ACT (Americian College Testing) сынағын АҚШ оқушыларының көпшілігі жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырады. Беделді оқу орындары ACT-дан 30-36 балл жинаған талапкерлерді қабылдайды. Америкада тест тапсырғандардың 0,1%-ы ғана барлық 36 сұраққа дұрыс жауап берген. Ал басқа елдерде аталған емтиханнан мүдірмей өткендер саусақпен санарлықтай. ACT-ның орта композиттік балл көрсеткіші – 21,1.
SAT Subject Test – бұл емтихан АҚШ-тың беделді оқу орнына түсу үшін тапсырылады. Тест оқушының бес бағыттағы білім деңгейін өз таңдауы бойынша анықтайды. Ақназар математика, физика, биология пəндерінен тест тапсырып, əр пəннен ең жоғары 800 балдан жинаған. Бұдан өзге оқушының IELTS халықаралық емтиханынан алған нəтижесі 8.0-ді көрсетті.
Ақназардың бірегей нəтижелері оқушының əлемдік деңгейде мықты деп танылған университеттерге түсуіне жол ашады. Зияткерлік мектептің болашақ түлегі оқуын Гарвардта жалғастыруды жоспарлауда. Ол қазіргі таңда қабылдау комиссиясының шешімін күтуде.
Бүгінде Ақназардың есімі жас таланттардың арасында танымал. Зияткерлік мектеп оқушысының дипломдар мен медальдардан құралған коллекциясы бар. Ол – Жəутіков жəне Эйлер олимпиадаларының, Новосібір, Қытай жəне тағы басқа жердегі білім сайыстарының жеңімпазы. Ақназар ғылымның кез келген түрінен сирек кездесетін талантқа ие. Оқушының жарқын жеңістерінің бірі Бейжіңде өткен S.-T Yau High School Science Awards атты əлемнің күрделі олимпиадасындағы жеңісі оның математикадағы қабілетінің жоғары екенін дəлелдеді. 2017 жылдың жазында Индонезияда физика саласында өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық вундеркинд тағы да жеңіске жетті. Бір жылдан соң Ақназар Қажымұрат APHO 2018 ХІХ Азия олимпиадасында алтынды қанжығалады. Онда оқушы марапаттау салтанатына қатыса алмады. Себебі дəл бұл уақытта ол АҚШ-тағы Intel ISEF-2018 оқушылар арасында ғылыми жобалар сайысына қатысып жатқан еді. Биыл ол Тайландта өткен Жер туралы ғылым IESO-2018-де күміс жүлдені иеленді.
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы математика бойынша ғылыми еуропалық конгрестердің, симпозиумдардың қатысушысы.