Қазақстан • 29 Қараша, 2018

Мазмұны терең ой-толғам

916 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мазмұны терең ой-толғам

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – «Рухани жаңғыру бағдарламасының» жалғасы әрі қоғамдық тұтастық пен бір­лікке бастау болатын тарихи сана­ны жаңғырту тұрғысындағы маз­мұны мен мәні терең ой-толғам. Мақалада Президент Ұлы даланың мақтаныш ете ала­тын жеті ерекше қырын атап өтеді. «Жеті» – бұл әлем хал­қы­ның барлығы­на аса бір құрметті мағынаға ие рәміздік сипаттағы сан. Жаратушы дүниені жеті күн ішінде жаратты. Жеті күн – уақытты өлшеудің ең қарапайым әрі табиғатпен (күннің атуы мен батуы аралығында­ғы меже) үндескен көрінісі.

Бүгін­гі шартараптағы әрбір қоға­мы­ның көкірегі ояу, көңілі терең азамат­тарының тілінің ұшын­да «Әлемнің жеті кереметі» деген тіркес қалыптасқаны белгі­лі. Ұлы даланың ерекше жеті қырын тілге тиек ете отырып, Президент Қазақстанның тарихын терең зерделеуге үндейді және оны ел-жұрттың рухани игі­лігіне практикалық тұрғыда айналдыру мақсатында ірі, маңыз­ды жобаларды ұсынып отыр. Ол жобалар «Архив – 2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп ата­лады. Бұларды жүзеге асыру руха­ният саласын жаңа өрлеу сатысы­на жетелейтіні анық. 

Қазақтың Ұлы даласы және сол кеңістікті мекендеген ұлт пен ұлыстар дүние жүзі­нің мате­риалдық һәм рухани мұра­сы­на зор үлес қосты. Оның негізі түп­қазығы көшпелі өркениет пен отырықшылық мәдениеттің тоғысында жасалды. Көшпелілер империясының әлем картасына елеулі өзгерістер енгізгені, материалдық мәдениет пен рухани мұралардың бай қазына­сын қалдырғаны тарихта мәлім. Жылқы ұстау мен оны адам игілігіне пайдалану мәдениеті шеңберіндегі технологиялық жетістіктерді адамзат қоғамы сан-мыңдаған жылдар бойы қол­данып келді, оны әртүрлі маз­мұнда байыта білді. Ал түркілер­дің, соның ішінде қазақ халқында фольклорлық мұралардың, сонымен қатар музыкалық өнердің мол қазынасы сақталып бүгінгі заманға жетті. 

Ұлы даланың көп ғасырлық рухани һәм материалдық мұра­ларын заманауи технологиялар мен жаңа қалыптасып жат­қан цифрлы өркениеттің сұраны­мына сай қайта жаңғырта білу, оны ел жұрттың пайдасына жарата түсу – еліміздің рухани және технологиялық тұрғыдан дамуына жаңа екпін қосатыны сөзсіз.

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор, 

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі