Салтанатты рәсім Астана қаласында өтті. Жаңа индустриялық нысандар жұмысының басталу сәті онлайн режімінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ның Бірыңғай диспетчерлік орталығы арқылы көрсетілді. Іс-шараға Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаев қатысты.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырында «Арал» компрессорлық стансасын іске қосу елдің оңтүстігін газбен тұрақты қамтамасыз етуге және отандық газды Қытайға экспорттауды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
№5 және 7 компрессорлық стансаларды қолданысқа енгізу – төрт мемлекетті – Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қытайды біріктіріп тұрған «Орталық Азия – Қытай» трансазиялық газ құбырын қалыптастыруды аяқтайды. Сондықтан бұл оқиға Қазақстан үшін ғана емес, өңірдегі барлық мемлекеттер үшін маңызды. Жаңа компрессорлық стансалардың жұмысы «С» желісінің өткізу қабілетін жылына 25 млрд текше метр газға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Енді барлық «А», «В» және «С» желілерінің жиынтықты қуаты жылына 55 млрд текше метр газды құрайды. «Қазақстан-Қытай» газ құбырын іске қосқан сәттен бастап 250 млрд текше метрден астам ортаазиялық газ тасымалданды.
Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы аясында газ магистральдарының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін аталған объектілерде SCADA жүйесі орнатылған. Бағдарлама компрессорлық стансалар функцияларының өлшемдерін бақылап, бүкіл ақпаратты жинақтап, өңдеп, деректерді онлайн режімінде беріп отырады. Компрессорлық стансалар мен SCADA жүйесі General Electric, Siemens, Cummins, ABB, Huawei және басқалар сияқты жетекші дүниежүзілік өндірушілерден шығарылған қазіргі заманғы жабдықтармен жарақталған.
Анықтама үшін айта кетсек, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның тәуелсіз тарихында ірі құбырлық жоба болып табылады және мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөлге ие. Қазақстан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ салу арқылы еліміздің оңтүстігіне тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз ету, бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру және қазақстандық газды сыртқы нарыққа экспорттауды ұлғайту туралы 3 маңызды міндетті шешіп отыр.
«Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбыры – отандық газ саласының ең ірі халықаралық газ тасымалдау жобасы. Әр «А», «В» және «С» желілерінің ұзындығы 1310 шақырымды құрайды. Магистральдар жұмысы басталысымен 2008 жылы 16 индустриялық, жоғары технологиялық нысан бой көтерді, оның ішінде 13-і компрессорлық станса. Қазіргі уақытта газ құбыры бойынша 250 млрд текше метрден астам газ тасымалданды.
«ҚазТрансГаз» АҚ – Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы. «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының құрамына газ өндіруші, тасымалдаушы, өткізуші және оның өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындар мен ұйымдар кіреді.
С-КС-5 және С-КС-7 компрессорлық стансаларын жобалаумен, сатып алумен және салумен жергілікті «ҚазСтройСервис» НГСК АҚ компаниясы айналысты. Жоба тапсырыс берушінің бюджеті аясында қауіпсіздік пен жоғары сапа стандарттарын сақтай отырып, белгіленген мерзімде іске асырылды. Ең жоғарғы кезеңде жобада 1 300 қазақстандық маман жұмыс істеді.
Арал компрессорлық стансасының ашылу салтанатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ұжымына Сыр өңірі халқының атынан алғыс айтты.
– Бүгін біз Арал өңірінде «Арал» компрессорлық стансасының іске қосылу рәсіміне куә болдық. Ұлы даланың қуатын ел игілігіне жұмсау мүмкіндігін тәуелсіз еліміздің қарқынды дамып келе жатқанының бір дәлелі ретінде атап өтуге болады. «ҚазТрансГаз» АҚ қызметкерлері жеті айда, рекордтық уақыт ішінде өте маңызды нысанды іске қосып отыр. Сонымен қатар жақын арада «Қорқыт ата» компрессорлық стансасы іске қосылады. Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында «Қараөзек» компрессорлық стансасынан бастап Астанаға қарай Сарыарқа магистральды газ құбырының құрылысы басталып, елордамызға көгілдір отын жеткізу жобасының басталуына куә боламыз. Осының барлығы – халқымыздың ауызбіршілігінің, ынтымағының және Елбасы саясатының арқасы, деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сырбойылықтарды стансаның іске қосылуымен құттықтады.
Осы жерде айта кететін бір жайт, Қызылорда облысының әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарын және Байқоңыр қаласын газдандыру жобасы жүзеге асырылды. Биыл Энергетика министрлігінің қолдауымен қалған 3 аудан орталығын – Жосалы, Тереңөзек және Жалағашты газдандыру жұмыстары басталды. 2020 жылы барлық 7 аудан орталығын көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда өңірде облыс халқының 63%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2020 жылға қарай газдандыруды 95%-ға жеткізу міндеті қойылып отыр. Бүгінде бірден үш жоғары технологиялық компрессорлық станса пайдалануға қосылуы осы мерейлі міндетті жүзеге асыруға жақындап қалғандығын білдіреді.
Сайын далада өткен салтанатты шараға осы өңірдегі ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері қатысып, алғыстарын айтты. Ауыл ақсақалдары құла дүзге келіп, болашақ Арал компрессорлық орталығының қазығын қаққан «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 7 айда рекордтық көрсеткішпен үлкен жобаны іске асырғанына таңданыстарын білдірді. Күні кеше Арал ауданы экологиялық ахуалдан тарай жаздап, ұлы теңіздің балықшылары Каспий мен Қапшағайға қармақ салып, ау құрып, тарыдай шашылып кеткен еді. Мемлекет басшысының қабылдаған шешіміне сәйкес, кіші Арал қайта толып жатыр. Көшіп кеткен жұрт қайта оралды. Аралда ұлы өмір басталды. Енді бұл жерден Қазақстанның барлық тармағына ел игілігінің шұғыласы тарап жатыр. «Газ келді – жаз келді». Бұл – қасиетті Сыр халқының сөзі.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Шәріпбаевтың айтуынша, қазақстандық газды транзиттік және экспорттық бағытта тасымалдауды әртараптандыру, сондай-ақ көгілдір отын экспорты көлемін арттыру – Қазақстан Президенті алға қойған маңызды стратегиялық міндеттердің бірі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»