Аға
Аға. 1. Ағайынды адамдардың жасы үлкені…
3. …ақылшы, жетекші.
(Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, «Ғылым», 1974)
Ал мен бұл түсіндірме сөздіктің анықтамасына:
«…әкеден кейінгі жаны бөлек жанашыр, қаны бірге қамқор жан», дегенді қосқым келеді.

Аға. 1. Ағайынды адамдардың жасы үлкені…
3. …ақылшы, жетекші.
(Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, «Ғылым», 1974)
Ал мен бұл түсіндірме сөздіктің анықтамасына:
«…әкеден кейінгі жаны бөлек жанашыр, қаны бірге қамқор жан», дегенді қосқым келеді.
Автор.
І
Көлігіміз Кеңсай ауылынан өтісімен Кішкенетауды бөктерлей Қойбас анамыздың арығын жағалап келіп, Қарабұлақтың желкесіндегі Құстыны басып, қалың быдырықтың сай-сайын қуалай тартылған тас жолмен Маңырақтың баурайына сұғынды. Бала кезімізде Қызылқырқа, Айбала қыстақтарынан атпен келіп, дүкенінен қант-шай алып қайтатын Сарыши ауылы сол қапталда қалып барады. Үш-төрт белегірді асқан соң жүргіншілер «ресторан» атандырған Саздың суы – кәусар, қасиетті тұмасына тізгін тежедік. Ес жиып, етек жапқалы жыл сайын кемінде үш-төрт дүркін өтетін, өткен сайын тұманың тұнығынан ішіп, беті-қолды шаймай өте алмайтын бастау ғой бұл.
– Осы тұманың соңы бұлақ болып ағатын Жәнделі шатқалы дауыс жетер жерде жатыр, – деймін сапарластарыма. – Талай тарих осынау бөктерлердің астында нағыз зерттеушілерін күтіп, бұғып жатыр ғой… Көне көз, кәріқұлақтардың әпсаналарына құлақ түрсек, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыстағы көрші алып елдің қызылаяқ жаяу әскері мына шұрайлы өлкені басып алмақ болып, осы сайды құлдай ағылған деседі. Сонда біздің елден шыққан он сегіз жасар Жәнделі есімді батыр қыз қол жинап, жауды осы шатқалдың екі жақ биігінен тосып алыпты. Саны көп, қару-жарағы басым қызылаяқтарды (ұзақ жүріске шаршамау үшін балтырларын орайтын таңғыштары қызыл шүберектен жасалғандықтан, осылай атаныпты) таудан домалатқан кесек тастармен қырып салыпты. Одан қалғандарын қылышпен қидалап, найзамен түйрепті. Сөйтіп, қарусыз бейқам жатқан елді бағындыра қоямыз деп келген қытайлар мыңдаған шеріктерінің қанымен бұлақ суын былғап, қайта түріліпті… Жәнделі қыздың өзі де сол шайқаста шейіт болыпты. Шіркін, бойкүйездеу, барымызды да, нарымызды да көрсетуге асықпаймыз-ау. Тарихшы-ғалым жерлесіміз Ахмет Тоқтабаев өз қаржысына сол шайқастың 130 жылдығына орай Жәнделі шатқалына белгі қойып, тасқа аңдатпа жазып кетті… Одан кейін тым-тырыс болатын. Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнолдин мырза батыр қызға ескерткіш қоюды ойластырған екен. Оның ер есімін ел есінде қалдыру бүгінгі ұрпақтың борышы екенін түсініп, үлкен істі қолға алғалы жүргені қуантты.
…Тұманың суынан ішіп, сұп-суық мөлдіріне бетімді шайдым. «Ғұмыр болса, сенің тұнығыңа талай рет арнайы соғармын-ау. Бірақ, бұрынғыдай болар ма?!» Мұздай суық су бетімнен жып-жылы болып ақты. Суық суды жылытқан қос жанардың ыстық жасы екен, осыдан бір жарым жыл ғана бұрын науқасты болып жатқан өзім көке деп атайтын, содан мен ғана емес, бүкіл жұрт солай атандырған Қыдырбек ағатайымның көңілін сұрай келгенімде өзі жарты ғұмырында мекен еткен шағын ғана Алшынталды ауылының белегіріндегі сандық тасқа ұлы Айдарға арқалатқандай ғып шығарып, қарсы алғаны. Үстінде қашандағы қара тұлыбы. Қара тас, қара тұлып тұтас дене болып көрінетін. Қашаннан солай. Менің Зайсанға жеткенімді естіген соң-ақ дегбірі кетіп, «әне келе жатыр, міне келе жатыр» деумен қара тасқа отырып алып, қара жолдың бойына көрмесе де үңіліп, құлақ түрер еді. Тек соңғы жолы келгенімде, алдыңғы жылдың алапат қысында автокөлігімізді тракторға жетелетіп жеткенімде қара тас иесінсіз қарсы алып еді. Бұрынғы көзге ыстық, көңілге хош суреттің енді қайталанбасын қу ішім сезіп еді-ау.
Иә, ол қазір бақилық. Бұл сапар осы өлкеге арнайы келген біраз жолдастармен бірге жол түскен соң ағаның орнына келе жатқан бетіміз. Атамекеніме, әкемнің құт қонысына, көкемнің күл төккен жеріне келермін-ау, бірақ ет жақынға деген сағыныш болмас, себебі жеңгем Әзікен, інім Айдар мен келін Сара да бала-шағасымен ел ішіне қарай қоныс аудармақ. Тек, туып-өскен жерге, атамекенге деген сағыныш жылына бір-екі дүркін келіп-кетуге жеткілікті себеп бола алар ма?! Суық суды жылытқан жанардың ыстық жасы бас иесіндей адамынан айрылғандай жартылай иен ауылды, үстінде мені сағына тосып отырған адамы жоқ сұп-суық сандық тасты көзге елестеткендіктен, сыртқа лықсыған көңіл толқыны ғой. Менің жан-дүниемді түсінген көкемнің келіні Ғайша да көзін бір сығымдап алды.
– Анау көрінген биік қызыл шағылды «Өкей тауы» деп атайды, – деймін сапарластарыма мекенімнің тарихы тым тереңде жатқанын білдіргім келіп. – Бүкіл тау беткейіндегі жартастарды неолит дәуірінен бермен келе жатқан петроглифтер – тасқа салынған суреттер мен жазулардың галереясы деуге болады. Оған да зерттеуші-тарихшылардың назары ауатын кез келер…
Талдының желкесіндегі белегір көлденеңдеді. Талай-талай балаларын тосқан әке-шешелерге, іні-қарындастарын күткен ағаларға «орындық» болған сандықтай қара тастың ғана жатысы тағы да жүректі бір аунатып алды.
ІІ
«Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге» шақ тұрған көктемнің көкөзек шағы болатын. Алайда, қыс ызғары қайтып, күн шуағы молайған тұстағы тебіндеп шыққан көк жаңа өмірдің хабаршысындай. Зерлі қанат көбелектер ұшады, бозторғай үні, мектептің тоқал төбесін жапқан сырғауылдарының жабықтан шығып тұрған ұштарының түбіне балшықтан ұя соғып жүрген қарлығаштардың шиқылы – бәрі-бәрі қосылып, сабақта отырған шәкірттерді тысқа шақырып, төзімдерін тауысқандай. Сол кезде класс терезесін әлдебіреу қамшысының сабымен тықылдатып еді, барша шәкірт солай қарай мойын бұрған. Қауен мұғалім терезені ашқан кезде Қыдырбек те немерелес Файзолла ағасының желқақты қараторы жүзін бірден таныған. Жүрегі әлденені сезгендей бүлк ете қалды.
– Қауенжан, сабағыңды бөлгенімді ғафу етерсің. Анау Қыдырбек інімді қуантайын деп әдейі бұрылдым, – деп, ол сыныпта отырған жиырма шақты көгенкөздерді жанарымен шола қарады. – Ә, Қыдыкен, сүйінші, інілі болдың! Шешең бүгін таңертең аман-есен қол-аяғын бауырына алып, ұлды болып жатыр. Сол тау жақтан келе жатқан бетім. Сені қуантайын деп әдейі бұрылдым.
Ол астындағы кертөбелін сипай қамшылап, мектептен ұзай берген.
– Ағай, тау жаққа қашан жүресіз? – деп, жүгіріп терезеге жеткен бала айғайлаған.
– Асықпа, екі-үш күннен соң өзім апарып келемін…
Есі шыққандай қуанған шәкірт бала сабақтың соңына дейін әрең шыдаған. Мұғалімінің: «Ал бауырыңның бауы берік болсын. Артыңнан еретін жақсы жігіт болып өссін!» деген тілегін де әрең ұқты. Ештеңені тыңдап, ештеңені ұға алатын халде емес еді. Есіл-дерті Кішкенетаудың бір қойнауында жатқан Шұрық қыстауы. Онда колхоздың бір қора қойын бағып жатқан әке-шешеге… одан кейін өзі әлі көрмеген, тіпті көзіне елестете алмай тұрған інісіне қалайда жету.
– Ағай, екі күннен соң мейрам ғой… Мен үйіме бүгін кетейін, босатыңызшы, – деген ол қоңырау үні естілісімен-ақ мұғалімінің қасына келіп.
– Жоқ, айналайын, жібере алмаймын. Сабақтан қалатының үшін емес, екі көштік жерде жатқан Шұрыққа жалғыз, көліксіз жете алмайтының үшін босата алмаймын. Қорқамын. Егер солай қарай бара жатқан біреуді тапсаң, оны маған ертіп кел. Сонда ғана босатамын.
Ол сол күні қой фермасына қатысы бар-ау деген кісілердің бәріне жолықса да «барамын, ала кетейін» деген ешкімді жолықтыра алмаған. Ал Файзолла ағасы айтқан екі-үш күн оған жылдай ұзақ уақыт болып көрінген. Ол бір шешімге бел байлаған. Өзімен бірге оқитын Мамырбектің үйі де сол Шұрықты қыстайтын. Оған ұсынысын айтып еді, ол жанып кетті.
– Қорқатын не бар? Ертең таң ата жүріп кетсек, мына тұрған Шұрық емес пе. Жүгіре басып жүріп кетсек, кеш батпай жетіп барамыз. Тек тұрған үйімізден өзек жалғайтын екі-үш түйір құрт ала шық. Қауен мұғалім бір ұрсар да қояр, – деп, ол әңгіменің түйінін оңай шешіп берді.
Шәкірт бала тұрып жатқан үйіне өзінің інілі болған қуанышын жеткізіп, Мамырбек екеуін мұғалімдерінің босатқаны туралы өтірік айтып жіберген.
…Екі бала талтүстің уағында Кеңсайдың бірінші асуынан асып, Соқырбастаудың басына келгенде ғана бір-ақ аяқ суытысты. Бастау суына шөлдерін қандырып, қалталарындағы қуырылған бірер уыс бидай мен екі-үш түйір малтамен жүректерін жалғаған болды. Қанша дегенмен, ұзақ жол қалжыратып-ақ тастапты. Аяқтары басқызбай, тұла бойлары тыныштық тілейді. Екеуі иендегі бастау басындағы көгалға аунай-аунай кетіскен. Иектеген ұйқы-дұшпан «қазір тұрып, жүріп кетеміз» деп жатқанда тыныштық тілеген балаң денелерді өзінің құшағына байқатпай ала қойыпты. Әлде бір құстың беймаза шаңқылынан көзін ашып алса, тас төбеде тұрған күн еңкейіп, қара шағылды жотаның шоқысына барып қонақтап үлгіріпті. Сілекейі шұбырып, ұйқыны соғып жатқан жолдасын оятып еді, екі көзі қып-қызыл болып орнынан атып тұрды да, өзінің қайда бара жатқанын ұмытса керек: «Не болды, не болды?» деп бұған таңдана қарайды.
Екеуі өрге қарай жүгіре жөнелген. Қаншалықты тез жүрдік десе де Кеңсайдың екінші асуын артта қалдырған кезде ымырт үйіріліп, көз байлана бастаған. Талай-талай қыстауларды басып, ұлы жайлаудың қарлы биіктеріне дейін созылып жатар көш жолынан бұрылып, Шұрыққа бастайтын жалғыз аяқ соқпаққа түскен кезде қараңғылық қоюлана бастаған. Бүк түсіп жатқан тоқал төбелер де әрең-әрең қарауытады. Бірте-бірте соқпақ та көрінбейтін күйге жетті. Әйтеуір осы бағытта болар дейтін нобаймен ғана жүріп келеді. Аяқтарына қараған-бұтаның тікені кіріп, балтырларын да бүрген тырнай берген соң ауылдан шыға шешіп алған ескі аяқ киімдерін киісті:
– Қасқыр келсе, қайтеміз? – Мамырбектің сыбырлаған үнінде үрей бар еді.
– «Қасқыр адамға шауыпты», дегенді естісем керең болайын. – Бірақ өзінің де сол аты жаман құрғырдан қорқып келе жатқаны да рас еді. Бағана жолдан тауып алған екеуара жалғыз таяқ ит-құс шапса, қару болып жарытар ма.
Екеуі тағы да сүт пісірімдей жүрген соң, ескі қора сияқты тастан қаланған қабырғаға келіп тірелген. Жағалап жүріп, есіктің орнын тауып, ішке кірген.
– Адастық, – деді Қыдырбек. – Не болса да осы қораны паналап, түнеп шығайық.
– Бағана бекер-ақ ұйықтаған екенбіз. Енді бізді қасқыр жеп қойса, сүйегімізді де таппайды… – Мамырбектің сөзінің соңы бұзылып, ықылық атып, өкси бастаған.
– Қой, жылағанмен көз жасынан көмек жоқ. Не болса да үнімізді шығармай, іштей бір Аллаға сыйына берейік.
Бір жақтан байғыз сұңқылдап қоя беріп еді, енді бір жақтан үкінің әупілдеген бейбіт үні құлаққа естілді. Ең сұмдығы бөрілердің ұлыған үні алыстан талып естіледі. Әлде қорыққаннан, әлде түн ызғарынан тістері тістеріне тимейді. Қанша уақыт дірдектеп отырғандарын білмейді, тағы да ұйқы-дос үрейден құтқарды. Бір кезде дөңгелек сақалы мен шалғылы мұртын сәндеп қойған бір қарт келіп: «Тұра ғой, балам» деп түртіп оятқан кезде Қыдырбек көзін ашып алса, айнала жап-жарық болып қалыпты. Қасында бір қырындаған күйі тәтті ұйқыны соғып жатқан Мамырбектен басқа жан жоқ.
– Мынау ескі қора емес, біздің ата-бабамыздың көне қорымы ғой! – деген досының жан даусы шыққан кезде қабырдың төмпешіктенген топырағын құшақтап жатқан Мамырбектің ұйқысы шайдай ашылып, құйрығын отқа қарып алғандай тысқа атып шыққан.
– Бісміллә-бісміллә, – деп екеуі де жайшылықта ерекше ызғарлы көрінетін зираттан ұзаңқырап барып, соңдарына қараған.
– Мырқан атам, Шәмши бабам бәрі осында жатыр, – деп жежем келіп, құран бағыштайтын. Біз түнеп шыққан бейіт әкемнің немере ағасы Дәулетжар атамның төрт құлақты зираты екенін таныдым.
– Қасқырларды бізге жібермеген сол ата-бабаларыңның аруақтары шығар, а? – Енді ғана есін жинаған Мамырбек тілге келген.
– Ол рас. Мені түртіп оятқан да солардың біреуі екені де рас.
Өзі де, әпкесі Мәлиға да «жеже» атандырған соң қой фермасының бар үлкен-кішісі солай атандырып кеткен әкесі отарын енді өргізгелі жатқанда жотадан асып түскен екеудің біреуі өзінің он бір жасар ұлы екенін көргенде қуанғаннан гөрі ерекше таңданыспен:
– Құлындарым-ау, екеуің таң атар-атпаста аспаннан түстіңдер ме? – Атынан домалай түскен.
Әкесінің қолынан босай беріп: «Інімді көрейінші», деп үйге қарай жүгіре жөнелген. Мамырбек мұның әкесіне түнде адасып кеткендерін, сонан соң зираттың ішінде қонып шыққандарын сөз етіп тұрды. Шамасы, екеуінің батырлықтары туралы кешеуілдетпей айтуға асыққан болса керек.
Ол үйге кірген бетте шешесіне бетінен сүйгізер-сүйгізбестен төсектің үстінде ораулы жатқан қызыл шақаны құшағына алған. Жас ірімшіктің иісіндей сәбидің хош иісін құшырлана иіскеп: «Бауырым сол!» деді бар ағалық ықылас-пейілін, сүйіспеншілігін осы екі сөзге сыйғызып.
* * *
Маған дейін екі бірдей інісі шетінеп кеткендіктен, өзінен кейін он бір жылдан соң жалғыздықтан құтылғандай болып қуанған ол – сен едің, көке. Бұл қанды қырғын орыс-неміс соғысы басталар жылдың мамыры ертең туады деген күн болатын.
ІІІ
«Балам, қане тез ояна ғой». – Алдыңғы жылы зират ішінде ұйықтап жатқанда оятатын қария. Осы дөңгелек сақал мен сәндеп қойған шалғы мұрт, сол бір жағымды үн. Орнынан атып тұрды. Айнала жым-жырт, тек келесі қырдың астынан көршілері Әтима шешейдің бажылдап жылаған үнін естіген.
Бала не болып, не қойғанын түсіне алмай, аң-таң болып отырып, өздерінің жайлаудан бүгін түс ауа шаршап-шалдығып көшіп келгендерін еске түсірді. Шешесі екеуі шағын киіз үйді көтере салып, үйдің ішіндегі заттарды жинауға шамалары келмей, жерге сырмақ төсеп қисая-қисая кетіскен. Орталарына жатқызған кішкентай інісі де бейғам, пыс-пыс дем алып ұйықтап жатыр. Мұрнына түтін исі келгендей. Сөйткенше киіз үйдің түрулі есігінен қарсы беткейге көзі түсіп еді… Қара түтіні будақтаған от-шымылдық бұларға қарай жылжып келеді екен.
– Бәти-ау, өрт-өрт, – деген Әтима шешейдің ащы даусы тым жақыннан естілді. Шешесі де жалаңаяқ, жалаңбас тысқа жүгіріп шығып, әлдене деп быжылдап жүр.
Бала есін тез жинап, жерде жатқан әкесінің тонына інісін орай салып, Ащылы бұлағының арғы жағына ала жөнелді.
– Тәте, оңайдағы киімдерді алып, судың арғы жағына жүр, – деп айғайлады қолына бір тулақты ала салып, жолындағыны жалмап келе жатқан қызыл жалынды сабалап жүрген шешесіне. Жайшылықта-ақ жылауық дейтін аты шығып қалған інісін тәтті ұйқысынан оятқан соң не сорым, бұлақ бойын бақыра басына көтеріп, қалқайып орнынан тұрған.
– Орныңнан қозғалма! – деп, інісіне зекіген бала үйге қарай зыр жүгірген. Бұл кезде киіздей болып бітік өскен бетегені қуалай жылжыған от бұлардың үйлеріне таяқ тастам жер қалыпты. Шешесі көк түтінге тұншыға жүріп, от-шымылдықтың бір-екі құлаштай жерін кідірткенмен, өрт оны айналып өтіп, үйлеріне қарай заулай берді.
– Тәте, судың арғы жағына қарай қаш! – деп, жүгіріп үйге кірді де, бірер буыншық-түйіншекті ала шықты. Шамалауынша інісінің киімдері. Бұл кезде шешесі де отпен майданын тоқтатып, сыртта жайрап жатқан жүктен екі-үш көрпені сүйреп, судың арғы жағында әлі бақырумен тұрған баласына қарай жүгіріп барады екен.
Бала қолындағыларын судың арғы жағына лақтырып, қайтадан үйге қарай беттегенде есік алдындағы шашылып жатқан жүктерге оттың жеткенін көрді. Сол кезде белдеуде тұрған әкесінің торы атына көзі түсті. Жануар дір-дір етіп, орнында тұрып тыпыршиды. Босағадан ілінген от тігулі тұрған киіз үйді жермай шашқандай лап еткізді. Аттың шылбырын шешу мүмкін болмаған соң, бетін шарпыған жалынға қарамай жерде жатқан бақанмен атты сауырдан салып өтті. Үйдің белдеуі үзілді ме, әлде ескі шылбыр үзілді ме, жануар ертоқымымен ойнап шыға берді.
Бұлар ес жинап үлгіргенше өрт үйлерінің қалдығын шоқ пен қарауытқан күлге айналдырып, бел-белеске жайылып, жолындағысын жалмап бара жатты. Осы кезде жайлаудан өздерімен бірге көшіп келіп, келесі бір төбенің астына көрші қонып, үйлерін тіккен Ғалымжан қойшының зайыбы Әтима да ересек болып қалған ұл-қызын жетелеп жеткен. Бағана ғана тайлақтың шудасындай желкілдеп тұрған киіздей бетегенің орнындағы қап-қара күл үшеуінің аяқтарының астында бұрқ-бұрқ етеді.
– Бәти-ау, кішкенелерің аман ба?! Мен жазған өзімізді сорлатқанмен қоймай, сендерді де сорлаттым-ау, ойбай! – Күйелеш-күйелеш болған бетін тер мен көз жасы жуып, айғыздап тастапты.
Баланың ұққаны – ол да жаяу-жалпы жүрген көштен шаршап-шалдығып келген соң киіз үйлерін тігуге шамалары келмей қос керегеден итарқа көтеріпті де, оттың бұрынғы орнына мосыға шәугім асып, от жағыпты. Өзі қалғып кеткен екен, отты қарап отыруды балаларына тапсырса керек, ойын балалары әлденеге айналып кете ме, сол кезде қурап тұрған шөпке тиген от лап ете қалған.
* * *
Өкіндің не, өкінбедің не, көршіге ренжігенмен де тілсіз жау әне-міне дегенше жайлаудан жұрттың алды болып түскен қос көрші осылайша айдың-күннің аманында баспанасыз, азық-түліксіз, колхоздың екі отар қойын иіріп қала берген.
Ағайын, ел-жұрттың арқасында кедей үйлердің аз мүлкі орнына келген.
Бірақ…
Бірақ, бірақ… сол күнгі өрт бала Қыдырбектің де бүкіл өмірін өксітіп кетерін ол кезде ешқайсысы да білмеген.
IV
Панасыз қалған бұларды әкесінің жамағайын қарындасы Жұпардың күйеуі Нұрғали үйлеріне шақырған. Тай шаптырым жердегі көне жұрттарына сол күні түстен кейін келіп, үй тіккен соң қайынағасының отбасына түскен ауыртпалықты білген бойда Нұрғалидың өзі тізгін ұшымен жеткен. Бұл кезде колхоздың біраз адамдары жабылса да Шілікті жазығына қарай жылжыған қалың өртке ешкім тосқауыл бола алмай, тек қана кешке таман құйып өткен нөсер жауын өшіріпті. Судан өтіп, жайбарақат жайылып жүрген торы ат та табылған еді.
– Секе, ең бастысы бала-шағаң аман. Соған да тәубе дейік. Естуімше, мына Қыдыкен етегіне от тие бастаған үйден інісін алып шығыпты. Ер деп осыны айт! Азамат деген осы, – деп, баланы бір мақтап қойды. – Кейін інің үлкен жігіт болғанда: «Сені оттан да өзім алып шыққанмын», деп бағаңды арттырып отыратын боласың. Жә, басшылар келіп, баспаналарыңды қалқайтып бергенше біздің үйге жүріңдер. Қой қос қора болып жата тұрар…
Кеселдің бәрі де осы қос қора дегеннен басталған. Үлкендер Жұпар әпкесінің бар мәзірін салып әзірлеген кешкі шайын ішуге отырған кезде балаға екі отар қойдың бір-біріне қосылып кетпеуі тапсырылған.
Кешке дейін көш жолының шүйгініне жайыла оттап келсе де әбден жусағанша тойып бермейтін, әлі көң төгіп үлгірмеген жаңа жұртқа байырқалай алмай жүрген тойымсыз жануарлар шөпек қағып, бетегені бырт-бырт үзеді. Екі отардың арасы арқан бойы жерде тұрса да, бір-біріне қарай жайылып тоқтар емес.
Бала: «Шәйт былай!» деп екі ортаға жүгірумен шаршаған. Оған да шыдар еді, тек қана төрт құлағы қалқайып, екі ортада қарауытып тұрған жалғыз бейіттен сескенеді. «Егер кебінін сүйретіп аруақ шыға келсе қайтпек?». Бар білері зират жанынан өткен сайын «бісмілләсін» қайталай береді.
Келесі бір өтіп бара жатқан кезде зираттың әбден мүжілген қабырғасына ішіндегі аузы үңірейіп ашық жатқан қабырдан аппақ кебін киген аруақ секіріп шыққан еді. Жүрек ауызға келіп тығылды. Ала бұлт астынан жаңа көрінген ай да селк ете қалған, аспан аунап, жер төңкеріліп бара жатты. «Жеже!» деп бір айқайлауға шамасы әрең келген бала жерге сұлап түскен.
Сол түнде екі отар қой миша былығып кеткен; сол түнде екі үйлі жанның ересек төрт кісісі есі кіресілі-шығасылы болып жатқан жеткіншектің аузына су тамызып, көрер таңды көздерімен атқызған. Кеселдің неден болғанына жіп таға алмай, өздерінше ұшықтаған болған.
– Жеже, бүгін мектепте сабақ басталды ғой.Тағы кешігіп барсам, Қауен мұғалім ренжитін болды-ау, – деген бала есін бір жинағанда.
– Ертең апарамын, құлыным, мектебіңе, – деген әкесі де. Бірақ келесі бесінші сыныбы емес, мектепке ешқашан бара алмайтынын ол да, әке-шешесі де сол сәтте білмеген еді. Ең бастысы ойламаған жерде жабысқан дертке беті ашылып қалған қабыр ішіне түсіп кетіп, қайта секіріп тысқа шыққан ақ ешкінің кінәлі екенін де ешқайсысы бағамдай алмаған…
Бұл қан майдан қызып жатқан 1943-тің 1 қыркүйегі еді. Содан он үштегі бала 13 жыл бойы, 26-ға келгенше, төсек тартып аурудың азабын шекті; содан басын көтеріп, ептеп жүре бастағанмен, бір жамбасы қисайып, жарым жанды, жарты санды болып қалды; содан тағы 13 жыл бойы өзі 39-ға келгенше, жыл сайын тура 1 қыркүйек күні жығылып, бір ай – тура 30 күн аурумен алысып, зар илеп жататын еді, содан науқас аяқ күп болып ісіп, бірнеше жерден жарылған соң ғана аппақ қудай жүзі тыныштық табар еді…
Сөйтіп, жатып-ақ өзінше оқып, білімін көтерді, бірақ одан ешкім емтихан алып, ешкім сыныптан сыныпқа көшірген жоқ; сөйтіп жүріп-ақ соңынан ерген жалғыз інісінің мектеп табалдырығын аттап, сыныптан сыныпқа ойдағыдай көшкенін мақтан етіп: «Әй, күнім, сен мен үшін де оқуың керек», дер еді; сөйтіп жүріп-ақ колхоздың біраз жұмысына араласып, Әзікен жеңгей екеуі, құдай көп көрмесін, бес ұл, бес қыздың әке-шешесі атанды; сөйтіп жүріп-ақ гармон, баянын, домбырасын тартып, өзін ғана емес, өзгенің де жүдеу жандарын ән-күймен тербеген.
Иә, қолына қару алып, майданға бармаса да уақтылы емдетуге ешкімнің мойнын бұрғызбаған сұм соғыстың зардабынан жарты өмірін азаппен өткізген ол да соғыс мүгедектерінің бірі болған да қалған.
V
Зайсан мен Семейдің арасы – отар-отар қойды, табын-табын сиырды жылжи қонақтатып, малды жүдетпей асықпай айдаушыларды айтпағанда, жүрдек көліктің күнбе-күн өкпесі өшіп әрең жететін алыс жол. Оның үстіне, айдаған малың Семейдің ет комбинатына жеткенде салмағына салмақ қосып баруы шарт. Бұл екі күннің бірінде соңдарынан қуалай келіп, азық-түлік жеткізіп тұратын шаруашылық басшыларының екі қарап, бір шоқитын ең басты тапсырмалары. Сондықтан да алыс аудандардан мал айдаушыларға арнайы бөліп қойған Қалба тауының оты мол, суы мөлдір кең жайлауында он бес-жиырма күн жататын әдеттері тағы бар. Елден шыққандарына екі айдың жүзі болған тұста бұлар да Қалбаның ішіне қостарын тіккен. Кәдімгі елдегі жайлауға шыққандай әр аудан, әр шаруашылықтан келе жатқан мал айдаушылар да бір-бірін шақырысып, мәз болысып қалады. Өңшең салт басты, сабау қамшылы жігіттер аяқтарын созысып, тыныс табар еді.
Қатар шаруашылықтың елден шыққалы бірге келе жатқан жігіттерінің ортақ қазан көтерісіп, барларын ортаға салып, дүрілдесіп отырған кездерінде Қыдырбек бір ұсыныс айтқан.
– Жігіттер, мен бір қуанышты хабардың боларын сезіп отырмын, сезіп қана емес сеніп отырмын. Сондықтан ертең кешке біздің қара қоста бас қосайық.
– Ол қандай қуаныш? – дескен жігіттер.
– Оны сол ертең жиналған кезде айтармын.
Ол он-он бес шақырым жердегі Көкпектіге жігіттерінің бірін жұмсап, қонақтарға қажет болар-ау деген біраз ішіп-жем алдырған. Қойшысы бар, сиыршысы бар көк шөптің үстіне жайылған дала дастарқанына жиналған соң күні бойы сөзбуаз болып жүрген жігіттердің, оның өз қуанышының себебіне сене қоюлары оңайға соға қоймаған.
– Соңымнан ерген жалғыз інім биыл Алматыға оқуға кеткен болатын. Сол оқуға түсіп, қуанып жүр екен. Оның қуанышы – мен үшін екі есе қуаныш. Мен сол қуанышымды өздеріңмен бөліскім келді.
– Не пошта келмейтін, не телефоны жоқ иен таудың ішінде бұл жаңалығыңды қайдан біле қойдың? – деген жігіттердің бірі.
– Иә, хат-хабар ала алмайтынымды өздерің де жақсы білесіңдер. Алайда, хат-хабардан сенімді «кiсі» кеше айтып кетті, – деген ол сөзін жұмбақтап бітіріп. Бірақ ол «кісісінің» не қуанған, не қиналған кезде түсіне кіретін әлде атасы, әлде бабасы екенін айтпаған.
Інісінің шынында оқуға түскенін бір айдан соң апарған малдарын Семейдің ет комбинатына тапсырып, елге келгеннен кейін бір-ақ білген.
Бұл бұдан тура елу жыл бұрынғы жаздың тамыз айы болатын.
* * *
Иә, … сандықтай қара тастың иесіз иен жатысы жүрегімді бір аунатып алып еді. Бұрынғы көрген азабы аздай соңғы оншақты жылдың беделінде өзінің немерелерінің де түрі-түсін бір көруді армандаумен болған, суқараңғы болса да: «Кәдірім, келін екеуіңнің келгендеріңді жүрістеріңнен-ақ сеземін», деп құшағына қысатын сәтіңді көре алмайтынымды мойындау қандай қиын еді, жан Аға. Өйткені, сен де өзіңнің түсіңе кіре беретін атаңның, әлде бабаңның рухы сияқты мәңгілікпен астасып кеттің.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Алматы.