Аймақтар • 28 Қараша, 2018

Академик Төрегелді Шармановтың өмір жолы туралы кітап таныстырылды

843 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық кітапханада  ҚР ҰҒА академигі Төрегелді Шармановтың «Қас-қағым» кітабының таныстырылымы өтті.

Академик Төрегелді Шармановтың өмір жолы туралы кітап таныстырылды

19 қазанда Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 1930 жылы дүниеге келген Төрегелді Шарманов Қарағанды мемлекеттік медицина институтын, аспирантурасын бітіріп, медицина саласында соны жетістіктерге қол жеткізді. Медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы әрі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының тағамтану жөніндегі сарапшылар комитетінің мүшесі ретіндегі қызметі жылдар бойғы ғылыми-тәжірибедегі ізденістерінің нәтижесі. Бүгінде академиктің жетекшілігімен 56 докторлық және 170 кандидаттық диссертация қорғалды.

«Қазан революциясы», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған. ДДҰ  Л.Бернард атындағы сыйлықтың иегері.

«Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері атанған.

Кітапта Төрегелді Шарманұлының өмірі мен қызметінің сан-қырларын қамтыған «Қас-қағым» кітабында еліміздің белгілі қоғам, өнер қайраткерлерінің академиктің өмірі мен еңбек жолына арнаған мақалаларымен қатар фотосуреттер топтастырылған.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Әзімов, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Абрарұлы, Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов, т.б. қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ