Ердос Ахмадиев, Диас Кенешов секілді шаңғы шеберлерін шығарған ауданға үлкен спорт кешені салынса деген тілегіміз бар. Мұны Спорт және Мәдениет министрлігіне айтсақ: бір Олимпиада жүлдегері шығу керек дейді. Олимпиада жүлдегерін қашанғы күтіп отырамыз?» дейді спорт бөлімінің басшысы.
«Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы