Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2018

Отанның патриоты болу – басты парыз

1354 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Отанның патриоты болу – басты парыз

Елбасы іс-шара басталмас бұрын әскери-патриоттық орталық музейінің экспозицияларымен танысты. Онда Қазақстан армиясына арналған әскери суретшілер студиясының туындылары мен «Орбұлақ шайқасының» диорамасы қойылған. Сонымен қатар Елбасы 3D-mapping шоу технологиясы бойынша ұйымдастырылған көрмені тамашалады. 

Қазақстан Президенті алдымен ша­раға қатысушыларды өскелең ұрпақты отан­шылдыққа тәрбиелейтін «Жас сар­баз» қозғалысының құрылуымен құттық­тады. Мемлекет басшысы ұлттық рухты қа­лып­тастырып, ел тарихын терең зерт­теудің маңыздылығын айрықша атап өтті.

– Жақында жарияланған Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі – патриоттық тәрбие беру ісі. Егер біз Отанымызды қор­ғай алмасақ, онда тәуелсіздіктің 27 жы­лы ішінде атқарған барлық жұмы­сы­мыздың мәні жоғалады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы бүгінде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралардың бәрі келер ұрпақ үшін жақсы жағдай жасауға бағытталғанын айтты.

– Осының бәрі жастарымыз – біздің болашағымыз үшін. Атқарылып жатқан жұмыстар сіздердің өмірлеріңізді одан сайын жақсартып, Қазақстанымызды одан әрі байыта түсу үшін жасалуда, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жас буынды «Жас сарбаз» қозғалысы мүшесінің қатарына қосылуға шақырды.

– «Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде құрылуы тиіс. Еліміздегі жастар осы қозғалыстың қатарынан табы­луы қажет. Сондықтан дене шы­нық­тырумен айналысып, әскери маман­дықтарды игерген жөн. Бұл қозғалыс Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысуы керек. Сонда ғана сіздер өз халқыңыздың тірегіне айналасыздар, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың қазақстандық патриотизмді күшейту ісіндегі ерекше маңызы барын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан қоғамының гүлденуі үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталды. 

– Елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Біз бәріміз де – Қазақстан аза­мат­тарымыз. Бай тарихымыздың арқа­сында төзімділік пен құрметтеуді бойымызға сіңірдік. Бұл құндылықтар Қазақ­станды біріктіреді, мемлекетті қуат­ты және сыйлы мемлекетке айналдырады. Сондықтан Отанымыздың патриоты болу – баршамыздың парызымыз, – деді Елбасы. Сөз соңында Мемлекет басшысы барлық қатысушыларға табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

Кездесу барысында жас сарбаздар Мемлекет басшысына «Жас сарбаздың» құрметті төрағасы» куәлігін, төсбелгісі мен арнайы киімін табыстады. 

Осыдан үш жыл бұрын дәл осы күні Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің мәдени ошағы − Ұлттық әскери-патриоттық орталықты салтанатты түрде ашқан болатын. Салтанатты жиында «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы баяндалып, қозғалыстың өңірлердегі филиалдары өз жұмысын бастады. Сонымен қатар қозғалыс тәрбиеленушілерінің жаңа киім үлгісі таныстырылды. 

Бүгінде «Жас сарбаз» балалар мен жас­өспірімдер әскери-патриоттық қоз­ғалы­сы» республикалық қоғамдық бір­лес­тігінде 2828-ге жуық әскери-пат­риот­тық клуб пен сыныптар бар. Онда 73 164 бала қамтылған. Аталған орта­­лықта соңғы екі жыл ішінде әске­ри-пат­риоттық тәрбиелеу бойынша 992 іс-ша­ра өткі­зіл­ген. Оның ішінде жыл сайын «Ай­бын» рес­публикалық әске­ри-патриоттық жас­тар жиыны да бар. Был­тырдан бастап аталған шара ха­лық­­аралық дәрежеде ұйымдастырылып келеді.

Салтанатты шарада сөз алған аға лейтенант Мейірбек Меңдіғалиев: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Алдағы уақытта республика бойынша «Жас сарбаздың» жаңа сыныптары мен әскери-патриоттық клубтары ашылады. Біздің мақсатымыз – төл тарихын білетін, бүгінін бағалайтын, тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай сақтайтын ұлағатты жас өренді тәрбиелеу», деді. Ал Астана қаласындағы 66-шы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Данияр Бекетов замандастарының тек білім, ғылым, инновация салаларын меңгеріп қана қоймай, өз ұлтының мәдениеті мен төл тарихын білуге ұмтылатынын жеткізді. «Өз Отанымызды қорғайтын жігерлі, білімді сарбаз болуды мақсат етеміз. Қатарластарымызды спортпен шұғылдануға, ұлттық таным көкжиегін кеңейтуге шақырамыз», деді ол.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зиденті күні қарсаңында ұйым­дастырылған кездесуде жас сарбаздар шағын концерт ұйымдастырып, жеткен жетістіктерімен бөлісті.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»