Станцияның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Шәріпбаев қатысты. Шараны Астанада ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және республиканың газбен қамтамасыз ететін кәсіпорындарының басшылары тікелей байланыс арқылы тамашалады.
Біз Арал өңірінде «Арал» компрессорлық станциясының іске қосылу рәсіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атап өтуге болады. «КазТрансГаз» АҚ қызметкерлері бөлінген 50 млрд теңге қаржыға жеті айда рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар, жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық станциясы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы басталып, Елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куәгер боламыз. Осының барлығы - халқымыздың ауызбіршілік, ынтымағының және Елбасы саясатының арқасында»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қызылордалықтарды станцияның іске қосылуымен құттықтады.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын - Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды, 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарлануда.
Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген, 2020 жылға қарай газдандыруды 95% - ға жеткізу міндеті қойылған.