Осылайша жылдың басты шыршасы 18 желтоқсанда Бейбітшілік көшесінде ашылған Жаңа Арбатта қойылады деп жоспарлануда.
Естеріңізге салар болсақ, осыдан ілгері Шымкентте Жаңа жылдық безендіруге бюджет қаржысынан 70 млн теңге бөлінгені туралы айтылған болатын. Бұл туралы жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлімдеген еді.
Қала мэрінің айтуынша миллионды шаһар үшін 70 млн теңге анау айтқандай көп қаржы емес.
«Лондон мен Парижді, Мәскеуді қараңыз. Қазір бәрі қалай жасалынып жатыр?! Кез келген адам өмірді «вау» деп сүргісі келеді», деген еді Әбдірахымов брифингте ағынан жарылып.
Мәселен, былтыр Шымкентті Жаңа жылға орай сәндеу жұмыстарына жергілікті қазына қаржысынан 49 млн теңге бөлінген. Ал, қала келбетін әрлеуге жауапты сала мамандары биылғы қаралған бюджеттің көптігін қаланың республикалық ерекше мәртебе алғандығымен байланыстырады.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ