Қоғамдағы тәрбие мен білімнің бірінші баспалдағы – бұрынғыдай мектеп емес, балабақша. Соңғы санақ бойынша 3-6 жастағы балалардың 93,1 пайызы балабақшамен қамтылған. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Жарайды, жеті пайызды екі жылда-ақ еңсерерміз. Сан бар, ал сапа қайда?
Мәңгілік ел болуды мақсат тұттық, ал елдің ертеңгі егесі – бүгінгі балдырған. Оларға ұлттық тәрбие беріліп жатыр ма?
2016 жылы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұны «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының негізінде қайта жаңартылды. Жалпыға міндетті мемлекеттік стандартқа сәйкес жасалған үлгілік оқу бағдарламасында балаларды ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат ететіні жазылған. Министрлік бекіткен мақсатқа мамандар қол жеткізіп жүр ме? Мәселе сонда. EduTech білім беру саласындағы стартап жобалар байқауына қатысқан Алматы қаласы Жетісу ауданындағы №51 балабақша меңгерушісі Фарида Қызырханқызы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы әзірлеген әдістемелік ұсынымдарда білім беру процесін ұйымдастыруға арналған, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін «Менің Қазақстаным», «Өнер көзі – халықта», «Салт-дәстүрлер және фольклор» атты тақырыптар бар екенін, бұл жобасын соған сүйеніп әзірлегенін айтады. Оның пікірінше, министрлік нақтылап берген бағытты әрі қарай жандандыру, тереңдей қамту, жүйелі жүзеге асыру балабақшаның меңгерушісі мен әдіскеріне байланысты. Сонымен қатар балалармен тікелей жұмыс істеп отырған тәрбиеші шығармашыл, кәсіби, халқымыздың құндылықтарына деген жанашыр көзқараста болса, балдырғандар ұлттық тәрбиемен толық сусындайды. «Өнер көзі – халықта» деген бір тақырыптың өзін ауқымды қамтып, мәдени мұраны, дастандар мен ертегілерді, тыйым сөздерді санасына сіңіру де тәрбиешінің әлеуетіне байланысты.
Ал аталған балабақша орыстілді екенін естігенде неге асықты таңдағанын білгіміз келді.
Идея авторы: «Елбасының жалпыұлттық идеяға айналған мақаласында ұлттық код туралы айтылады. Біз үшін бала санасындағы ұлттық код – ежелден қазақ қарадомалақтарын жан-жақты дамытудың көзі болған асық. Осы тұжырымға тоқтап, тәрбие мен білім беру үдерісінде арнайы әдістеме ретінде қолданып келеміз. Министрлік финалға шыққан стартап жобаларына нұсқаулық хат беруге уәде еткен, орындалмады. Алайда Алматы қаласы білім басқармасының сараптамалық кеңесі шешімімен асық технологиясы туралы ұсынған әдістемелік құрал баспаға жіберілді. Биыл сәуірдің 15-інде бекітілген шешіммен қала бойынша таратылды.
Біздің балабақша орыстілді, өзге ұлттың балалары көп келеді, асық оларға кіндік қаны тамған жердің тарихы, асыл мұрасы, мәдениеті туралы түсініктерді қазақ балаларымен бірдей қалыптастыруға көмектеседі. Түрлі семинарлар мен конференциялардың арқасында көптеген балабақша асық технологиясын білім беру үдерісіне енгізді», дейді.
Қазақ тобындағы бала неге орысша сөйлейді?
Мектепке дейінгі тәрбие тақырыбына қалам тербегелі бері балабақшаны төңіректедік. Сондағы бірінші көкейге келген сауал осы болды. Бұл сұрақты балалармен тікелей жұмыс істеп отырған тәрбиешіге қойдық. Түйгеніміз төмендегідей: бала үйде орысша сөйлейді; мултьфильмді басқа тілде (ағылшынша көретіндері де бар) көреді; орта бұзады.
Тарқатайық. Топтағы 25 баланың 5-еуі орысша шүлдірлейді. Кешқұрым дәл сол балалардың ата-анасын күттік. Олар шынында қазақ тілінде сөйлемейді. Демек, бала отбасында өз ана тілінде қарым-қатынас жасамайды, балабақшадағы үйренгенін бекіту, қайталау, пысықтау деген маңызды кезең орысша өтеді деген сөз. Бұл осы проблеманың туындауына басты себеп болып тұр. Өйткені баланың тілі алдымен отбасында шығады, балабақша дамытады және отбасы оны қайта бекітеді.
Баланы бүгінде телефон тәрбиелейді. Ал сол «ақылды қалта» қазақша «сөйлемейді». Ондағы балалардың кейбір сүйікті кейіпкерлері, орысшаңыз былай тұрсын, ағылшынша сайрайды. Көршіміз 3 жасар баласының ағылшынша сөздерді қайдан үйренгенін білмей дал, «біліп туған» баласына сүйсінумен жүр. Енді бір ата-ана «Үш тілділік баламыздың миын ашытып жіберетін болды» дейді. Парадокс. Шын мәнінде сол қарапайым ұялы телефонмен ілесіп келген айналамыздағы жаңа технологияның өзі бала түгілі сізді де өзге тілде сөйлетеді. Байқадыңыз ба, балабақша – берідегі мәселе.
Дегенмен, қайта оралайық. Бала отбасындағы тәрбиесін қоғамға алып келеді. Нысанаға алынған әлгі топта орыстілді бір балақайға қазақтілді төрт баладан келеді екен. Әрбір жаңа ақпаратты сол күйінде қағып алатын балаға бірге ойнайтын досының сөздерін жаттап алу сөз болып па? Тоқетері, адамды орта тәрбиелейді. Осыдан келіп бала басында орысша ойнайды, содан соң орысша ойлайды. Қиыны да осы. Кей ата-аналардың «Баламның тілі қазақша шықты, үйде ешкім өзге тілде сөйлемейді, балабақшаның қазақ тобына келіп орысша сөйледі» деген жанайқайының мәнісі осында.
3 жастан бастап орыс тілі, 5 жастан бастап ағылшын тілі өтеді
Ұлттың жаны – тіл. Мұны әрбір маман біледі. Бірақ педагог қанша жерден шығармашыл, ізденімпаз болса да заңмен бекітілген стандарттан әрі аса алмайтыны анық. Стандартқа сүйенген бағдарлама тәрбиешіге қандай бағыт береді? 2016 жылғы 12 тамызда бекітілген бағдарлама бойынша 3 жастан бастап орыс тілі, 5 жастан бастап ағылшын тілі өтеді. Енді өзіңіз бағамдай беріңіз. Бағдарламаның өзі бала тілінің тазалығын сақтамауға ыңғайланған ба дерсің. Рас, балабақшаның басты міндеті – баланы мектепке дайындау. Ал жоғарыда аталған пәннің екеуі де мектепте 1-сыныптан басталады. Балабақша бұл қадамға мектептің алдындағы міндетін атқару үшін барып тұр екен. Алайда баланың санасы, ойы, тілінің тазалығы бәрінен бірінші орында тұрса, бұйрықты түзету бүтін бір ұрпақтың бойын кейін тазартудан анағұрлым оңай.
Осы бағдарламаны әрі қарай парақтасақ, мынадай кесте алдымыздан шығады.
Жеті жасқа дейінгі балаға берілетін шет тілінің сағаты сөйлеуді дамытудың сағатымен тең екенін былай қойғанда, орыс тілінің сағаты сауат ашудан көп. Себебін сұрадық, министрлік бұл мәселені биыл шешкен.
Вице министр А.Аймағамбетовтың қатысуымен өткен Тамыз конференциясында аталған бағдарламаға өзгеріс енгізілгені айтылған. БҒМ Мектепке дейінгі білім департаментінің басшысы Ш.Сұлтанғазиева өз баяндамасында қазақ тілін оқыту ортаңғы топта 0,5 сағатқа, ересек топтарда 1 сағатқа артқанын мәлімдеген. Бірақ қазақ тіліне сағат аз бөлінген бағдарламамен екі жылда қаншама бала бітіріп кетті?..
Адам қалыптастыратын маман
Балабақшадағы тәрбие мен білім сапасының артуы ондағы педагогтің кәсібилігіне тәуелді. Стандарт, бағдарлама балаларға ұлттық тәрбие беруді көздейді, бұл мәселе бір жүйеге келтірілген, бағыт берілген делік, бірақ журналистік зерттеу жүргізу барысында көз жеткізгеніміз – кейбір тәрбиешілердің мазмұны түгілі қандай құжатты басшылыққа алып жұмыс істейтінін білмейтінінде. Өйткені Ақпараттық талдау орталығының 2016 жылғы жүргізген мәліметі бойынша жоғары білімді 49300 тәрбиешінің 12357 (25%) ғана; орта кәсіптік 30972 маманның 14844 (47%) кәсіби мамандар, яғни нақ мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мамандығын бітірген. Әлемдік деңгейді анықтайтын Education Index-тің зерттеуінде білім саласында үздік жиырмалықтың қатарына да кірмейтін Францияның өзінде балабақшаға орналасатын үміткерлер ірі байқаудан, іріктеуден өтеді, 1 орынға 10 адам таласады екен. Себебі онда тәрбиеші беделді мемлекеттік қызметкерге жатады, соған сәйкес мәртебесі мен жалақысы да жоғары. Тағы бір ерекшелігі, мемлекеттен алатын әлеуметтік көмегі бар. Осы орайда талқыланып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына тәрбиеші туралы арнайы бап қосылу керектігін айта кеткен ләзім. Себебі тәрбиеші – адам қалыптастыратын маман.
Ал бізде балабақшаға мәжбүрліктен жұмысқа орналасатындардың қатары көп, трендтегі немесе өзіне ұнайтын мамандықты бітіріп, бірақ жұмыс таба алмағандар көбіне мектепке дейінгі ұйымға келеді. Рұқсат па? Иә, тәрбиешіге қойылатын талаптар туралы жазылған бұйрыққа биыл енгізілген өзгеріс бойынша педагогикалық немесе бейіндік білімі бар мамандар жұмысқа орналаса алады. Бұл кадр тапшылығынан туындаған шешім. Кадр тапшылығының басты себебі – айналып келгенде тәрбиешінің мәртебелі мамандық қатарына кіре алмай тұрғанында.
Гарвард университетінің «Балалық шақты дамыту» орталығы сәтті ересек өмірдің балалық шаққа тәуелді болатынын дәлелдеген. Бұл тәуелділік адамның бес жасқа дейін аса сезімтал болуымен байланысты. Алғашқы бес жылда бала миында секунд сайын жаңа нейрон қалыптасады екен. Нейрон дегеніңіз жүйке жасушалары. Сондай-ақ бала 5 жасқа дейін бүкіл өміріне қажетті дүниенің 90 пайызын алып үлгереді, бұл бала психологиясын зерттеп жүрген ғалымдардың тұжырымы. Сондықтан саналы тәрбие мен сапалы білім мектептен бұрын басталуы тиіс.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»