Бізге беймәлім «Амангелді» романы
Ол жарыққа шықпай қалса да классиктерден жақсы баға алған еді
Алдымен, кезінде мемлекеттік баспадан шығарудың сәті түспеген «Амангелді» романының авторы туралы аз ғана мәлімет бере кетейік. Бақыт Иманов – Амангелді Имановтың немере інісі. Дәлірек айтсақ, Иманның үлкен ұлы Балықтан туған Көшімбектен – Байегіз, одан – Бақыт. Ал Иманның екінші ұлы Үдербайдан Амангелді өмірге келгені жалпақ жұртқа белгілі ғой. Бақыт Иманов 1914 жылы туып, 1975 жылы қайтыс болған.
Ол жарыққа шықпай қалса да классиктерден жақсы баға алған еді
Алдымен, кезінде мемлекеттік баспадан шығарудың сәті түспеген «Амангелді» романының авторы туралы аз ғана мәлімет бере кетейік. Бақыт Иманов – Амангелді Имановтың немере інісі. Дәлірек айтсақ, Иманның үлкен ұлы Балықтан туған Көшімбектен – Байегіз, одан – Бақыт. Ал Иманның екінші ұлы Үдербайдан Амангелді өмірге келгені жалпақ жұртқа белгілі ғой. Бақыт Иманов 1914 жылы туып, 1975 жылы қайтыс болған.
Бақыт 40-жылдардың басында Қазақ журналистика институтының (КИЖ) 2 курсын тәмамдап, алғашқы кәсіби маман ретінде туған жері – Батпаққара (бүгінгі Қостанай облысының Амангелді ауданы) өңірінде осы салада жемісті еңбек еткен. Кейін аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы болып жүргенде ол талапты жастарды жазуға баули біліпті. Бұл қамқорлығының зая кетпегенін мына мысалдан аңғарамыз. Қазақ баспасөзінің белді тұлғалары Төлеубай Ыдырысов пен Сапабек Әсіп, журналистикада өзіндік қолтаңбаларын қалыптастырған Қайыржан Елешов пен Мүсілім Досмағанбетов, Бөгетбай Әлмағанбет және басқалар Бақыттың үміт еткен шәкірттері болған. Бұлардың қай-қайсысы да ұстаз сенімін нақты істерімен ақтай білген қалам жорғалары екендігін айтқан ләзім.
Амангелді батырдың екінші ұлы Шәріп Иманов «Атаның асыл мұрасы» деген естелігінде («Батырдың биік тұлғасы», 1986 ж., Алматы, «Қазақстан» баспасы) былай жазады: «Бақыт Иманов жазу ғана емес, ауызекі әңгімеге шебер, өткен-кеткен аталар шежіресін көп білетін, сөз ұстаған кісі болатын. Амангелді шежіресін жан біткеннен қызғанып, жан адамға жария етпей, жасырын ұстағаны да сондықтан болар.
Әкемнің шежіре-тізбесінен көз жазып қалған мен 1953 жылы семьяммен демалысқа елге барғанда қолжазбаның үлкен бір бөлімінің Бақыт Имановтың қолында екенін естідім де, қояр да қоймай Алматыға алып қайттым».
Бақыт шығармашылығының шыңы деп, оның қаламынан туындаған «Амангелді» романын айтар едік. Ол үш кітаптан тұрады. Біріншісі 1879-1891 жыл аралығын, яғни батырдың жастық шағын қамтыса, екінші кітапта 1895-1914 жылдарғы тарихи оқиғаларды негіз етіп алып, 1914-1919 жылдарғы кезеңді үшінші кітапқа еншілепті. Осы жерде айта кетейік, Бақыт сонымен бірге аты аңызға айналған атасы жайлы «Қанды тас» деген дастан жазған төселген ақын да болған. Не керек, бүкіл саналы ғұмырын осы халық мерейін асқақтататын алмастай сан қырлы тақырыпты терең зерттеуге арнап, көркем кестелеуге кемелденген екен. Шынайы талант иесі осы мақсатына жеткен де сияқты еді. Бірақ романның қолжазбасын әзір еткенімен, оның бірнеше тараулары әртүрлі деңгейдегі баспасөзде жарияланып, өкініштісі сол, кітап болып басылғанын көруге тағдыр жазбапты оған.
Бақыт Имановтың бұл романы жөнінде жазушы, ғалым Сапабек Әсіп жақсы пікір білдіре келіп, автордың өзіне арнап жіберген қолжазбасын қарауындағы журналистерге ысыра салуға қимай, тиянақтап қарап, редактордың орынбасарлығы қызметін атқарып отырған Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газетінің он нөміріне басқанын айтты. Тілі көркем, композициясы шымыр, тарихи оқиғаларды баяндауда дәлдік тұрғысынан мін таққызбайтын шыншыл шығарманы оқырмандар жылы қабылдапты. Бұл 1968 жыл болса керек.
– Тағы бір есімде қалғаны, Бақыт ұстазымыздың сол романына қатысты Қостанай обкомына Алматыдан арнайы ресми хат келген, – деп Сәкең менің қолымда сақтаулы бір құжаттың мәнісіне терең бойлай түсуге түрткі болып еді.
Енді сол құжатты түзетусіз, толық келтірейік. «ҚКП Қостанай облыстық комитетінің секретарына. Көшірмесі: Амангелді аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Иманов жолдасқа.
СССР Ғылым академиясы қазақстандық филиалы жанындағы Тіл-әдебиет және тарих институты қызметкерлері мен жазушыларының қатынасуы арқылы жиналысында жазушы Б.Имановтың Амангелді батырдың балалық шағы тақырыбына жазған повесін (бұл – «Амангелді» романының бірінші кітабы болса керек – Қ.Ә.) тыңдады. Жиналысқа Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, тіл-әдебиет ғылымының докторы Сауранбаев, сыншы Ысмайылов, Кенжебаев, тағы басқа жолдастар қатынасты.
Батырдың образын жасаудағы романның тілінің әсерлілігі мен қатынасушы геройлардың, жеке адамдардың, табиғат құбылыстарының көркемдігі тым шеберлікпен көрсетілген. Жолдас Имановтың Амангелді заманындағы ескі өмірге, салт-санаға бай түсінуінің, жаңа сол заманның адамдарының ұғымын тәуір етіп бергеніне қарағанда еңбектің құнды болатынына күмәндануға болмайды.
Романның құрылысы мен жеке адамдардың ой-санасына үңілуі жөнінде автордың біркелкі олқылығы бар. Бірақ бұл іс үстінде түзетуге болатын кемшілік. Бұл еңбек қазақ халқының көркем әдебиетінде Амангелді сияқты батырдың бейнесін көрсететін тұңғыш шығарма болатыны анық.
Бірақ сол талапты жинақтап бітіру үшін жазушыға тұрмыс жөнінен көмек көрсетіліп, творчестволық ойланып-толғануына бірталай қамқорлық керек сияқты. Біздің сізге хат жазғанда сұрайтынымыздың өзі осы мәселе.
1944 жылғы ҚКП Қостанай обкомының қаулысының негізінде жас жазушыға көмек көрсетілсе дейміз. Мүмкіндігі болса қызметінен босатылып, бастаған еңбегін аяқтауға жағдай жасалса талап иесіне тікелей қамқорлық болар еді. Және таяу уақытта Амангелді жөнінде күрделі көркем шығарма жасау бәрімізге ардақты борыш.
Жазушылар мен тіл ғылыми қызметкерлерінің ұсынысы бойынша:
СССР Ғылым академиясы қазақстандық филиалының Тіл-әдебиет, тарих институтының директоры – Н.Сауранбаев (Жазылған мерзімі дұрыс ажыратылмады – Қ.Ә.)».
Аңғарған адамға осы құжаттың өн бойынан қалам иесінің еңбегіне деген ықылас, тақырыпты мейлінше еркін меңгеріп, сапалы шығарма тудыруға деген зор сенім байқалып, оған тұрмыстық жағынан тиісті қамқорлық жасау жөнінен іс-шаралар белгіленсе деген тілек байқалады. Бұл қатынас қағаздан қандай нәтиже болды? Өкінішке қарай, ол жағы беймәлім.
Әрине, мұндай қатынас қағаздар белгілі тұжырымға негізделіп жазылады емес пе? Осы ретте жазушы С.Омаровтың талқылауға қатысып, Б.Имановтың романы туралы білдірген пікірін егжей-тегжейлі келтіруді орынды деп таптық.
«Авторды да, оның халық батыры А.Иманов жайлы еңбегін де мен сонау қырқыншы жылдардан бері білемін. Сол кездің өзінде-ақ Бақыт Иманов үлкен прозада күретамыры көп, күрделі еңбектер жаза алатын таланты бар екендігін танытқан-ды. Әлі есімде, соғыстан кейінгі жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясында Имановтың «Батырдың балалық шағы» атты осы еңбегі талқыланды. Сонда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет алыптары, Есмағанбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаев, Нығмет Сауранбаев тәрізді ғалымдар Иманов еңбегін құнды еңбек деп танытқан-ды. Кейбір толықтырулар мен жөндеулер жасау жайлы авторға келелі кеңес те берілген. Содан кейін де ширек ғасырдай уақыт өтті. Осынша уақытты автор босқа өткізген жоқ. Еңбегінің алғашқы вариантын мерзімді баспасөздерде жариялатты. Сол үзінділердің өзі оқырмандардың пікірталасын туғызды. Автор оқушылардан көптеген хаттар алды. Б.Иманов үлкен жазушылардың, ірі ғалымдардың, журналистердің, Амангелдімен үзеңгілес қарттардың, бүкіл оқушы қауымының сын-ескертпелерін ескере отырып, қолжазбаға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Араға 20 жыл салып қайыра келген қолжазбаны қайта оқығанда мен автордың өзінің қаламгерлік парызына мейлінше мән берген жауапкершілігіне, асқан еңбеккерлігіне дән риза болдым.
Бұл жерде шығарма мазмұнын қайталап жатудың қажеті шамалы. Мен бір ғана нәрсеге, осы қолжазбаның аз-кем өңдеулер мен қысқартулардан кейін оқушыларға ұялмай ұсынатын туынды екендігіне баса назар аударғым келеді. Мұнда Амангелдінің 20 жасқа дейінгі өмірі суреттеліп, батырдың толыққанды бейнесі жасалған. Сонымен бірге мұнда Бекет, Балық, Қалампыр, Шапыраш, Құсбегі тәрізді жақсы дараланған, оқушы көкейінде қалатын адамдар образы да бар. Автор көп ретте ұмытыла бастаған көне сөздерді ретін тауып пайдаланған. Сол сөздердің өзі шешен сөйлейді, шебер ойнайды.
Б.Имановтың «Батырдың балалық шағы» атты еңбегін мүмкіндігінше тезірек оқушыға ұсынған жөн».
Иә, қайталап айтайық, бұл пікірді жазған белгілі жазушы Сейітжан Омаров еді. Ол сонымен бірге романды талқылауға қатысқан, жоғарыда есімдері аталған классиктердердің де, айтулы ғалымдардың да пікірін жиынтықтап сыйдыра білген сыңайлы. Ортақ пікірді сығымдап, жақсы жағымен қоса кемшіліктерін де батыл көрсеткені сезіледі. Сайып келгенде, баршасының да айтпағы бір арнаға тоғысады: қайткенде де тарихи маңызы елеулі бұл романды баспадан тезірек шығарып, оқырмандарға ұсыну қажетігіне назар аударады.
Мұндай жанашырлық ойларды басқа да ірі оқымыстылар қуаттағанын дәлелдейтін құжаттар қолымызда бар еді. Енді соның ыңғайына көшейік. Соның бірегейі – Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев пен осы академияға қатысты Тіл-әдебиет институтының директоры Е.Ысмайыловтың Қостанай облыстық партия комитетінің секретары Золотухинге (Көшірмесі: Амангелді аудандық партия комитетінің секретары Ж.Ахметжановқа) жолдаған өтініш-хаты болатын. Уақытын дөп басып ажырата алмаған сол құжатты қаз-қалпында сөйлетейік: «Қазақстан Ғылым академиясының жанындағы Тіл-әдебиет институтының қызметкерлері мен бірнеше жазушылардың пікірі бойынша республикамызда алғаш рет жазылып, тұңғыш еңбек болғалы отырған жас жазушы Бақыт Имановтың «Батырдың балалық шағы» деген повестің құнды болып шығатынын ескеріп, бұл кітаптың бітер шағы таянғандықтан және еңбектің қазақ халқының батыры Амангелді Имановтың өмірі мен ерлік істерін көрсететін әңгіме болып шығуына байланысты жолдас Б.Иманов қызметінен босатылып Алматыға келуіне ерік беруіңізді және партия-совет ұйымдарының осы игі мақсатқа көмектесуін сұраймыз».
Өкінішке қарай, бұл өтініштер аяқсыз қалған еді. Б.Имановқа тиісті қамқорлық көрсетілмеді. Жазушы өзінің хаттарында Алматыда алыста жатқандықтан романға қатысты шапшаң іс-қимылдар жасай алмағанына бармақ шайнайды. Басқа да кедергілер оның жолына кесе-көлденең тұрып алған еді. Жергілікті тұрғындардың туыстық көзқарастан туындаған кітап кейіпкерлеріне қатысты түрлі ретсіз өзгерістер енгізу жөніндегі қисынсыз ұсыныстарынан басын арашалай алмаған автор әбден діңкелеп шаршаған-тын. Бірақ тек авторлық танымын, бағытын берік ұстаныммен қорғай білген жазушы дербес үнімен дәйекті шаруа тындырды. Өз кезегінде «Жазушы» баспасынан роман қолжазбасына қатысты жолданған бірнеше хаттардың иелерімен (М.Мамажанов, А.Шамкенов, А.Байтанаев, т.б.) ынтымақтасып жұмыс істеуге тырысып бақты. Шығармашылық орайындағы ескертпелерге мән беріп, ықтиятпен өңдеді.
Әттең-ай, бірақ бәрі-бәрі құр сөзбен құрдымға кеткендей болды. Роман жарыққа шықпай қалды. Дегенмен, кең орамды туындының үш кітабының біріншісі үзіп-жұлып мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған еді. Соған да шүкірлік етіп жүргенде, жергілікті қаламгер Бөгетбай Әлмағанбет «Амангелді» романының өзге де беймәлім қолжазбасын Бақыттың зайыбы Хадиша Тастанқызынан алып, 2003 жылы Қостанай қаласындағы «Копи-Центрден» басып шығаруға мұрындық болды. Бұл – көзі көруден қалған қарт журналистің асқан ерлігі деуге тұрарлық қарекет болатын.
Сонымен Бақыт Имановтың «Амангелді» романының «Батырдың балалық шағы» деп аталатын бірінші кітабы (бұл еңбекті батырдың ұлы Рамазан Амангелдиевтің «Батырдың балалық шағы» деп аталатын повесімен әсте шатастыруға болмайды. Аттас шығарма болғанымен, ол өзіндік дербес дүние – Қ.Ә.) облыстық деңгейдегі баспадан әйтеуір шықты ғой деп, көңілді бір демдеуге болар еді. Ондай көңіл жұбататын тоқтамның ауылы алыс екендігін ашып айтпақпыз. Роман мұндай күлді-бадам, салдыр-салақ күйіндегі мәтінімен басылып шықпағаны жөн еді. Әріп қателері өріп жүр. Екі сөздің бірінде десек, асыра сілтегеніміз емес. Сөйлемдерін ұғу қиын. Көркем тіркестердің төбесінен ашық күнде жай түскендей. Мұны автор еңбегін қорлау деп түйгеніміз жөн. Баспа жауапкершілігі қайда? Оқырмандарын сыйламас па? Ұлт мүддесіне неге қиянат жасалған? Кітап, бетін ашып қоя салу үшін шығарыла ма? Мұндай өрескелдікке қашан тыйым болады? Өкінішке қарай, осындай сапасыз өнімдер әлі де балалап жатыр.
Сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Бақыт Имановтың «Амангелді» романын толық күйінде мемлекеттік баспадан шығарып, оқырмандардың рухани сұранысын өтеуге жедел кіріскен абзал дейміз. Кезінде классик жазушылар мен көрнекті ғалымдардың ілтипатына бөленген айтулы роман тұтас болмысымен (кейбір варианттары қолды болғаны айтылып жүр – Қ.Ә.) оқырмандар игілігіне жарайтын күн әбден туған секілді. Үмітті болайық!
Қайсар ӘЛІМ.
Астана.