Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Меншікті зейнетақы капиталын қалыптастыру – әр қазақстандық үшін аса маңызды міндет

472 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

2018 жыл көптеген оқиғаларымен маңызды. Ұлттық валюта – теңгенің 25 жылдығы атап өтілді, Қазақстанның зейнетақы жүйесі 20 жылдығын атап өтеді, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 5 жыл толды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жан-жақты баға беру үшін оның қызметін 35-40 жыл бойы талдау қажет деп есептеледі. Орташа алғанда, адамның еңбек қызметінің уақыты сондай, сол мерзім ішінде ол зейнетақы жарналарын сала отырып, өзінің зейнетақы капиталын қалыптастырады. Жүйенің жетіліп, жемісін беруі үшін бұл кезең жеткілікті саналады. Соған қарамастан, 20 жылға созылған едәуір жолдан өттік. Сондықтан аралық қорытынды шығарып, болашақ туралы ойлануға болады. Осы жағдай туралы «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымы Нұрбибі НАУРЫЗБАЕВА «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында әңгімелейді.

Меншікті зейнетақы капиталын қалыптастыру – әр қазақстандық үшін аса маңызды міндет

– Нұрбибі Серікқажықызы, 20 жылдағы жұмыс нәтижелері бойынша Қазақстанның жи­нақ­таушы зейнетақы жүйе­сінің жай-күйін қалай бағалайсыз?

– Жинақтаушы зейнетақы жүйесін талдау үшін ұзақ мерзімді – әлеу­меттік те, инвестициялық та болашақ қажет. Оның ерек­ше­лігі осыда. Адам жұмысқа шық­­қан бойда жеке зейнетақы шотын ашады және өзінің еңбек қызметінде зейнетақы жарналарын жасайды. Бұл инвестицияланады, инвестициялық кіріс алынады, осылайша зейнетақы жинақ ақшасы қалыптастырылады. Қа­зір жинақтаушы зейнетақы жү­йе­сі енгізілгеннен 20 жыл өт­кен соң зейнетақы жарнасын тұ­рақты түрде салатын адамдарда қомақты сома жинақталды. 20 жыл ішінде адамдар жеткілікті түрде жинақтап үлгерген жоқ де­ген уәжді жиі естиміз. Расында да, егер міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақталған орташа соманы алсақ, 1 миллион теңгеден аз. Бірақ бұл жүйеге 20 жыл бойы қатысқандардың да, оған тек қатысып қоя сал­ғандардың, бүкіл кезең бойы жар­­наларды тұрақты түрде салып отыр­ғандардың және әлі күнге дейін өзінің ресми жалақысын көрсетпейтіндердің барлық шоттарынан алынған орташа сома дәл осындай. Зейнеткерлікке дейінгі жастағы жарнаны үнемі (жылына кемінде 9 рет) салып отыратын салымшылардың жинақтаған ақшасы ер адамдарда 3 миллион теңгеден және әйелдерде 2 миллион теңгеден асады. Бұл сома жарналар саны мен сомасына теңбе-тең өсуде. БЖЗҚ-дан төлемдердің тұрақты түрде жү­зеге асырылып жатуының өзі жүйенің жұмыс істейтіндігін көр­сетеді. 2018 жыл­­дан бері ай сайынғы негізде төле­нетіндігі бел­гілі, ол адам тиісті жасқа жет­кенде 1998 жылға дейін ең­бек өтілі (ортақ құрауыш), ең­бек өтілі мен жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне қатысқан ке­зең (базалық төлем) үшін мем­лекеттен және БЖЗҚ-дағы өз шо­тынан алатын жиынтық зей­нетақының бір бөлігі болады. Қа­зір жиынтық зейнетақының 80-85%-ын адамдар мемлекеттік бюджеттен алатындығын талдау көрсетіп отыр. 2018 жылы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдегендердің көпшілігі әзір­ге 15 мыңнан 40 мың теңгеге де­йінгі сома алады. Бірақ БЖЗҚ-дан алатын төлемдерінің өзі 100 мың теңгеден асатындар да бар. Қа­­зір мұндай алушылар аз, бірақ олар жарнаны тұрақты түрде аудара отырып, жақсы зейнетақы жи­нақ­тауға болатынын көрсетіп отыр. 

– Біздің қазақстандық жи­нақтаушы зейнетақы жүйесін дағдарысқа төзімді деп атауға бола ма?

– Біздің жинақтаушы зейнет­ақы жүйесі әлемдік екі қаржы дағ­дарысын өткерді. Бірінші дағ­­­дарыстың шарықтау шегі ХХ ға­­сырдың 90-жылдарының соңында болды. Екінші қаржы дағдарысы 2007-2008-жылдары болды және ол салымшылардың шоттарындағы инвестициялық кірістің төмендеуіне ықпал етті. Бірақ ол салымшылардың жинақ ақшаларына әсер еткен жоқ, себебі төлем алуға құқық алғандарға қатысты зейнетақы жинақтарын мемлекеттік тұрғыдан сақтау те­тігі қолданылып, адамдар жинақ­талған кірістілік пен инфляция со­масы арасындағы айырманы ала бастады. 

Жинақтаушы зейнетақы жү­йе­­сінің дамуы, оның сәт­ті­ бо­луы көбіне елдегі эконо­ми­­ка­лық ахуалға байланысты: эко­но­­миканың нақты секторының өсуі еңбек өнімділігінің және ха­­­лық кірісінің өсуіне ықпал ете­ді. Инфляцияның төмендеуі, бағалардың тұрақтылығы зей­нетақы жинақ ақшасының нақ­ты құнына тікелей әсер етеді. Жұмыспен қамтудың ұлғаюы халық­тың болашақтағы жи­нақ­тарының есебіне өз кірі­сінен тұ­рақты аударып тұ­руы­на мүмкіндік береді. Жар­на­лардың тұрақты түрде түсуі инвес­тициялық кіріске де әсер етеді, себебі көп сома инвес­ти­цияланған сайын, пайда­ да­ кө­бірек болады. Жалпы алған­да, жинақтаушы зейнетақы жү­йесі жұмыс істеген бүкіл ке­зең­де жинақталған кірістілік деңгейі 481,1%-ды құрады, бұл жинақ­талған инфляция деңгейінен (474,2%) асып түседі. БЖЗҚ-ның зей­нетақы активтері бойынша жинақталған кірістілік 2014 жылғы сәуірден бергі кезеңде (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға шоғырландыру аяқ­талған кез) 49,40%-ды құрады, ал бұл кезеңде инфляция 41,78% мөлшерінде болған. 2018 жылғы 1 қарашада зейнетақы жинақ ақшасының сомасы 9 триллион теңгені құрады, оның 3,5 трил­лионы (38%-дан астамы) – салым­шылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс.

Егер жинақталған ақшаның нақты құнына қандай да бір кезеңдегі қаржы нарықтарындағы ахуал әсер ететін болса, онда қалай болғанда да инфляция дең­гейінен төмен емес кірістілік қам­тамасыз етіледі. Тағы да ес­ке түсірейін, «Қазақстан Рес­пуб­ликасында зейнетақымен қам­сыз­дандыру туралы» заңының 5-бабына сәйкес мемлекет алу­шыларға БЖЗҚ-дағы мiндеттi зейнетақы жарналарының және мiндеттi кәсіптік зейнетақы жар­наларының зейнетақы төлем­деріне құқық алу сәтіндегі инфля­ция деңгейiн ескере отырып, жар­­на­ларының нақты енгiзiлген мөл­шерiнде сақталуына кепiлдiк бередi. Басқаша айтқанда, адам зейнетке шыққанда оның жеке зейнетақы шотындағы кіріс­ті­ліктің жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінде болған бүкіл ке­зең­дегі инфляция деңгейіне ара-қа­тынасында есептеледі. Бұл жүйе жұмыс істейді – адамдар зей­нетке шыққанда, өз төлем­дерінен басқа мемлекеттік кепіл­дік бойынша сомалар алады, се­бе­бі жекелеген кезеңдердегі кіріс­­тіліктің төмендеуіне ықпал етеді. Мысалы, өткен жылы ша­­мамен 13 миллиард теңге тө­ленген. Мұның бәрі жүйенің тұ­­рақты жұмыс істейтінін және са­лымшылар жинақ ақшасының қорғалғандығын білдіреді.

– Бірақ қазіргі кезде кейбір сарапшылар жақын уақытта, 5-10 жыл­дан кейін БЖЗҚ ақ­шасы тау­­сылып, зейнетақы төлеуге ақ­­шасы қалмайды деп халықты қор­қытуда. Бұл қан­ша­лықты шын­дыққа жанаса­ды?

– Мұндай болжамды жоққа шығаратын негізгі дәйектен бас­тайын. Төлемдер мен жинақ­тау­шы зейнетақы жүйесіне түсетін қаражатты салыстыру шын мә­­­­­­нінде дұрыс емес. Әлемдік прак­­­­­­тикада зейнетақымен қам­сыз­­дандырудың екі үлгісі қол­данылады: бөлетін зейнетақы жүйесі және жинақтаушы зейнет­ақы жүйесі. Көптеген елде бел­гілі бір ерекшеліктерімен осы жүйелердің бірқатар комбина­ция­лары қолданылады, бі­рақ­­ оның өзі бар-жоғы екеу. Бі­­­рін­ші жағдайда да, екінші жағ­­­дайда да ақшаны жұмыс істей­тін адамдар аударады. Тек бө­ле­тін жүйеде жұмыс істейтін аза­маттардың салықтар түріндегі есеп­теулері болашақтағы зейнеткерлерге зейнетақы төлеу үшін қолданылады. Жүйенің атауының өзі осыдан барып «бөлетін» деп аталды, яғни ақша жүйеге қа­тысушылардың арасында қайта бө­лінеді. Жүйенің басқаша атауы – ортақ деп аталады, ұр­пақ­­тардың ынтымақтастығын біл­­­діреді: халықтың жұмысқа қа­білетті бөлігі зейнеткерлерге төлейді. Ал жинақтаушы жү­йе болса, жұмыс істейтін аза­маттардың өздерінің дербес шот­тарына бүкіл еңбек жолында ақша аударуын болжайды. Нақты бір салымшының төлем алу құқығы басталған кезде ол жүйенің басқа қатысушыларынан емес, оның жеке зейнетақы шотынан таусылғанша төленеді. Осылайша бөлу жүйесінде ке­ліп түсетін ақша мен берілетін ақ­ша арақатынасы негізгі рөл ат­қарады, себебі бұл арақаты­насқа демографиялық және әлеу­меттік-экономикалық факторлар айтарлықтай әсер етеді. Кезінде дәл осы баланстың бұзы­луы зейнетақы реформасына және жинақтаушы құрауышты енгізуге деген қажеттілікті туын­­­датты. Қазақстанда 1998 жыл­­дан бері істеп келе жат­қан жи­­нақ­таушы зейнетақы жүйе­сінде әрбір адам бүкіл еңбек жолында жинақтаған өзінің жеке зейнетақы жинақтарына қарай алады. Жи­нақтаушы зейнетақы жүйе­сіне келіп түскен ақша мен төлемдер арақатынасының нақты бір азаматтың төлемде­ріне ешқандай ықпалы жоқ. Алынатын зейнетақы төлемде­рінің сомасына меншікті зейнет­ақы жарналарының жиілігі, тұрақ­тылығы мен мөлшері және оларға есептелетін инвести­ция­лық кіріс қана әсер етеді. Осы­лай­ша жи­нақ­­­­таушы зейнетақы жүйесіне келіп түсетін ақша мен төленетін ақшаны салыстыру әдіснамалық тұрғыдан қате бол­мақ. 

Егер цифрларға жүгінетін бол­сақ, онда алушылардың санына, түскен инвестициялық кіріске, түсімдердің көлеміне қарай келіп түсетін ақша мен төленетін ақша арасындағы қатынастың жылдан- жылға өзгергенін көруге болады. Соңғы жылдары келіп түсетін ақша мен төленетін төлемдердің арақатынасы 4-ке 1 деңгейінде байқалады. БЖЗҚ-ның актуар­л­ық есептеулері бойынша мұн­дай арақатынас болашақта да сақ­талады, яғни келіп түсетін ақ­ша бұрынғысынша төленетін төлемнен артық болады. Мы­салы, 2019 жылдан бастап 2023 жылдар аралығындағы ке­зең­де төлемдердің жиынтық кө­лемі 1,3 трлн теңге болғанда жар­на­лардың жиынтық көлемі шама­мен 5 трлн теңге болады деп бол­жанады. Соның нәтижесінде, инвестициялық кірісті есептеген­дегі жинақ ақша сомасы 2023 жыл­дың соңына қарай шамамен 15,3 трлн теңге болады. Де­мек, БЖЗҚ-да кассалық айыр­машылық болады деген пікірлер шын­дыққа жанаспайды.

– Қазақстан зейнетақы жү­йе­­­сінің көпқұрамдылығына қайта оралсақ: тағы да жиырма жыл өте­ді және 1998 жылға дейін еңбек өтілі болмаған адам да зей­неткерлік жасқа жетеді. Олар ортақ зейнетақыны ал­май­ды. Бұл мемлекеттің зей­нет­ақымен қам­сыздандыру жө­­ніндегі міндет­темелері қыс­қарады дегенді білдіре ме?

– Мемлекет бұрынғыша аза­маттарды зейнетақымен қам­сыз­­дандыруға қатысады. Ортақ құрауышты төлеу іс жүзінде жыл сайын төмендейді, бірақ базалық зейнетақы төлеу жалғаса береді. 2018 жылдан бастап осы зейнетақының мөлшері ең­бек өтіліне және жинақтаушы зей­нетақы жүйесіне қатысу кезеңіне қатысты болады. Яғни, осы­ның барлығы адамдардың ресми түрде еңбек етуге немесе аза­маттық-құқықтық сипаттағы шарт­тар бойынша жұмыс істеп, қыз­мет көрсетуге және БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына мін­детті зейнетақы жарналарын уақтылы жүзеге асыруға, жұмыс берушіден алған деректерді шоттан алған үзінді-көшірмемен салыстырып тексере отырып, оның міндетті зейнетақы жарналары бойынша аударымдарды жасағанын не жасамағанын жүйелі түрде бақылап отыруға тиіс екеніне алып келеді.

Зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының зей­нетақы жүйесін одан әрі жаң­­ғыртудың 2030 жылға де­йінгі тұжырымдамасына сәй­кес жүргізіледі. Біз қазір жаң­ғыр­тудың бірінші кезеңіне (бұл 2016-2020 жылдар) жоспарланған міндеттерді іске асырамыз. Дәл осы уақытта құқықтық негіздер жасалуда және жүйені қайта құ­рудың бірінші кезектегі шаралары орындалуда. Өткен үш жылға жуық уақытта көп нәр­се жасалды. Мысалы, күштік құ­ры­лымдардың қызметкерлерін зейнет­ақымен қамсыздандыруды реформалау жүргізілді, 2016 жыл­­дан бастап олар толық мем­лекеттік зейнетақымен қам­сыз­дандыруға өтті. Бұл мемлекет­тің қатысуы туралы мәселеге орай.

Зейнетақының жиынтық мөл­­шерін, яғни мемлекеттік бюджет­тен және БЖЗҚ-дан зейнет­ақы­ның мөлшерін көтеру үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жинақ ақшасының есе­бінен төлемдер алудың ай­ сайынғы кестесі енгізілді. Осы­ кезең міндеттерінің бірі – халық­ты зейнетақы жүйесінің қыз­мет­терімен қамту. Біз бұл мін­детті қазіргі кезде Еңбек және ха­­лықты әлеуметтік қор­ғау ми­­нистрлігімен, мемлекет­тік кі­рістер органдарымен, әкім­дік­термен бірлесіп шешу­­­­­­деміз. 

2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап шартты-жинақтаушы құ­рауышты енгізу жоспарланып отыр, онда жұмыс берушінің қыз­меткердің пайдасына жалақының 5%-ы мөлшеріндегі міндетті зей­нетақы жарналары көзделеді. БЖЗҚ-да жұмыс беруші өзінің қа­ра­жаты есебінен қызметкердің ай сайынғы табысынан 5% мөл­шерінде ЖБМЗЖ аударатын әрбір қызметкерге шартты зейнетақы шоты ашылады. Алғашқы төлемдер зейнеткерлік жас­қа толған алушыларға, сон­дай-ақ егер мүгедектігі мерзімсіз белгіленген болса, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 2025 жылдан бастап жүзеге асырылады. Төлемдердің міндетті талаптары қатарынан күнтізбелік 60 айдан кем емес кезең үшін ЖБМЗЖ шотына ­ау­дару болып табылады.
Екінші кезеңде (2020-2030 жыл­дар) зейнетақы жү­йе­сі­нің тиім­ділігін артты­ру­ жә­не зей­нетақымен қамсыз­дан­дыру­дың ең төменгі кепілдік беру жү­йесін одан әрі жетілдіру жө­нінде шаралар қабылданады. Мұ­нда базалық зейнетақы тө­лем­дерінен мемлекеттен ең­ тө­менгі кепілдік берілген зей­нет­­­ақыға өту көзделген. Сон­дай-ақ жинақтаушы зейнет­ақы жүйесінен зейнетақы ан­нуи­теттері арқылы өмірлік төлем тө­­леуге көшу болжанады.

Тұжырымдаманы іске асы­рудың мақсаты зейнетақы тө­лем­дерінің бұрын алған кіріс­тер­ге және елдегі өмір сүру дең­­гейінің өсуіне сәйкес келу, зейнеткерлікке шығуға байланысты жоғалтқан жалақысының орнын зейнетақы төлемдерінің есебінен кемінде 40% дең­гей­­де жабу коэффициентін қам­та­масыз ету, сондай-ақ халық­ты жинақтаушы зейнетақы жүйе­сімен қамтуды кеңейту.

– Зейнетақы жүйесін жаң­ғырту міндеттерінің бірі – оған халықты тарту. Бұл бағытта қан­­дай қадамдар жасалады?

– Ең алдымен, әрқайсымыз зейнетақы жинақ ақшасының салық емес, қандай да бір бел­гісіз мақсаттар үшін ақшаны мәж­бүрлеп алу емес, еңбек қыз­меті аяқталғаннан кейін өмір сү­руді қамтамасыз ету үшін өз ка­питалыңды қалыптастыру еке­нін нақты білуге тиіспіз, оның негізінде қанша табыс тап­тың, сонша аласың деген әлеу­меттік әділеттік қағидаты бар. БЖЗҚ халық арасында әрбір қа­зақстандықтың жинақтаушы жүйеге қатысу қажеттілігі туралы ауқымды ақпараттық-тү­сіндірме жұмысын жүргізеді. Со­нымен қатар біз ересек адамдар­мен қатар өсіп келе жатқан ұр­пақпен – студенттермен және жо­ғары сынып оқушыларымен жұ­мыс істей бастадық. Олардан тү­сіністік пен қызығушылықты көрдік, олар уақыт өте келе өзінің болашағына жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз. Биыл ақпан айынан бастап біз өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдармен – шоттарына бірнеше жыл бойы зейнетақы жарналары түспеген әрбір салымшымен ауқымды жұмыс жүргізудеміз. Қазірдің өзінде 496 мыңнан ас­там адаммен байланыс орнатылды, олардың 96 мыңға жуығы зейнетақы аударымдарын аудара бастады. Олардың шоттарына 9 айдың өзінде 1,5 млрд теңгеге жуық ақша түсті. 

Түсіндірме жұмысымен қа­­тар мемлекеттік деңгейде бас­қа да ынталандыру шаралары қа­былдануда. Мысалы, 2019 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап өзін өзі жұ­мыспен қамтыған адамдар үшін бірыңғай жиынтық төлемді ен­гізу жоспарлануда. Олардың көп­шілігі зейнетақы, әлеуметтік, медициналық қамсыздандыру жүйе­лерінен тыс қалуда. Сон­дықтан Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігі бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізуге бастама жасады. БЖТ мәселелері жөніндегі тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. БЖТ мөлшерін ең тө­менгі – қала халқы үшін бір АЕК және ауыл халқы үшін 0,5 АЕК мөлшерінде белгілеу ұсынылады. Осы соманы бір айда төлеу кезінде азамат бірден төрт бағыт бойынша – жеке табыс са­лығын, БЖЗҚ-ға зейнетақы ауда­­рымдарын, мемлекеттік әлеу­­меттік сақтандыру қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударымдар­ды аударады. БЖТ төлеу адам­ға мін­детті медициналық сақтан­дыру жүйесінің қатысу­­­шысы болуына, салықтар бойынша мін­­деттемелерді орындауына және тым аз болса да, бірақ өзі­нің зейнетақы капиталын то­лық­тыруына және осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына мүмкіндік жасайды. Бұл ЖЗЖ-ға қатысу өтілін растау және базалық зейнетақының мөлшерін ұлғайту үшін маңызды.

– БЖЗҚ-ның алда тұрған мін­­деттерді орындау және зей­нетақы жүйесін дамыту ая­сындағы рөлі қандай?

– Ең алдымен, Зейнетақы жү­йесін жаңғырту тұжырым­дамасы шеңберінде БЖЗҚ үз­діксіз жұмысты, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ашықтығын, зейнетақы қызметтерінің қолже­тімділігі мен сапасын, халықтың міндетті және сол сияқты ерікті құрауыштарымен қамтылуын кеңейтуді қамтамасыз етеді. Қа­зақстан Ұлттық банкімен бір­лесіп зейнетақы активтерін инвес­тициялық басқарудың ашық­тығын арттыру, ал бо­ла­шақта салымшыларды өзде­рінің зейнетақы активтерін бас­қарушы компаниялар арқылы инвес­тициялауға біртіндеп тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. 

Өткен жылы БЖЗҚ-ны да­мытудың 2021 жылға дейінгі кор­поративтік стратегиясы­ қа­былданды. Стратегияда қо­йыл­­ған басты міндеттердің бірі – бұл адамның қай жерде тұрға­ны­на қарамастан, зейнетақы қыз­меттеріне тең қолжетімділікті қам­­тамасыз ету және әлемдік озық практикалардың стандарттарына сәйкес сапалы қызмет көрсету. Бұл үшін БЖЗҚ қазіргі кезде зейнетақы қызметтерін тікелей және сол сияқты қашықтан алу үшін барлық мүмкін арналарды қамтамасыз еткен. Қордың мамандары цифр­лы сервистердің толық желісін әзірлеп, енгізді. Салымшылар оның көмегімен үйден немесе кеңседен шық­пай-ақ, интернетке және элек­тронды цифрлы қолтаңбаға қол­­жетімділігі бола отырып, же­ке зейнетақы шотын ашып, өзі­нің үзінді-көшірмесін қарап, деректемелеріне өзгерістер ен­гізіп, өзінің зейнетақысына бол­жамдық есеп жасай алады. Егер адамда ЭЦҚ болмаса, онда БЖЗҚ офисіне бір рет кірсе болады және қосымша келісім жасай отырып, БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинетке қолжетімділік алады. Колл-орталықтан бастап, заманауи мессенджерлерге дейін консультация берудің әртүрлі арналары көзделді. Шалғайдағы, интернетке қатысты проблемалары бар елді мекендер үшін тұр­ғындар барлық зейнетақы қыз­меттерін толық көлемде ала­тындай техникамен, оның ішінде спутниктік антеннамен жабдықталған көшпелі мобильдік офис көзделген. БЖЗҚ-ның бөлімшелері жоқ шағын кенттерде тұратын халықтың БЖЗҚ қызметтерінің бүкіл кешенін алуы үшін «Қазпошта» АҚ-пен меморандум жасалды.

Зейнетақы жүйесін одан әрі заңнамалық дамыту және же­тілдіру, мысалы шартты-жи­нақ­­таушы құрауышты енгізу үшін техникалық базасын дайын­дау шеңберінде қорға бірқатар мін­деттерді шешу қажет.

Халықтың зейнетақымен қам­сыздандыру саласындағы қар­­жылық сауаттылығының дең­гейін арттыру маңызды. Зей­нет­ақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін халықтың оған деген негізгі сенімі болуға тиіс. Ал дәйекті ақпарат негізінде біз салымшылармен бірге, оның ішінде ерікті зейнетақы өнімдерін дамытуды ескере отырып, дербес зейнетақы жоспарларын құру мәдениетіне қол жеткіземіз. 

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі 20 жыл жұ­мыс істеуде және оның дамуы­ үшін үлкен әлеует бар. Ал БЖЗҚ қа­­­зір­­­гі кезде оның қаржылық және ақпараттық ағындарының бірыңғай операторы және әкім­шісі. Қордың қызметкерлері елдің әр азаматы өзінің зейнетақы капиталын дұрыс қалыптастыру кезіндегі сенімді кеңесшісі және көмекшісі болуға тырысады.

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»