Конференция жұмысына Парламент депутаттары, Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, еліміздің әр өңірінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелерінің қызметкерлері, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың мүшелері, дағдарыс орталықтарының басшылары және АҚШ, Германия, Аустрия, Румыния, Италия елдерінің сарапшылары қатысты.
Жиын барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларға психологиялық көмек көрсету, зардап шегушілерге әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі, құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу, ана мен баланы қорғау сынды мәселелер талқыланды.
«Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен тәуелсіздік жылдарында гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілету бойынша бірқатар нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл арқылы отбасылық және гендерлік саясаттың тиімді моделін қалыптастырдық. Мұның барлығы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін тиімді болды», деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Е.Тарасенко.
Отбасылық және гендерлік саясатты дамыту мақсатында Мемлекет басшысының қаулысымен 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы әзірленді. Онда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау бойынша нысаналы индикаторлар қарастырылған. Тұрмыстық құқық бұзушылықты 2020 жылы 20%-ға, ал 2030 жылға қарай 50%-ға дейін қысқарту тұжырымдаманың нақты мақсаты ретінде бекітілді. Соның негізінде бүгінде Ішкі істер министрлігі жүйесінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша 135 бөлімше әрекет етеді. Еліміздің барлық өңірінде әйелдерге арналған 31 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Аталған орталықтарда зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық, медициналық көмек көрсетіледі.
Астана қаласы полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, ақпараттық қолдаудың көбеюіне байланысты соңғы 3 жылда құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық әрекеттері азайған. Өйткені бұрынғы кездері әйелдер көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырып келген болса, бүгінде полиция қызметкерлеріне жүгінетіндер қатары көбейген.
Биыл Астана қаласында Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңының 20-бабы бойынша құқық бұзушыға қатысты 4000-ға тарта қорғау нұсқамасы шығарылып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 73-бабы бойынша 400-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған. Олардың 80 пайызы екі жақтың келісімі бойынша жәбірленушінің кешірім беруі бойынша тоқтатылыпты.
Зардап шегуші полиция орталығына оқиғаны тіркегеннен кейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы әйелдерді құқық бұзушы агрессордан алыстату үшін оларды дағдарыс орталығына орналастырады. Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, әйелдер бұл орталықта 6 айға дейін қауіпсіз тұра алады. Бұдан соң, профилактикалық іс-шара қорғау нұсқамасы негізінде зардап шегушілердің құқығы қорғалады. Қажет жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша құқық бұзушыларға әкімшілік жаза қолданылады. Егер қорғау нұсқамасының талаптары бұзылып, зардап шегуші 30 күннің ішінде арыз жазса, арнайы әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа қаралуға жолдалады. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторының айтуынша, зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша Африка, Үндістан және Еуропа елдері бұл іске қатысты қатаң жаза қолданады. «БҰҰ әйелдер» ұйымының Қазақстандағы өкілі Илейн Конкиевич еліміздегі зорлық-зомбылық әрекеттерінің көрсеткіші көрші елдермен салыстырғанда біршама төмен екенін айтады.
«Жалпы алғанда, әйелдердің жағдайын жақсартуға мұнда жағдай жақсы жасалған. Үкімет бағдарламаларды жоғары деңгейде орындау үшін жеткілікті қаржы бөледі. Бұл басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы жағдай жақсы екенін көрсетеді», деді Илейн Конкиевич.
Жыл сайын өтетін бұл шарада «БҰҰ әйелдер» құрылымы қоғамға «Әлемді жарқын етейік» деген үндеу тастайды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар әйелдерге қатысты 16 күндік жобасын қызғылт сары түспен байланыстырады. Олардың айтуынша, қызғылт сары түс зардап шеккен әйелдердің оптимистік және табандылық қасиеттерін нықтай түседі. Ал психологтер бұл түсті күйзеліске төтеп беруге, тез шешім қабылдауға, көңіл күйді көтеруге көмектеседі дейді. Сол себепті БҰҰ-ның әйелдер құрылымы дәл осы түсті әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттер жобасының белгісі деп қабылдады.
«Бұл түс әлемді жарқын етеміз деген сөзбен байланысты. Әлем күнмен жарық болса, әр отбасы әйел жылуымен жарық. Шаңырақтың ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысына айналған әйелдер құқығы қоғам дертіне айналмауы тиіс», деді Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»