Салтанатты іс-шарада Департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев, СДУ президенті Мейірбек Мажитов, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев және Алматы облысына қарасты колледждер мен мектеп директорлары бас қосты.
Іс-шара барасында ведомство мен университет арасында Меморандумға қол қойылып, екіжақты серіктестік арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ортақ әдіс-тәсілдер мен қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша келісімдер жасалды. Жобалық кеңсенің ашылуы ерекше форматта - «Sana Talks» интерактивті пікір алмасу алаңын ұйымдастыру арқылы өткізілді. «Sana Talks» қатысушылары өз көзқарастарын білдіріп, қоғамдық дертке айналған жемқорлық мәселесінің алдын алуға бағытталған ұсыныстарын білдірді.
«Бала тәрбиесі мектеп пен университет қабырғасында қалыптасады. Болашақ тұлғаның дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын, қоғаммен қарым-қатынасын үйдегі ата-ана мен білім ошағындағы ұстаздары қалыптастырады. Сондықтан жастарды тәрбиелеу жұмысына қатысуымыз қажет. Әбір оқу орны үшін сапалы білім бірінші кезекте тұруы шарт. Міндетіміз - қоғамдық дертке айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алау шараларын жүргізу, ортақ әдіс-тәсілдерді енгізіп, жастармен жан-жақты жұмыс жасау. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші осы бағытта жан-жақты жұмыс атқаратынымызға сенімдімін, - деп атап өтті СДУ президенті Мейірбек Мажитов.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ