Ғылыми-конференциямен, қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың сенімді серігі, шеп бұзар батыры болған Баймұрат Бәйімбетұлының еңселі ескерткішінің ашылуымен жалғасқан іс-шара облыстық ақындар айтысымен түйінделді. Заманында Найман ішіндегі Төртуыл руының ұранына айналған Баймұрат батырдың Зайсан қаласына кіре берістегі Нарқызыл тұлпарына мінген, қоладан құйылған, биіктігі тұғырымен қоса алғанда 10 метр болатын, салмағы 7 жарым тоннаға жуықтайтын ескерткіші қасқайып-ақ тұр.
Ұрпаққа рух беретін, бүгінгі буынға аманат жүктейтін туындыны бұған дейін облыста Құнанбай, ұлы Абай ескерткіштері мен Мұхтар Әуезов, Тұрсынхан Әбдірахманова бюсттерін кейіптеген семейлік талантты жас мүсінші Нұрбол Қалиев бір жыл көлемінде жасап шығыпты. Аудан әкімі Темірбек Қасымжанов 40 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған ескерткіштің бой көтеруіне Зайсанның сыртта, ел ішінде жүрген барша азаматтары айрықша үлес қосқанын атап өтіп, алғысын жеткізді. «Біле білсек, ескерткіш дегеніңіз – үлкен идеология. Міне, бүгін тәуелсіздіктің арқасында әр қалада батырларымызға ескерткіш орнатып жатырмыз. Бұдан кейін Зайсан басқа қала болады. Ескерткіші бар, батыры бар қала болады. Кім көрінген басынбайтын қала болады. Баймұрат батыр қақпада жайдан-жай тұрған жоқ. Халықтың рухын, елдің еңсесін көтереді», деді торқалы тойға Алатау баурайынан арнайы келген Қазақстанның халық жазушысы, батырдың ұрпағы Қабдеш Жұмаділов. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет те ескерткіш басында сөз алып:
«Жесірлерге жер берген,
Жетімдерге дем берген.
Аса жұртын меңгерген,
Ұсынғанда қол берген,
Қысылғанда дем берген батыр Баймұрат бабамыз араға қаншама жылдар салып ұрпағына ескерткіш болып қайта оралды. Бұдан үлкен қуаныш бар ма?», деп құттықтауының соңын жыр жолдарымен түйіндеді.
Ескерткіштің ашылу салтанатының алдында аудандық Мәдениет үйінде өткен ғылыми конференцияда қазақтың батырлары жайындағы құнды мағлұматтарды жұрт тұшына тыңдады. Әсіресе қазақ жылқысының тарихын індете зерттеп жүрген ғалым, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры Ахмет Тоқтабайдың шағын баяндамасын ерекше атап өтуге болады. Этнограф өз сөзінде қазақ батырларының рөлі Еуропадағы рыцарьлармен, жапон қоғамындағы самурайлармен пара-пар болғанына тоқталып, 1750 жылдары Ресей армиясы бас штабының жазған мәліметін оқып берді. Онда «Қырғыз-қазақтар – жалпы бейбіт, момақан халық. Бірақ солардың ішінде батырлар деген бунтарь, содыр, сотқар адамдар бар. Соларға ілескен халық Ресейдің заңдарын елемей кетеді. Бізге қарсы шығады. Сондықтан батырларды тұқыртып отыру керек» деп жазылған екен. «Ресей империясы сол мақсатына жетті. Неге десеңіздер, батырларымызды ату, асу, түрмеге қамау, Сібірге айдау сол замандардан басталды. Қызыл империя мұны әрі қарай жалғастырып, батырлардан бастап, қазақтың бетке ұстарларын түбірімен құртты. Сорлы, жалтақ, қорқақ күйге түскеніміз осыдан. «Айырылдық балпаң басқан батырлардан, айырылдық аузынан уыз төгілген жомарт байдан» деп жазғаны бар Мағжан ақынның. Баймұрат батырды не үшін ұлықтауымыз керек? Шекарадағы қазақтың рухын ояту үшін керек. Қазақтың рухы оянса, барлығы орнына келеді», деді А.Тоқтабай.
Ғалым сонымен қатар биыл жазда Моңғолияға экспедициямен барғанда сондағы әріптестерінен Абылай ханның Жоңғар қоңтайшысы Қалдан Сереннің тұтқынында болған жерін естіп білгенін сүйіншілей жеткізді. «Бұл жер Баян-Өлгейден 300 шақырым қашықтықта. Бірақ таба алмай қайттық. Себебі мұны білетін, көрсететін моңғолдың ақсақалы Ұлан-Батырға жол жүріп кетіпті. Дегенмен, алғашқы қадам жасалды. Келешекте 1741 жылы Абылай хан тұтқында болған жұртты табамыз ғой деп ойлаймын», деген этнограф осы сапарында қазақтың даңқты батырларына қатысты деректерді де жинап қайтқанын айтты.
Екі күнге созылған шаралар легі облыстық ақындар айтысымен қорытындыланды. Белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев жүргізген, жазушы Әлібек Қаңтарбаев төрағалық еткен айтыстың өзгешелігі, ақындар алдын ала жұпталмай, қарсыластарын сахнада, ел алдында таңдады. Аудандық Мәдениет үйіндегі алты сағатқа созылған сөз сайысында кімнің қалай айтысқанын айтсақ, ұзаққа кетерміз. Халықтың да, қазылар алқасының да көңілінен шыққан айтыстың үлгісін зайсандық ақын Ардабек Ақбаба көрсете білді. Сөйтіп кестелі жырды төкпелеткен ақын бас жүлде – 1 миллион теңгені иеленді. С.Аманжолов атындағы университеттің 3-курс студенті Жұлдызай Маратбекова 1-орынды олжаласа, екі екінші орын көкпектілік Фархат Маратұлы мен Ерейментаудан келген Ерлан Дәулетұлына, екі үшінші орын үржарлық Серікбек Туғанов пен тағы бір зайсандық ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Нәрия Ақбабақызына бұйырды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы