Елбасы тапсырмасы бойынша Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта көп балалы отбасылардан шыққан талантты ауыл жастары үшін жыл сайын 100 грант бөледі. Қазір жекеменшік оқу орындарының көбейгендігі белгілі. Бірақ көбінің оқу базасы, материалдық жағдайы, оқытушылар құрамы, білім деңгейі бүгінгі білім стандарттарына сай келмейді.
Кейбіреулерде екі дипломы болса да, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде тиісті мамандықтар бойынша талап сүзгісінен өтпей жүргендері сондықтан. Еліміздегі кейбір жоғары оқу орындарының мүмкіндігіне сенбеген жастардың шетелдік оқу орындарын таңдап жатқандығына Елбасы да кейістік білдірген. Мұндайда тығырықтан қалай шығуға болады?!
Қызылорда облысында «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер сұхбаты» атты еңбек форумында облыс әкімі Қ.Көшербаев нарық жағдайында жоғары білікті мамандар даярлаудағы талаптар жайында айтқанда мына өзекті мәселені еске салды.
– Сарапшылардың бағалауы бойынша, Батыс Еуропа мемлекеттерінде ішкі жалпы өнімді қалыптастыруда адам капиталының үлесі – 30%, АҚШ-та – 40%, ал ТМД елдерінде бар болғаны 10-15%-ды құрайды. Сондықтан экономикалық өсім мен барлық игіліктердің негізгі драйвері – адам, оның білімі мен дағдысы болуы қажет. Адам жетекші күшке айналуы керек. Оның білімі, шеберлігі, тәжірибесі – көп жағдайда табысты істің кепілі. Нәтижесінде жоғары сапа мен экономикалық өсу қамтамасыз етіледі, – деді ол.
Адам капиталы білім арқылы қалыптасады. Сондықтан жоғары оқу орнын бітіргенімен нарық жағдайына жарамайтын жастардың қатарын көбейте бермеу үшін бүгінге керек мамандықтарға оқыту керек. Мемлекетке салған адам инвестициясы деген сол.
– Біз 2014 жылдан бастап мектеп бітірген түлектерді Мәскеу мен Санкт-Петербургтің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарына жіберудеміз. Ресей Федерациясы Үкіметінің гранты негізінде оқып жатқан 452 білім алушының Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербургтің мемлекеттік өсімдік полимері технологиялық университетін бітірген алғашқы 32 студенті оқуын аяқтап елге оралса, 42 түлек магистратурада білімдерін жалғастырып жатыр. Ресей жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс нәтижесінде биылғы оқу жылы тағы да 58 бала оқуға түсті, – дейді аймақ басшысы.
Сонымен қатар жыл сайын аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 100-ге жуық дарынды бала облыс әкімінің білім беру гранты бойынша еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түседі. Биыл гранттар саны 2 есеге – 100-ден 205-ке дейін артты. Бұл ретте гранттардың 70%-ы IT-мамандықтарға бөлінген. Қызылордалық мектеп бітірушілердің 97%-ы осымен екі жыл қатарынан жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсіп отыр. Олардың 57%-ы мемлекеттік білім грантының иегерлері атанды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 509-ға артқан. Облыста талапты жастарға осындай көмек көрсетіліп отыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы