Биыл Отанымыз жетінші рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы мереке қарсаңында жариялануының да рәміздік мәні бар. Бұл – көшбасшы мен халық мүддесі ықпалдастығының көрінісі.
Елбасы күні де қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайтыны мәлім. Президенттік билік пен тәуелсіздіктің 27 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару формасының тиімді екенін дәлелдеп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.
Осыдан 21 жыл бұрын Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақ- мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиясын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек», деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді.
Елбасы қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Ширек ғасырда елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президент еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, халықаралық саммит өткізуіміз, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.
Осы күнге дейінгі жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.
2012 жылы 1 қаңтарда қызметін бастаған Біртұтас экономикалық кеңістік – Елбасының 1994 жылы 29 наурызда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғалымдары мен ТМД саясаткерлеріне ұсынған еуразиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуы. 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей, Қазақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын жақындата түсті. Бұл қоғамдастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграция тетіктерінің, ең бастысы – ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды.
Елбасы – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға. Мұның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына Қазақстанның төрағалық етуі. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған Елбасын саяси сарапшылар «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағалады.
Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы – осы жетістіктердің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде ішкі жалпы өнімнің деңгейі жағынан Қазақстан 12-орынға көтерілді.
Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағаны елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін Еуразия ұлттық университетінде республикада тұңғыш рет арнайы кафедра ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңдарына айналды.
Астана экономикалық форумының Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қоғамдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Президентіміз осыдан 7 жыл бұөрын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақстандағы осы шараның жуан ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.
Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан президенттерімен бірлесіп, ұзақ- мерзімді бейбітшілік пен бірліктегі өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да Президент Н.Ә.Назарбаевтың назарында.
Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Елбасы еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туындаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өлшеусіз деп білеміз.
Елбасы тарихты саралап, Қазақ елінің мемлекетшіл мұраты – «Мәңгілік Ел» деп ерекше айтқанда да, елдік береке-бірлікті, өңірлік достық және экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздеп айтқанын ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады», деген сөзі бүгін де, болашақта да әлемді, елді ұйыстырады деп есептейміз.
Ал Мемлекет басшысының таяудағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Мақаладағы сүбелі ойлар әлем таныған елдің арғы тарихи әлеуетін аңғарту. Бұл – Қазақстанның өрісті өресі, мемлекетшіл межесі.
Елбасының бұл мақаласын стратегиялық маңызы бар және ғылыми методологиялық мақала деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған мақала емес, бұл Елбасының жүйелі, мақсатты қызметінің жалғасы. Өйткені бұдан бұрын Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынылды. Міне осылай жүйеменен келе жатқан бағдарлама. Сондықтанда Елбасының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек.
Елбасының мақаласы неге «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталды? Өйткені «жеті» деген қасиетті сан, қазақ жеті санына айрықша мән берген. Соның ішінде «Жеті қат көк», «Жеті ата», «Жеті қазына» дейді. «Жеті жұрттың тілін біл» дейді. Барлығын осы жеті санына алып барады. Жеті жиынтық сан, ол жетіден көп те болуы мүмкін. Бұл орайда Елбасы әлемдік өркениетке үлес қосқан жеті қазынаны айтып отыр. Сондықтан жеті бір жағынан қасиетті саналса, екінші жағынан әлемнің қазақтар мекендеп отырған далада табылған, сол жерде мекендеген ұлт пен халықтың ойлап тапқан, тек әлем мойындаған, ғылыми негізде мойындалған құндылықтар ғана сөз болып отыр. Мұның арғы жағында тарихшылардың зерттеуі арқылы табылатын әлі талай-талай құнды дүниелер бары айдан анық.
Тарихи сана мәселесіне келсек, адамзат өзінің ұрпағын әрқашанда өзінен артық тәрбиелеуге тырысады. Саналы ұрпақ – мығым ұрпақ, жан-жақты дамыған, толыққанды ұрпақ. Ал саналы ұрпаққа тарихи сана енгізу – ел парызы. Соның арқасында Отанына жаны ашитын ұрпақ тәрбиеленеді. Тарихи санамен қалыптасқан, тарихпен тәрбиеленген ұрпақ еліне сенімді қызмет ететін, үміт артатын, елін қорғай алатын азамат болып қалыптасады.
Жалпы мақаланың ерекшелігі, Елбасы Ұлы даланың жеті қырын тек айтып, тізіп қана қоймай, ойларды нақты ортаға салып, оны шешудің жолдарын да ұсынып отыр. Соның ішінде бізге қатты ұнап отырғаны «Архив – 2025» бағдарламасы. Мұрағат саласын кешенді дамыту мақсатындағы бұл бағдарлама арқылы ендігі жерде Ұлы даланың ұлы тұлғалары ұлықталмақ. Кітаптар басылып, ескерткіштер тұрғызылып, терең зерттеулерге үлкен қолдау жасалады. Кино өнері мен телевизияда қазақ өркениетінің өткені мен келешегіне байланысты деректі әрі тарихи туындыларға басымдық беріледі. Мұның барлығы да ұлттық түп-тамырымызды жаңғыртуға бағытталған.
Тарихи жад, тарихи сана Елбасы нұсқаған мұрағаттық және мұра тану ізденісімен қалыптасады. Сондықтан бұл еңбек тарихшыларға зор жауапкершілік артып, үлкен міндет жүктейді.
Сонымен қатар тарихты оқытуды, тарихи сананы жаңғыртуды сіңіруде кино мен телевидениені пайдалану аса маңызды. Деректі фильм, тіпті жас ұрпаққа аннимация қажет. Әсіресе шетел тілдеріне аударып, әлемге таныта білсек олжа салу деген сол болады. Біз аспаннан түскен жоқпыз, біз бүгін ғана пайда болған ел емеспіз, біздің егемендігіміз, тәуелсіздігіміз, жиырма жылда Астана сияқты қала салуымыз – даму заңдылығының айғағы. Оның негізі ата-бабаларымыздың еңбегінен бастау алады, олар әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі кезде де Ұлы дала ұрпақтары аянып отырған жоқ.
Қасиетті дала құндылықтары ұлтымызбен жасай беретіні елдік деңгейде айтылғаны – қайсыбір жадағай жаһандану амалдарына нақты жауап. Ал енді бүгінде әлемдік нарыққа сай қайта құрылып, жаңарған Қазақстанның жаңа өмір кезеңдері, тіпті керек десеңіз, жаңа тарихы жасалып жатқаны баршаға белгілі. Біз оны ешуақытта ұмытпауға, естен шығармауға тиіспіз.
Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды. Жалпы тәуелсіздік дегенде ел санасында өркенді халқымыз бен Тұңғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев – әрі өркениеттік, әрі жасампаз тұлға. Оның көшбасшылық болмысында ұлтымыздың асыл мұраттары мен әлемдік және ұлттық өркениет жетістіктері тоғысқан. Мұны Л.Н.Гумилев теориясымен байыптасақ, сөзсіз пассионарлық құбылысына жатқызар едік.
Дана Абайдың ғақлияларында кемел немесе толық адам туралы ой айтатыны естеріңізде шығар. Бұл ұғымның Шығыс пен қазақта айқындалған нақты анықтамасы да бар. Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, әлемдік арнада Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы Тұңғыш Президентіміз – сол кемелдікке абыроймен жеткен тұлға. Мұны дүние жүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанышпен қуанамыз.
Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баянды болғай деп тілейміз.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі