Фахим АБЕД,
«Нью-Йорк Таймс» – Қандағар, Ауғанстан
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, Мадина сияқты қандагарлық миллиондаған бала дертпен күресу үшін вакцинаның бір дозасына зәру. Бірақ олардың көбі Ауғанстанның оңтүстігіндегі Талибанға бағынышты, қоғамнан шектелген мекендерде өмір сүреді. Тәлібтер өздеріне қарасты аймақта мемлекеттік медицина қызметкерлерінің жұмыс істегенін қаламайды.
Мұндай мәселе вакцинация шараларын үздіксіз жүргізуге қиындық туғызады. Ауғанстан, Пәкістан мен Нигерия секілді полиомиелит індеті жиі кездесетін мекеннің бірі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, биыл полиомиелит диагнозымен 19 адам тіркелген.
Діндар-ғалым әрі вакцинация тобының мүшесі, Қандағар қаласының молдасы Абдул Рашид тұрғындардың көбі кедей екенін айтады. Сондықтан олар вакцинаны емес, балаларына тамақ тауып беруді уайымдайды. «Олар полиомиелит екпесіне қатты алаңдамайды», дейді Рашид мырза.
Діндар ғалымдардың вакцинаны қолдау шараларына қарамастан, екпеге қарсы күмән әлі де жоғалған жоқ. Көбі вакцинаның исламда қаншалықты рұқсат етілгеніне алаңдайды. Олардың кейбірі екпеден халықты бедеу ету үшін батыс әлемінің жымысқы әрекеті деп қауіптенеді.
Полиомиелит Батыс елдерінде 2000 жылдары жойылды, бірақ Ауғанстандағы 10 миллионнан астам бала әлі күнге дейін вакцинаға мұқтаж.
«Әлем бұл вирусты түбегейлі жоюға тырысып жатыр. Бұл еліміз үшін әлем алдындағы жауапкершілік», дейді Ауғанстанның Денсаулық сақтау министрі Дестагир Назари.
Вакцина жұмысы ерте басталады. Әуелі вакциналарды жинап, Қандағарға көршілес қалалардан арнайы орын әзірленеді. (АҚШ, Канада, Жапония елге ең көп вакцина ұсынады).
Топ мүшелері жалдамалы таксимен немесе мотоциклдермен 5 жасқа толмаған балалары бар отбасыларды аралап, екпе егеді.
Кейде А.Рашид сияқты діндарлар да еріп барады. «Ислам заңдарына үңілсек, денсаулық адам үшін өте маңызды. Сондықтан денсаулығымызды жақсарту үшін шаралар қолдану орынды. Осы айда вакцина алуға қарсы 70 отбасыны райынан қайтардық», дейді ол.
Басқа жағдайларда, кәдімгі шаралар да іске асады. Бір үйдегі келіншек баласына вакцина салуға қарсы екенін айтты. Бірақ оның баласы шар сұрады. Ақыры балаға шар беріліп, екпе салынды.
Көп отбасылар медицина қызметкерлерін үйіне кіргізген жағдайда, тәлібтерді ашуландырып аламыз деп қорқады.
Талибан өкілі Забихуллах Муджахид медицина қызметкерлері тыңшы болуы мүмкін дейді. Сондықтан олар екпені мешіттерде салуды талап етеді. Бірақ медицина қызметкерлері үй аралаудың ғана тиімді екенін, жағдайды қадағалауға мүмкіндік беретінін айтады.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»