Жылы жүзді жүздесулер
Өткен жылдың аяғында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Кавказ мұсылмандарының бас мүфтиі Алла Шүкір Паша-Заде мен бүкіл армян католикосы ІІ Гарегиннен шақыру келді. Онда олар Ереванда өтетін ТМД елдері діндераралық кеңесі төралқасының конференциясына шақырыпты. Сонымен, Мәскеуге ұштық. Домодедово әуежайынан бізді Ресейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Серікқали Байменше мен Мәскеу қазақтарының имамы атанған Марат Аршабаев пен кәсіпкер Жәнібек ініміз қарсы алды. Амандық-саулықтан соң көліктерге бөліне отырып, үлкен шаһарға бет алдық. Түн. Қыс толық түсе қоймаса да салқындау. Қыс дегеннен шығады, мен Мәскеуде оқып жүрген 1970-1975 жылдары мұнда қыркүйек аяғында-ақ қар жауып, қарашада қаһарлы қыс білгенін істеп жататын. Қазір ауа райы өзгерген. Қардың өзі жуырда ғана түсіпті. Оның өзінде де ол еріп жатқан көрінеді.
Өткен жылдың аяғында Мәскеу және Бүкіл Ресей патриархы Кирилл, Кавказ мұсылмандарының бас мүфтиі Алла Шүкір Паша-Заде мен бүкіл армян католикосы ІІ Гарегиннен шақыру келді. Онда олар Ереванда өтетін ТМД елдері діндераралық кеңесі төралқасының конференциясына шақырыпты. Сонымен, Мәскеуге ұштық. Домодедово әуежайынан бізді Ресейдегі Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Серікқали Байменше мен Мәскеу қазақтарының имамы атанған Марат Аршабаев пен кәсіпкер Жәнібек ініміз қарсы алды. Амандық-саулықтан соң көліктерге бөліне отырып, үлкен шаһарға бет алдық. Түн. Қыс толық түсе қоймаса да салқындау. Қыс дегеннен шығады, мен Мәскеуде оқып жүрген 1970-1975 жылдары мұнда қыркүйек аяғында-ақ қар жауып, қарашада қаһарлы қыс білгенін істеп жататын. Қазір ауа райы өзгерген. Қардың өзі жуырда ғана түсіпті. Оның өзінде де ол еріп жатқан көрінеді.
Ертесіне Домодедово әуежайынан Арменияға «Боинг-737-ге» отырып ұшып шықтық. Ұшақ толы армяндар. Өзге ұлттан көмекшім Нұржан Маханов екеуміз ғана. Айтпақшы, осы сапарға Алматыдан Қазақстандағы православ шіркеуінің митрополиті Александр да бірге шыққан екен. 2 сағат 15 минуттан соң күн бата Ереванның Звартноц әуежайына қондық. Жолбасшылыққа Маркус деген поп бөлініпті. Құрақ ұшып жүр. Астанада әрбір 3 жыл сайын өткізілетін Әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілері хатшылығының мүшесі және Қазақстанның Армениядағы елшілігімен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтады.
Маркус бізді ел астанасының сәулетімен таныстырып: «Мынау оң жақтағы ұзыннан ұзақ созылған Ереван көлі. Атақты Арарат тауы күннің ашығында көрінеді», – деді. Әйтсе де Арарат Армения емес Түркия жағында. Шекара Ереваннан 15 шақырым жердей қашықтықта. Екі мемлекет арасында қатынас жоқ.
Таңертең Ереванның үлкен мәдениет сарайына бет алдық. Қаптаған поптар мен имамдар болып Карен Демирчян атындағы мәдениет кешенінің үлкен орталық залына жайғастық. Конференцияға Қазақстаннан мен, Тәжікстан, Әзербайжанның мұсылман дінбасылары және Ресейдің Еуропа бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Равиль Ғайнутдин, Татарстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Илдус Файзиев, Башқұртстандағы Ресейдің орталық бөлігі мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Талғат Таджуддин, христиан дінінен Ресейдің Кирилл бастаған дінбасылары, Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Арменияның католикосы ІІ Гарегин, еврейлерден Украинаның бас раввині Яков Блайх, Ресей еврейлерінің бас раввині Зиновий Коган, Ресей буддистерінен Хамбо Лама Дамба Аюшеевтің өкілдері Дид хамбо лама Дагба Очаров пен Санжей Лама қатысты.
Конференция басталды. Оған Армения Президенті Серж Азатович Саргсян қатысты. Жиынды Кирилл ашқан соң сөзді осы ел Президентіне берді. Ол дін қайраткерлерін құттықтай келе, Таулы Қарабақ мәселесіне де тоқтамай кеткен жоқ. Католикос ІІ Гарегин де екі елдің жарасына айналған мәселені қамти өтті. Әзербайжан бас мүфтиі Алла Шүкір бұл бір қиын мәселе деп жанамалай сөз етті.
Ресей Президенті Д.А.Медведевтің құттықтауын Армениядағы Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі В.Е.Коваленко оқыды. Одан соң пленарлық мәжіліс басталды. Әуелгі сөз маған тиді, яғни ислам діні басшылары арасынан бірінші сөз берілді. Бірақ, мұнда келер алдында, бірнеше кісі ғана сөйлейді, сіздер тек конференцияға қатысасыздар делінген-ді. Ереванға келген соң 2 минуттай сөйлесеңіз дұрыс болар еді деген өтініш жасалды. Содан соң таң намазынан кейін отырып мәтін дайындағанмын. Соны асықпай оқып бердім. Байқаймын, сөзім елге ұнаған сияқты.
Оны мәжілісті жүргізіп отырған Кириллдің: «Грех не жизнеспособен, не объязательно для наказания человечества с неба низводить огонь, так как человек сам разрушает себя», деп мені құптаған сөзінен аңғардым.
Бұдан кейін Равиль Ғайнутдин және тағы да барлығы 12-13 кісі сөз сөйледі. Жиын соңында делегаттар қарар қабылдады.
– Сіздердің елдің орталығында үш рет әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің құрылтайы өтті. Астана Президенттеріңіз Н.Ә. Назарбаевтың арқасында тыныштық, ынтымақ пен бірлік, діндераралық түсіністік пен достық қаласы атанды. Сондай-ақ ынтымағы жарасқан ел мен оның орталығын бір көру – бізге арман», – деді жиналыстан соң дін өкілдері.
Көмекшім Нұржан Маханов Армениядағы Қазақстан елшілігіне телефон соғып, Бас мүфтидің осында іссапармен келгенін айтыпты. Елші Айымдос Бозжігітов: «Неге сапар алдында телефон соқпадыңыздар, күтіп алатын едік қой», – деп ренжіпті. Айымдос бауырымызды бұрыннан білетінмін. Ол Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы бөлімшесін басқарған. Соңғы кездері осы Арменияда елші.
Сөйтіп, көп ұзамай онымен «Golden palaсета» қонақ үйінде кездестік. Амандық-саулықтан соң ол Ереванның бір мейрамханасына барып, түстенейік деді.
Ел астанасында 1 миллиондай халық тұрады деседі. Бас даңғылмен жүріп келеміз. Бұрын ол Ленин көшесі деп аталған. Қазір бұған мың жылдай бұрын армян жазуын ойлап тапқан Месроп Маштоц аты беріліпті. Ереванда жаңадан, яғни тәуелсіздіктен соң салынған үйлер аз сияқты. Барлығы кеңестік дәуірдегі ғимараттар. Көшеден де Алматыдағыдай қымбат көліктерді аз кездестіресіз. Жиі-жиі «Жигули» мен «Москвич», «Волга» ұшырасады. Ағаш, талдар да мұнда аздау көрінді. Үйлер де, жұрттың киімдері де жұпыны ма деп қалдым. Бюджеттің басым көпшілігі қорғанысқа жұмсалатыны белгілі. Өйткені олар таулы Қарабақ үшін Әзербайжанмен дауласуда. Әзербайжанда мұнай көп. Қуаттанып келеді.
Ереванның орталық алаңына келдік. Шығыс сәулет өнерінің ізі байқалады. Жаяу бірнеше көшелерді араладық. Ескі үйлер мен ХХ ғасыр ғимараттары аралас ұшырасады. Кейбірінен Иран сәулет өнері менмұндалайтын сияқты. Оны жоққа шығару қиын. Иранда, көптеген араб елдерінде һәм Түркияда, Еуропада және АҚШ-та да армяндар тұратыны белгілі. Байқағаным, бұл елге шетелдерден, әсіресе, Еуропа мен АҚШ-та тұратын армяндардан қаржылай көмек келеді екен. Оны Арменияның өзі де жоққа шығармайды.
Айымдос бауырымызбен ертеңгі сапарымыз туралы да ақылдастық. Конференция біткен соң Киевке жаңа мешіттің ашылу салтанатына да шақырылғанбыз. Егер қайтадан Алматыға ұшып, сол жақтан Киевке барсақ, жол ұзақ, әрі шаршатады. Сол себепті, көрші Грузияға барып, Тбилисиге зияраттан соң Украина астанасына ұшайық деп шештік. Айымдос Ерсайынұлы бізге көлік бөлетін болды.
Конференция аяқталғаннан кейін Ереванмен қоштасып, Тбилисиді бетке алдық. Екі мемлекет арасын таулы қыраттар бөліп жатыр. Қашықтық шамамен 280 шақырым. Ереванда қар жоқ болғанымен, шаһар шетіне шығысымен жол жөнекей қырбық қарлар ұшыраса бастады. Алдымыз да, солтүстік те, батысымыз да жоталар мен қырқалар. Солтүстікті бетке алып келеміз. Анда-санда қарсымыздан жеңіл және жүк көліктері ұшырасады. Қара суық ұрып тұр.
Раздан деген елді мекеннен өттік. «Алда оң жағымызда Севан көлі», – дейді Гагик. Сәлден соң оған да жеттік. Севан көлі батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Жағасы мейрамханалар. Жол шетінде балық алуды ұсынған қыз-келіншектер көрінді.
– Әне біреулер неге құлаштарын жайып, бірдеңені көрсетіп тұр, – дейміз Гагиккке.
– Олар балық сатушылар. Құлаштарын жайғаны Севанда осындай балықтар бар дегенді білдіретіндері. Ал шын мәнінде көлде ондай балықтар жоқ. Бары шабақтар. Бұлардікі күн көру амалы ғой.
Көл демекші, Арменияда көлдер көп. Бұл ел суға бай. Севан деген село өзімен аттас көлдің батыс жағында қалып барады. Сол жерде жүргізушіміз тоқтап, машинасын газға толтырып алды. Армения көліктерінің жартысы газбен жүреді. Бұл әрі арзан. Литрі 1 долларға жетіп қалған бензин Армения тұрғындары үшін өте қымбат секілді. Көл жағасына біраз коттедждер салыныпты. Жұрт жазда осында келіп демалып кетеді екен.
Ол жерден де өте шықтық. Жол ирелеңдеп солтүстік батысты бетке алды. Біраз жүрген соң шатқалға қарай төмен түсе бастадық. Алдымыздан жерасты жолы көрінді. Оның салынғанына 10 жылға жуықтапты. Одан да өттік. Бұралаңдаған жол төмен жетектеп келеді. Севанға дейінгі сұрықсыз көрініс артта қалды да шатқалға жетісімен төбе беткейлерінің жасыл ағаштармен көмкерілгенін көрдік. Біраздан кейін сайдан Дилижан деген село ұшырасты. Шамалы халық тұрады екен. Одан да өтіп біраз жүрген соң алдымыздан Иджеван қаласы кесе-көлденеңдеді.
Армения бітіп, Грузия басталған соң табиғат та өзгеріп сала берді. Күн де жылы. Үйлер де еңселі. Ағаштар да көбейді. Жол шетінде апельсин, мандарин сатып отырған жұрт. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында да жұрт дәл осылай жол шетінде жеміс сатып отырады. Мұнда да сол сияқты екен. Енді бірде жолдың солтүстік жағынан Марнеули селосы мен оның батыс тұсынан мешіт көрінді. Шииттердікі сияқты. Хусейннің аты жазылған қаралы тулар ілініп қойылыпты. Мұнда азерилер тұрады деседі.
– Арменияда да апельсин, мандариндер өсе ме, – деп сұрадық жүргізушімізден.
– Өсетіні өседі ғой. Бірақ, грузиндердің жемістері сапалырақ және әлдеқайда арзандау. Сіздерді Тбилисиге апарып тастаған соң, қайтарда осы мандариндердің бірнеше жәшігін ала кетемін, – дейді ол.
Грузияның жолдары жақсы. Сапалы екені байқалады. Елі де Арменияға қарағанда бақуаттылау ма деп қалдық. Үйлері де әсем, еңселі. Барлық жерлердегі елді мекендердің аттары грузинше және ағылшынша жазылыпты.
* * *Көп ұзамай Тбилисиге де жеттік. Шығыста 10 шақырымдай жерде Рустави қаласы қалып барады. Тбилисиге сөйтіп, оның шығыс жағынан келіп кірдік. Тбилиси шығыстан батысқа қарай сай бойында ұзыннан ұзаққа созылып жатқан қала. Оны екі бөліп, батыстан шығысқа қарай Кура өзені ағып жатыр. Қаланың солтүстік және оңтүстік, сондай-ақ батыс жағы да жоталар. Төбелерінде қар жатыр.
Қалада әдемі де сәнді үйлер көп. Армения астанасынан Грузияға қарай жол тартқанда елшіміз Айымдос Бозжігітов бізді Тбилисидің кіре берісінен Қазақстан елшілігінің консулы Марат Асқаровтың күтіп алатынын айтқан.
Марат ініміздің осындағы елшілігімізде қызмет етіп жатқанына 5 жыл болыпты. Әңгімелесіп отырып бір алаңға жеттік те «Holiday Inn» атты мейманханасы алдына келіп тоқтадық. Бұрын ол «Adjara» деп аталған екен. Жөндеуден өткізіліпті. Жайғастық.
Жалпы, орта ғасырлардағы араб тілді жазба деректерде Грузия астанасы Тбилиси емес Тифлис деп аталған. Сол себепті де Тифлиси атты мұсылман қайраткерлерінің атын жазба әдебиеттерден талай рет ұшыратқанмын.
Тбилисиді аралауды тарихи жерлерін көруден бастадық. Грузия астанасында ежелгі ескерткіштер баршылық екен. Қаланың кейбір тұстарында V-VI ғасырлардан жеткен ғибадатханалар ұшырасты. Бізді қызықтырғаны, әрине, мешіттер мен медреселер, ислам жәдігерліктері. Мұнда 360 православ шіркеуі бар болса, ал ислам ғибадатханаларынан бары жалғыз-ақ мешіт боп шықты.
Жалпы, Грузияда біраз әзербайжандар, түріктер тұрады. Кураның оңтүстік бетіндегі әлгі мешітті көруге бардық. Имам орнында екен. Мешітте басқа ешкім жоқ. Біз барған кез бірақ сағат 11 шамасы еді.
Қызыл кірпішті Аллатағала үйі 1811 жылы салыныпты, яғни 2011 жылы оған 200 жыл толған. Жамағаты әзербайжандық шииттер, қалғандары түрлі сүннит мұсылмандар. Мешіт шамамен 250-дей кісілік. Екі михрабы бар. Біріншісі – шииттер, екіншісі – сүнниттер үшін деседі. Өзін имам деп таныстырған әлгі кісі бұл Тбилисидегі жалғыз мешіт болғандықтан, мұнда шиит те, сүннит те келіп намаз оқиды деді. Жуырда өткен құрбан айтты да Тбилисиде тұратын барлық мұсылмандар бірігіп оқыпты.
Мешіт жанында қыздар медресесі тұр. Бірақ, онда ешкім жоқ. Мешітте азанды дауыстап шақыртпайды екен. Осыдан біраз бұрын азанды микрофонмен айтқан кезде грузиндер жиылып демонстрация жасап, шаһарды у-шу еткен. Тбилисиде мешіт те салдырылмайды. Әрине, Грузияның батысында, Түркиямен шекаралас Аджарияда 300 мыңға жуық мұсылмандар тұратыны белгілі. Онда мешіттер де бар. Бірақ, соңғы жылдары Батыс Еуропа мен АҚШ-тың протестанттары онда да жетіп, жергілікті халықтың балалары мен қыздарын христиан дінінің протестант тармағына кіргізіп жатқан көрінеді.
Мешіт маңында әлі күнге дейін жұмыс істеп жатқан ортағасырлық шығыс моншасы бар екен. Ол Түркістандағы шығыс моншасын еске салды.
Төбе басына шықтық. Қала бұл жерден жақсы көрініп тұр. Тбилиси алақандағыдай. Шаһардағы ғимараттардың кейбірінен мұсылман сәулетінің әсерін, байқауға болады. Ескі қаладағы ежелгі үйлер негізінен XVIII-XIX ғасырға жатады. Көпшілігі 2 – 3 қабатты.
Грузияны ХІІ ғасырдың алғашқы ширегінде IV Давид Құрылысшы (1089-1125) билеген кезде бұл елге түрік-селжұқтар шабуылдапты. Давид әскері және сарайында 20 мың қыпшақ болған дегенді грузин ғалымдары айтып та, жазып та жүр.
Грузияға Әмір Темір де ат басын бұрған. ХVІ-ХVІІ ғасырларда Грузия үшін Иран мен Түркия таласып қырық пышақ болыпты. Әсіресе, ХVІІ ғасыр басында Иран билеушісі Аббас шаһтың Грузияға жасаған жорықтары бұл елге көп ауыртпалықтар түсірген.
Орта ғасырларда ислам діні Грузияға да тараған. Тбилисиде мешіт көп болған. Бірақ, онда күні бүгіндері жалғыз ғана мешіт қалғанын жоғарыда айттым.
Михаил Саакашвили президенттің күмбезді сарайын салдырыпты. Оны тамашалаған соң түсте Марат Асқаров ініміз Кура өзенінің солтүстік жағалауының жарқабағындағы мейрамханада қонақасы берді.
– Жалпы, грузин халқы бос уақыттарын үйлерінен гөрі көбірек мейрамханаларда өткізгенді жөн көреді. Қонақты үйлеріне шақыру әдеті бұларда жоқ. Мейрамханаға ғана шақырып сый-сияпат жасайды, – дейді ол.
Бізге Тбилисиді аралатып жүрген грузин жігіті: «Одақ тараған соң Грузия өте қиын халді бастан кешті. Кезінде жүздеген халық тұрған үйдің жұртшылығы далаға жиналып, бірігіп ошақ қазып, тамақ пісіретін. Өйткені, газ да, жарық та жоқ еді», – дейді. Соңғы жиырма жыл ішінде бұл ел 4 рет соғысты бастан кешіпті. Сол себепті жолбасшымыз Тбилиси көшелерінен оққа ұшқан адамдар жатқанын да көрген. «Сондықтан да, – дейді ол. – Бізге тыныштық, бейбітшілік өте қымбат. М.Саакашвили президенттікке жас ілікті. Жастығына байланысты біраз қателіктер де жіберді. Бірақ, ол халқын жақсы көретін, еліне, оның ертеңіне қызмет еткісі келетін азамат. Ол әрқашан Нұрсұлтан Әбішұлын менің ұстазым деп жүреді. Қазақстан Президентін ақылшым деп есептейді», – дейді.
Ұлттық мемлекеттік мұражайға келдік. Үш қабатты үлкен ғимарат мұражайдың екі-ақ қабаты ғана жұмыс істейтін болып шықты. Біріншісінде, біздің дәуірімізге дейінгі Грузия, әсіресе, оның ішінде осы мемлекеттен табылған алтын әшекейлі заттар қойылса, тағы бір залында 1921-1950 жылдар арасындағы Грузия тарихы көрсетіліпті. Сталиннің жазу үстелі тұр. Оның үстінде Л.Берияның жеке іс-парағының көшірмесі жатыр. Сталин Грузияның Гори деген қаласында туған. Ол Тбилисидің солтүстік жағында.
Бізді Тбилисимен таныстырып жүрген грузин досымыз астанасының батыс шығысындағы Грузия патшалығының ескі қонысына апарды. Ол Тбилисиден 20 шақырымдай жердегі Мцхета деген қала. Төбеге шықтық. Онда ескі қамал тұр. VI ғасырда салынған. Төбеден төмен қарағанымызда, әлгі төбенің батыс жағында Түркиядан бастау алып, Тбилисиді қақ жарып өтетін Кура өзеніне Мцхета қаласының солтүстігіндегі таудан ағып келетін Арагви өзені келіп қосылуда. Осы Мцхетада Лермонтов болған көрінеді. Соған байланысты өлең де жазып қалдырған.
Тбилиси көшелерінде орысша жазулар жоқ. Грузия тәуелсіздік алғалы бері орыс тілін білмейтін жастар өсіп келеді. Барлық жерлерде тек грузинше немесе ағылшынша ғана жазуларды көрдік. Бұл мемлекеттік саясат.
Арменияға, Ереванға қарағанда Тбилисиден бір жылылық сезіледі. Табиғатынан да, қаласынан да, көшелерінен де, халық арасынан да қаншама экономикалық қиыншылық болса да, жаңа зәулім үйлер салынуда. Көшелері таза. Астанасынан қымбат бағалы Жапонияның, Англия, Францияның жеңіл көліктері де ұшырасады. Дүкендері заттарға, азық-түліктерге толы. Халық көңілді. Жадыраңқы. Осылардың өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек.
Кешке қонақүйге бізді екі қазақ жігіті іздеп келіпті. Бөлмеге телефон шалынды. Төменге түстік. Олар қазақстандық «Тұран Әлем Банкінің» Грузиядағы өкілдігінің төрағасы Қайрат Кенжеғарин болса, екіншісі «Қазтрансгаздың» осындағы өкілі Санжар Дәмірұлы болып шықты. Менің Тбилисиге келгенімді естіп, асқа шақыра келіпті. Тбилисидің әдемі бір мейманханасында әңгімелесіп, ел жаңалығын жеткізіп, мәре-сәре болып қалдық. Қайрат Ақмола облысының Зеренді ауылынан болса, Санжар ініміз алматылық.
Бірер сағаттан соң бізге уақытша елші Бекмұрат Мұхаметұлы Юлдашев қосылды.
Мейрамханада өткен-кеткеннен біраз әңгімелер айтылды. Інілеріміздің елді сағынып қалғандықтарын байқадым. Содан мейманханаға оралып, жуырда жарық көрген «Ислам религия мира и созидания» және «Қазақстанның діни оқу орындары» атты кітаптарымды қолтаңбамен сыйладым. Естелік үшін суретке түстік.
* * *Ертеңіне консулымыз Марат Асқаров бізді Тбилиси әуежайынан Киевке шығарып салды. Әуежай шағын екен. Жаңадан салынған. Түркия кәсіпкерлері салдырып беріпті. Ішіне Грузия өмірін, тарихын, әдет-ғұрпын бейнелейтін әдемі суреттер ілініпті.
Тбилисиден Киевке дейін Бразилияның «Эмбрайер» ұшағымен 2 сағат 20 минут ұштық. Аспан бұлтты. Бірақ қар жоқ. Әуежайдан бізді Украина мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері күтіп алды. Ресмияттардан соң Киевті бетке алдық. Украинаның «Борисполь» әуежайы Киевтен алыс емес. Оқтай түзу жолмен зымырап келеміз. Жолдың екі шеті орман. Сәлден кейін Киевтің ықшамауданы басталды. Биік зәулім үйлер. Мен Киевте бұдан шамамен 30 жылға жуық бұрын болғанмын. Көп өзгерістер барын байқадым. Алдымыздан атақты Днепр өзені шықты.
Келесі күні таңертең Киевтің Подольск ықшам ауданының биік жеріне салынған мешітке келдік. Халық көп жиналыпты.
Киевте сөйтіп, тұңғыш салынған әдемі мешіттің ашылу салтанаты өтті. Оған Әзербайжан, Түркия, Оңтүстік Африка Республикасы, Австралия, Татарстан, Ресей, Чешенстан мұсылман дінбасылары, Палестина дін істері министрі, мұсылман елдерінің Украинадағы елшілері қатысты. Жергілікті телеарналар тікелей репортаждар берді. Украина Президенті аппарат басшысының орынбасары Анна Герман, Украина мәдениет министрі Михайло Кулиняк бастаған ресми кісілер Украина Жоғарғы Рада төрағасының өкілі Юрий Мирошниченко және Ресей басшылығы атынан осындағы Ресейдің Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Зурабов құттықтаулар айтты.
Украина мүфтиі, шейх Ахмед Тамим сөз алды. Ол орыс тілін жақсы біледі. Тегі жағынан ливандық араб, осында оқып, үйленіп, Украина азаматтығын алып Киевте қалып қойған. Ахмед Тамиммен Ыстамбұлда өткен Ислам конференциясында танысқан едім. Сыпайы, мәдениетті жігіт жақсы әсер қалдырған. Ол:
«Тәуелсіз Украина астанасында тұңғыш мешіттің ашылу салтанатының қуанышын бөлісуге алыс-жақыннан келген қонақтарға қош келіпсіздер дегім келеді. Бүгін Алла үйінің ашылуы көпұлтты және көпдінді Украина халықтарының ауызбірлігінің айқын дәлелі.
Бұл елдің дұрыс жолмен дамуының бір дәлелі ретінде, оның мемлекет пен діндарлар арасындағы түсіністік негізіндегі құрылған ел қауіпсіздігі мен гүлденуі болып табылатынын айта кету керек. Біздің мақсат – әрқашан Украина мұсылмандары өздерін ұлы тәуелсіз мемлекеттің толық мүшесі ретінде сезінсе дейміз. Бүгін біз сол қажырлы еңбектің жемісін көріп отырмыз. Осында мешіт тұрғызу мәселесі Киев мұсылмандарының соңғы 100 жыл ішіндегі қол жетпес арманы еді. Міне бүгін аңсаған арманға да жеттік ағайын!
Жаратушы Иемізден бұл ғибадатхананың Алланы танып, адамзатты ілім-білімге, ізгілікке шақыратын орын болсын деп тілеймін. Шынында да Алла Тағала Естуші және молынан Беруші. Исламда мешіт ерекше орынға ие. Ол асыл дініміздің тірегі әрі қоғамды зұлымдық пен күнәдан сақтайтын имандылық қамалы. Ол Жаратушы Иемізге табынатын қасиетті орын, жақсылық пен имандылықтың қайнар бұлағы. Мешіт іші ерекше рахмет пен қасиетке толы мекен. Онда аспаннан періштелер түсіп, мұсылман ішіне бойсұнып кіреді. Алақандарын жайып шын ниетімен Аллаға жалбарынады, намаз оқып күнәларының кешіріліп, игі амалдарының қабыл болуын тілейді.
Біз мешітімізді «Рахма» деп атадық. Оның мағынасы – мейірім. Шынында да Алла үйі мейірімділік ордасы. Алла мейірімі осы қала мен барша украиндықтарға нәсіп болғай. Мешіт – ізгілік тарайтын мекен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Өздерің үшін жақсы көрген нәрсені бауырларыңа тілемейінше, имандарың толық болмайды», – деген», – деп қуанышын жасыра алмады.
Жұртшылық мешітке кірген соң, ашылу салтанаты жалғасып, онда алыс-жақыннан келген дінбасылар жылы лебіздерін білдіріп жатты. Мен де Ахмад ат-Тамимді «Рахма» мешітінің ашылуымен құттықтап, Астана символы – Бәйтеректі кәдесый ретінде тарту еттім. Одан кейін Алла үйінің жанынан Ислам университетінің қазығы қағылды.
Жұма намазы алдында Ливаннан келген дін өкілдерінің бірі уағыз айтты. Өз сөзінде ол аттарын атап, түстерін түстемесе де, негізінен, салафилер мен уаһһабилерді біраз сілкіледі. Ахмад Тамимнің аталған ағымдарға қарсы екенін білетінмін. Уағыздың А. Тамимнің ықпалы, яғни тапсырысымен айтылғанына күмән жоқ. Сонымен, жұма намазы оқылып, бата жасалды. Ғибадаттан соң, Австралия мүфтиі шейх Салим Алуан әл-Хусейни және өзге де бірқатар ислам дінбасыларымен сұхбаттасып, ислам, білім-ғылым хақында пікір алыстық.
Сол күні Киевтің біраз көркем жерлерін тамашаладық. 1930 жылғы ашаршылыққа арналған мемориалды кешенді көріп, жәдігерліктермен таныстық.
Жалпы, Армения, Грузия және Украинада болғанымызда, бұл елдердің халқы және діндарлар қауымымен араласу, сұхбаттасу, пікірлесу барысында олардың Қазақстанға, қазақ халқына, оның Президенті Н.Ә. Назарбаевқа, дініміз исламға деген құрметін көріп риза болдық. Еліміздің сара жолда, өркендеу, өрлеу жолында екеніне тағы бір көзіміз жетіп, марқайып оралдық.
Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.
Алматы.
–––––––––––––––
Суреттерде: Қазақстанның Бас мүфтиі, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Австралияның мүфтиі шейх Салим Алуан әл-Хусейни; Тбилисидегі мешіт; Киевте жаңадан ашылған мұсылман ғибадатханасы.