Мәлімет – жаңа заманның «мұнайы»
Жиынның ашылуында сөз алған Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова: «Бүгінгі форум тараптар арасында ғылыми-техникалық, инновациялық және IT саласында да байланысты нығайтуға үлес қосады деген үміттеміз. Қазіргі таңда интернет өнімдері әлемде қарқынды дамып келе жатқан технологиялардың қатарында. Оған жеке және мемлекеттің қомақты инвестициясы тартылуда», дей келе, 2018 жылы бірыңғай желіге қосылған интернет өнімдерінің үлесі 4,9 млрд затты құрағанын айтып, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіштің 50 млрд-қа жететіні туралы дерекпен бөлісті. «Бүгін біз аталған жобалардың Қазақстанда да іске аса бастағанын айтқымыз келеді. Сондықтан форум астаналық сарапшыларға ғана емес, өзге өңірлерден келген сарапшылар үшін де қызықты болады деген ойдамыз», деді Д.Щеглова.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев ақпараттық технологиялар әлеуетін жоғары бағалай келе: «Интернет өнімдердің болашағы зор. Қазіргі таңда олар күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылуда. Себебі Smart қосымшалар өмірімізге кеңінен енді. Сондықтан осы форумды жыл сайын ұйымдастыруды ұсынамын. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ақпараттық жобаларды жүзеге асырудамыз», деді. Басқарма төрағасы «Қазақтелекомның» бұл салада қандай бастамаларды қолға алып жатқаны жөнінде кеңінен әңгімеледі. «Бірқатар жобаны қолға алып жатырмыз. Интернет өнімдері саласында бизнес-модельдер мен қолдану мүмкіндігі бар кейстерді зерттейміз. Аталған саладағы әзірлеушілермен, құрылғылардың дистрибьютерлерімен және нарықтың басқа да қатысушыларымен серіктестік қатынас орнатамыз», деді Қ.Есекеев. Осы орайда, ұлттық компанияның Қазақстанда «ақылды» үйлер мен қалалар салуға белсенді атсалысатыны да айтылды.
Саланың дамуына кедергілер
Singapore Telecommunications Limited IOT шешімдер өнімдері басқармасының басшысы Рене Тан Виен Геннің мәлімдеуінше, 2020 жылға қарай интернет өнімдерінің жаһандық капитализациясы 1,7 трлн долларға жетпек. Бұрын-соңды ешбір сала мұндай жоғары қарқынмен дамымағаны анық. Дегенмен, күнделікті өмір мен өнеркәсіптің әр түріне интернет өнімдері өндірісін енгізуде өзіндік кедергілер де жоқ емес. Мәселен, Beijing Health Forum негізін қалаушы және бас директоры Дуглас Корлидің пікірінше, интернет өнімдерінің нарыққа енуіне осы саладағы мамандардың жетіспеушілігі басты кедергі. Жекелеген жобаларды құрастырушылар болғанымен, үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, сауда мен ірі өнеркәсіпте ақылды технологиялар мен интернет өнімдерді енгізу үшін жүздеген мың маманға қажеттілік бар. Ал еңбек нарығындағы бұл сұранысты қанағаттандыра қоятындай қазір білім беру орындары мен осы өндірістің өзінде әзірге мүмкіндік болмай тұр.
Сонымен қатар өнеркәсіптің әр саласына интернет өнімдерін енгізуге кедергілердің тағы бірі – кәсіби менеджменттің жоқтығы. Қазір интернет өнімдері өз алдына бөлек сала болып қалыптасып келе жатқанымен, оның өзге салалармен интеграциясы кенже қалуда. «Кез келген өндіріс пен бизнес жаңа технологияларға консерватив болып келеді» деді Дуглас Корли. Бұл әрине заңды да. Өзінің өміршеңдігін экономиканың белгілі бір саласында нақты дәлелдемейінше, кәсіпорындар оны жаппай пайдалануға асықпайды. Осы орайда сарапшы интернет өнімдері деген өз алдына бөлек сала емес, кез келген саланың жаңғыртылған заманауи түрі екенін айтады.
Қауіпсіздік – интернет өнімдері құрылғылары үшін күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Жоғарыда аталғандай бірыңғай мәліметтер базасында мәліметтердің құпиялық кепілдігіне көпшілік әлі де күмәнмен қарайды. Расымен де, ортақ стандарт әлі қалыптаспағандықтан, мәліметтерді пайдалануда да біркелкі стандарт жоқ. Стандарттың орнатылмауы саланың күнделікті өмірге кеңінен енгізілмеуінің тағы бір кедергісі.
5G – смартфондар дәуірінің жаңа кезеңі
Ericsson компаниясының Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы президенті Себастьян Толстойдың айтуынша, 90-жылдары интернеттің пайда болуымен әлем қалай тез арада айтарлықтай өзгерген болса, таяу арада 5G технологиясы да адамзат тарихында жаңа дәуірді бастайды. «5G – технологиясы мобильді жүйенің жаңа толқыны. Бұл смартфондар мен адамзат қатынасының жаңаша түрі. Осы технология цифрландыру, өнеркәсіп пен қоғамдық қатынастарды үлкен өзгеріске ұшыратады. Бүгінде 5G технологиясы аса жоғары қарқынмен дамып келе жатыр», деді С.Толстой.
Қазірдің өзінде Ericsson компаниясы әлемде әртүрлі мобильді операторлармен 40 шақты келісімге отырған. «Қазақстанға да бұл технология ерте ме, кеш пе келеді. Біздің болжамымызша, 2023 жылға дейін интернет өнімдері экономикаға қарқынды енгізіледі», деді компания өкілі. Маманның айтуынша, Қытай мен АҚШ қазірдің өзінде бұл технологияны «ақылды» шаруашылық пен сервиске, логистика мен басқаруға белсенді енгізіп жатқан көрінеді.
Жалпы, интернет өнімдерінің негізгі мақсаты – аз шығынмен үлкен нәтижеге қол жеткізу. Бұл әрине бірінші кезекте бизнес-қауымдастықтың қызығушылығын арттыруы тиіс. Мамандардың пікірінше, интернет өнімдерін енгізуде қазіргі таңда ең басым салалар өнеркәсіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, «ақылды» қалалар, көлік және қауіпсіздік. Алдағы онжылдықта ақпараттық технологиялар саласының ең басты драйвері де осы интернет өнімдері болатыны жасырын емес. Ал интернет өнімдерін өндіруде ең басты шикізат – мәлімет. Сарапшылар бұл тұрғыда big data, яғни бірыңғай мәліметтер базасы төртінші индустриялық революция дәуіріндегі ең құнды шикізат екенін айтады.
Ал Қазақстанда бұл саладағы жетістік ретінде әзірге «Қазақтелеком» АҚ мен Астана қалалық әкімдігінің «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» мемлекеттік мекемесі арасында қалалық бірыңғай бейнебақылау жүйесін ұйымдастыру бойынша келісімі мен «ERG» ЖШС-ның «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен Хромтау, Ақсу және Рудный қалаларында «ақылды» қала және цифрландыру элементтерін енгізу жоспарларын айтуға болады.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»