Қазақстан • 29 Қараша, 2018

Жастайынан жасанды түсік жасатушылар көп

1119 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы күндері Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 16 жастан бастап қыздарға ата-аналарының келісімінсіз жүктілікті тоқтатуға рұқсат беруді ұсынуы қоғам талқысына түсіп отыр. Министрліктің пікірінше, бұл ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі. Бұл мәселе кездейсоқ көтерілген жоқ, сондықтан министрліктің мұндай мәміле жасауына не түрткі болып отыр?

Жастайынан жасанды түсік жасатушылар көп

Ерте жүкті болған жас­өс­пі­рімдер, зорлық-зомбылыққа ұшы­раған жеткіншектер мәсе­ле­сіне зерттеу жүргізген үкіметтік емес ұйымдар жұртшылықтың, құзырлы мекемелердің назарын осы жағдайға аударуға күш салып жүр. 

«Заманына қарай – адамы» десек те, өтпелі жас – ағзасы толыс­паған, тәжірибесі жоқ жастар­дың түрлі қателіктерге ұрынатын кезеңі. Өтпелі кезеңде қаны қызу албырт жас ойланбай жасаған қылықтарына өмір бойы жауап беретіндігін біле бермейді. Әрине, мұндай қауіп-қатердің түрі алуан. Жыныстық жолдармен жұғатын инфекция­ларды айтпағанда, соңы ажал құштыратын АИТВ сияқты емі жоқ вирус­тар бар. Оның қасында жетіл­мей жатып жүкті болып қалу­дың өзі де кейде қайғыға соқтырады. Өкініштісі, барлық жағдай­да аяғы ауыр болған қыз бала бойы­на біткен шаранадан құ­ты­луға асығатыны аян. Ал жа­санды түсік жасатудың түбі – бедеулік. Қазір елімізде некеге тұрған жұптардың 17 пайы­зы бедеулік тақсіретін тартып отыр.

Әртүрлі зерттеулерге сү­­­­йен­­с­ек, елі­міз­дегі 15-19 жас ара­лы­­ғындағы жас­­өс­пі­рім­дердің 30 пайызы белсенді жыныстық қарым-қатынаста өмір сүреді. Бұл дерекпен есептеспеске болмайды. Егер әр үшінші жасөспірім жыныстық қарым-қатынаста болса, оның мін­дет­ті түрде салдары да қосақ­тасып жүрмек. Бұл – жыныс­тық жұқпалы аурулар яки жүктілік. Мұндайда жас­өс­пі­рімдердің барлығы дерлік қан­дай жағдайға душар болғаны жайлы ата-анасына жұмған аузын ашпайды. 

Қайбір жылы сексуалдық сауаттылық бағдарламалар авторы, халықаралық медициналық компанияның корпоративтік тре­не­рі Юлия Ярмоленко (Украина) ере­сектер мен балалар ара­сында тә­жірибелік лекциялар жүргізе оты­рып, өзінің Sexinforia.com блогында бұл өте шікәмшіл әрі шетін мәселе екендігін айта келе: «Сол жолы өзімнің толық дәрменсіздігімді сезінгенім есімде. Жыныстық зорлық туралы блогымнан кейінгі бір лекцияда 10-12 жасар ең батыл қыз орны­нан тұрып: «Мен анама барып, мені ересек еркек сипалады де­сем, бұл өте оғаш болар еді. Айтпаймын», деді. Ал қалғандары қызды құптап, бас­тарын изеді. Демек, осы жағ­дай­ға душар болса, еш­қайсысы да ата-анасына айтпайды... 

Сондықтан құзырлы мекемелер 16 жастан бастап ер­і­кті түр­де, өз бетінше ме­ди­ци­­­на­­лық кө­мек­ке жүгінуге, ше­шім қабыл­дауға рұқсат беру­ді қарастыру­ға мәжбүр. Деген­мен, мұның ая­ғы қазіргі көр­сет­кіш­терді қай жа­ғы­на қарай бұратынын ешкім болжап бере алмайды. 

«Әлемнің көптеген мем­ле­кет­тері, оның ішінде Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Молдово, Украина елдерінде ерікті ақ­па­рат­тандыру келісімі 15 жас болып белгіленген. Яғни бұл ел­дерде 15 жастан бас­тап өз бетінше медициналық көмекке жүгіну баяғыдан бар. Оның сөге жамандайтын түгі жоқ. Өйткені 15-18 жас аралығындағылар жеткілікті түрде ересек саналады. Олар қандай да бір жағдайға тап болғанда өз беттерінше ойланып, шешім қабылдауы тиіс», дейді БҰҰ-ның еліміздегі Халықтар саны саласындағы қоры­ның атқарушы өкілі Райым­бек Сисемалиев.

Жыныстық жолмен бе­рі­летін инфекциялардың ең жо­ға­ры деңгейі 14 пен 24 жас аралы­ғындағыларда байқалады. Мә­селен, жуырда Халықаралық пар­ла­ментаралық «Жастарға салынған инвестиция. Ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз» атты конференцияда маңызды де­к­ла­рация қабылданды. Бұл құ­жат жастардың репродуктивтік денсау­лығына ерекше назар ау­да­ру­ға шақырады. Де­кл­а­ра­цияның 14, 15, 16, 17 пункт­т­ерінде бірінші кезекте жас­тар­дың алғашқы медициналық көмек алуына қол­жетімділік пен түсіністікті бұрынғыдан да көтеріп, әсіресе жыныстық және репродуктивтік денсаулықты сақтау, оның ішінде СПИД пен жыныстық тәр­биеге арналған жолдар қаралған. Кезекті 16 пунк­­­тте жастардың денсаулығын сақтау мен ақпараттандыруға кедергі келтіретін барлық факторлармен күресті күшейту, оның ішінде құқықтық, мәдени, салт-дәстүрлік кедергілер, қаржылық қиындықтар, ерте неке құруды азайту, қаламаған жүктілік, өз өзіне қол жұмсаудан, бақытсыз оқи­ға­лардан сақтандыру қам­тыл­ған. Соңғы пункт жас­тардың қандай жағдайға душар болмасын, ақпараттың кең ауқымы мен санитарлық ағартудың қолжетімділігімен қамтамасыз ету, оның ішінде сексуалдық, репродуктивтік және психикалық денсаулық са­уал­­­дарында ақпараттық комму­ни­­кациялық технологиялар мен ин­новациялық әдістерді, білім беру жүйесін пайдалану қарастырылған. 

Статистика бойынша елі­міз­де жылына 15-18 жастағы 1 мың қыздың 36-сы ана болған. Қы­тай­да әр 1000 қыздың екеуі ғана босанады. Бұл айырмашылық Қа­зақстанда медициналық қыз­мет­ке, арнайы дәрілерге және алдын алу біліміне қол­жетім­сіз­діктен туындап отырған кө­рі­неді.

Өз кезегінде сенатор Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау ми­­нистрлігінің жоғарыдағы ұсы­­­­ны­­сына қатысты әлі де жағ­­­дай­ды әбден екшеп барып ше­шім қабылдау қажеттігін айт­ты. Өйткені ата-ананың рұқ­са­ты­ныз түсік жасатудың сал­дары қа­уіп­ті екендігін біл­дір­ді. 

«Ата-анасының келісімінсіз 16 жас­тағы жасөспірімдердің жасан­ды түсік жасатуы» туралы жаңалық ұсыныстардың бір бө­лігі ғана. Негізі бұл өте күр­делі тақырып. Сондықтан әр сөзге абай болу керек. Біз­дің ұйым бұл сөзді жоққа шы­ғар­май­ды, ол жерде тек жасанды түсік мәселесі ғана емес, соны­мен қа­­тар жас­өспірімдерге алдын ала са­­уат­тандыру және өмір­лік маңызы жайында да ай­тылған болатын», дейді БҰҰ қорының Қазақстандағы ат­қару­шы өкілі Р.Сисемалиев.

Оның айтуынша елімізде 15-18 жас аралығындағы азамат­­тардың 30 пайызы төсек қа­ты­насына түседі. Міне, осы жас­тар­дың ата-ананың кө­ме­гін­сіз өздеріне көмектесе алмай­тыны қат­ты қынжылтады. Көптеген қауіп­­ті ауру­ жы­ныс­тық жол­­мен пайда болады және тара­лады. Біздің жастар бұл тұр­­ғыда сауатсыз, себебі үйде бұл тақырыпта әңгіме қоз­ғал­­май­ды, мектептерде арна­йы пән жоқ. Ал медициналық қыз­мет­керлер рұқсатсыз көмек бере алмайды. Біздің елімізде ғана кәмелеттік жасты 18 жас деп есептейді. Ресейде 14 жастан бас­тап, Өзбекстанда 15 жас­тан бастап жасөспірімдер өз еркімен шешім қабылдауға мүм­кін­дік­тері бар. Қазақстанда осы жастағы адамға бала ретінде қарау қалыптасқан, бұл – қате. 16 жастағы жасөспірім есі кір­ген, өз бетінше ойлай алатын аза­матқа жатады.

Бұл мәселеге қатысты Ден­сау­­лық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева: «Қол­даныстағы заңнамаға сәй­кес кәмелетке толмаған бала­лар­ға ата-ана рұқ­са­тынсыз медициналық қызмет көр­сету жасы шектелген. Бұл шек­теу қаламаған жүктілік, түсік жасату және мерзімінен бұ­рын босану кезінде кә­ме­летке толмағандарға уақтылы ме­ди­циналық қызмет алуға кедергі кел­­­ті­­реді», деген болатын. Вице-министр осы статистикаға сәй­кес, соңғы үш жылда жасөс­­­пірімдер арасындағы босану көр­сет­кі­шінің 26 пайыз төмен­де­геніне қарамастан, Қазақстан 15-18 жастағы жет­кін­­шектердің боса­ну деңгейі бойынша әлемде Болгария, Мол­давия, Эстония және өзге посткеңестік елдермен қа­тар көш бастап тұрғанын айтты.

UNFPA ақпаратына сәйкес, жыл сайын Қазақстанда жас­өс­пірімдер арасында 6 мың жүк­тілік тіркеледі. Шамамен әр үшінші жеткіншек түсік жасатады. «Осыған байланыс­ты «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына 16 жас­тан бастап ата-ана келісімінсіз ме­дициналық қызмет алуға ке­піл­дік беретін норманы қосу мәселесін қарастырып жатырмыз», дейді Л.Ақтаева.

Айтқандай, осы өзекті мә­­се­­леге орай 27 қарашада кезек­­ті рет Қа­­зақ­стандағы БҰҰ кең­­­се­­сін­де ке­лелі жиын өтті. Жи­ынға Y-PEER жастар қоз­ға­лы­сының да мүшелері ша­қырылды.

– Бізде жігіттер де, қыздар да денсаулығында кінәрат бол­ған жағдайда 18 жасқа толма­йын­ша, гинекологке де, андрологке де өз бетінше қарала алмайды. Кәмелетке жетпей мұндай мәселе туын­даса, біз оны әке-шеше­мізге айта ал­­май­мыз. Оның үс­тіне студенттер­дің көпші­лігі бас­қа қала­­ларда тұрады. Бір жағ­дайға тап болса, ата-анасыз дәрігер қабылдамайды. Өз бетінше медициналық қызметке жүгіну жасын азайтса, бұл көптеген мәселелерді шешетін еді, – дейді Y-PEER мүшесі Айдана Есламғали.

Сол сияқты Қазақстандағы жыныстық және репродуктив­тік денсаулық қа­уым­дас­ты­ғы­ның атқарушы директоры, акушер-гинеколог Галина Гребенникова жас­тардың ден­­­­­­­сау­лығын дұрыс­тау­ға қа­тысты үш шартты алға тартты. Бұған адам­гер­ші­­лік­ті жы­ныстық тәрбие, меди­ци­на­лық қызметтердің ішінде ре­продуктивтік денсаулық пен жүк­ті­ліктен сақтандыратын пре­параттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету және 16 жастан бастап өз бетінше дәрігерге қаралуды қамтамасыз ету кіреді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ