Президент • 28 Қараша, 2018

Ан Сан Хун: Қазақ даласының жеті ерекшелігі атап көрсетілген еңбек

891 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр халықтың тарихы өзінше құнды. Бір елдің өткені екіншісінен гөрі құндырақ деп айта алмаймыз. Әлем халықтарының ежелгі тарихынан, мәдениетінен қазіргі өркениет қалыптасты. Әр этнос бұған өзінше үлес қосты. Қазақстанның тарихы да бай әрі сан қырлы.

Ан Сан Хун: Қазақ даласының жеті ерекшелігі атап көрсетілген еңбек

Бұл ел түркі халықтарының тарихи орталығы болып есептеледі.  Ұлы дала әлемге көптеген жаңалықтарды сыйлады, олар бүгінге дейін өз маңызын жоймай келеді. Олардың негізгілері: «атқа міну мәдениеті», «металлургия», «аң стилі», «Алтын адам», «Ұлы Жібек жолы». 

Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақ елінің тарихи құндылықтары жайлы айтылған. Елбасының мақаласы қазақ халқының сан ғасырлар бойы  атадан балаға беріліп келе жатқан құнды мұрасын жан-жақты қарастырған.  Әлемде шалбардың алғашқы үлгілері қазақтың ата-бабаларында жасалғаны мен үшін жаңалық болды. Бұл елде атқа міну үшін ыңғайлы киім мен аяқ киімдер ойлап табылған, олар қазіргі өкшелі етіктерге қатты ұқсайды. Сонымен қатар тік және қиғаш жүзді қылыштар да осы далада жасалған.

Президент Н.Назарбаев аталған мақа­ласында қазақ даласының жеті ерекшелігін атап көрсетеді, сол арқылы өз елінің тарихын бағалауға және онымен мақтануға шақырады. Осыған байланысты 6 жобаны алға тартады, бұл жобалар бірнеше жыл ішінде сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Рухани жаңғыру» идеясының жалғасы болып табылады. 

Бірінші жоба – «Архив-2025».  Бұл жобаның аясында барлық уақыттағы қазақстандық және шетелдік архивтердің зерттеулерінен тұратын «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын құру жос­парланып отыр. Сондай-ақ әр жерде тарихи-археологиялық мұражайларды ашу қажеттілігі айтылды.

Келесі тармақ – «Ұлы даланың ұлы есімдері». Менің ойымша, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті осы мақаласы арқылы елдегі модернизацияның жалғасып жатқандығын айтқысы келді. Тарих – әр халықтың ажырамас бір бөлігі. Бұл тармақта осы жайлы сөз болған. 

Үшінші тармақ – «Түркі халықтарының генезисі». Мұнда «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасын жүзеге асыру қажеттілігі айтылып, соның аясында 2019 жылы Астана қаласында Түр­кологтардың дүниежүзілік Конгресі мен Түр­кі халықтарының мәдениет күндерін ұйымдастырып, онда ежелгі түркі ха­лық­тарының артефактілерін қою ұсынылды. 

Төртінші тармақ – «Ұлы дала» атты ежелгі өнер жəне технологиялар музейі». Бұл жобаға сәйкес, бірнеше ұсыныстар алға тартылған, олар: «Ұлы дала» атты ежелгі өнер жəне технологиялар музейін, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын, ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын қалпына келтіретін туристік жоба құру. 

Бесінші тармақ – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы». Елбасы «Дала фольклорының антологиясын» жасап, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығаруды және Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынады.  Президенттің пікірінше, музыкалық дыбыстар мен əуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылуы тиіс. 

Соңғы тармақ – «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі». Тарихи сананы  жаңғыртуды сөз еткен Елбасы тарихтың үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу керектігін айтты. 

Мен жоғарыда айтылған жобалар қазақ халқының бай тарихи мұрасын жан­дандыруға мүмкіндік беретіндігін айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, бұл мәселелердің барлығы Қазақстанның өткені, бүгіні мен болашағына қатысты.  

Ешбір халық  өзінің тарихын білмей, болашаққа қадам баса алмайды. Қазақ халқы өзінің тарихын біліп қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруы тиіс. Елбасы халықты өз ата-бабаларының ұлылығын ұмытпауға шақырады. Ен даланы тұтас алып жатқан сақ және ғұн тайпалары Еуразиядағы көптеген елдердің ата-бабасы болып табылады. 

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның тарихы Алыс Шығыс, Оңтүстік Азия және Ежелгі Шығыс өркениетінен бір кем емес деген пікірді алға тартады. Қазақ­стан сол кездің өзінде-ақ әлемнің өркение­тінде елеулі орынға ие болды. Көптеген ғалымдардың пікірінше, Мемлекет басшы­сының бұл пікірі – өте дұрыс пікір. 

Меніңше, Елбасы ұсынған бастама­лар­­дың барлығы түркі халықтарының ара­сындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкін­дік береді. Осындай ғажап мақаланы оқығаннан кейін, осы жобалардың бола­шағы зор екендігіне сенімім мол. «Ұлы дала­ның жеті қырында» сипатталған бастама­лар­ды жүзеге асыру «Рухани жаңғыру» мәде­ни бағдарламасының сәтті жалғасы іспет­тес. Ел Президенті Н.Назарбаев алға тарт­қан зерттеу жұмыстары жайлы айтқанда, атал­ған мақаланың ұлттық сананы нығай­туда жаңа әрі оң серпін бергенін алға тарт­қым келеді. 

Ан Сан ХУН,

PhD доктор, профессор 

(Оңтүстік Корея Республикасы)