Алматыдағы жазушы досым Жақыпжан Нұрғожаев бастап барды. Кеген өңірінің тумасы ол бесаспап шығармашылық иесі. Бірнеше кітаптың авторы, кезінде аудандық, облыстық газеттердің және одақтық журналистік ұйым бөлімшесінің басшысы болған. Құймақұлақ шежіреші, кеудесінде сөз күмбірлеген айтулы қаламгер. Қарасазға барып қайтқанша әңгімесі саяткерлікпен сағымданып, Мұқағали өлеңдерінің сан алуан өрімімен өмір өзегін махаббатпен тамшылатып, «беу, шіркін, бұл ғұмыр неткен тәтті едің» дегізіп, бар құбылысқа тәнтілігімізді үстемелеп таң-тамаша еткізген қамқор азамат. Оның таңдамалы шығармаларының қос томының бірі «Бір жұтым күн» деп аталады. Қайран қалдық. Мұқағали бір нәзік сәулеге ынтызар болса, Жақыпжан күннің бір жұтымына зәру... «Мұқағали» журналын белгілі ақын, журналист Батық Мәжитұлы екеуі қатырып шығарып жатқаны тегіннен-тегін емес-ау! Өлең демеп, яғни Мұқағали себеп...
Жағалай етегі масатыдай құлпырған өркешті таулар қоршаған орасан аумақты ойпаңда созылып, еншілес жатқан Қарасаз, Шалкөде, Тұзкөл, Тасты атырабына құмарта көз тастадым. Жай тастамай, Мұқағалиша көргім келді бәрін... Мұндай көркем жаратылған табиғат тылсымының құймасы Мұқағалиға ақындық қалай дарығанын енді түсінуге болар-ақ. Пай-пай, десейші! Далаға тартқан қаншама ақын халық жадында.
М.Мақатаевтың 1991 жылы пайдалануға берілген әдеби-мемориалдық музейі рухани нәрімен тояттандырды. Мұқаңның өзі атаған «Өмір – өзен» кітабының күллі ғұмырлық әсер-күшіне қайтадан шомылғандай боп марқайып, түлеп, түрленіп, жұтынып шыға келдік. Музей іші тотыдайын сыланып тұр екен. Жансыз тұрғандай, бірақ аралай бастасаң сырын ашып, сайрап қоя береді екен. Музей директоры Д.Макеевке таңдамалы шығармаларымның 8 томын, бірнеше қызметкерге өзге кітаптарымды сыйладым. Пікірлер журналына ой-толғанысымды, лебіздерімді жазып қалдырдым. Бесінші сынып оқушысы Төрехан Данияр Мұқағали атасының өлеңдерін шебер тақпақтап айтып берді. Көзі жайнап, танауы қусырылып, дауысы саңқылдап сезімге берілгенде жас Мұқағалидың шабыттанған сәті елестеп кетеді.
Қарасаз ауылдық округінде 3 мыңдай халық тұрады екен. Екі мектеп бар. Өнер мектебінің түлектері әртүрлі деңгейдегі сайыстарда таланттарымен ерекшелене бастапты. Мұқағали жұтқан ауа тегін болып па, түге.
Кегеннен шыға бере жол бойынан «1001 гүлді шөптің» (Ш.Уәлихановтың бейнелеп айтқанындай) басын шалып жайылған жылқы қымызын ішіп, ыдысқа құйғызып ұстай кеттік. Жұпар иісті бал сатып алдық. Тауды көп көрмейтін дала баласының таңсықтығын айқындау үшін әдейі даралап айтып жатқаным ғой. Дала қымызы мен тау қымызын салыстырмақ ниетте екенімді ұғына түсерсіздер, бәлкім. Жазғасын жалтақтамай-ақ қояйыншы. Сап-сары майы ауызға салмай-ақ, көзбен еріп кететіндей. Бал қаймағын да қимай, іле кеттік.
...Қарасазым! Қош боп тұр! Мұқағали ұлыңды іздеп әлі талай келерміз. Өзіңді айнала қоршаған Елшенбүйрек тауының көз тоймайтын сұлулығы ұзап кетпей жатып бізге: «енді қашан келесіңдер?» деп еліктіре түсіп, қимастығын сездіргенін жүрек ұқты!
...Мың алғыс саған жолбасшым, жайсаң жанды, кесек мінезді, мәрт жүректі Жақыпжаным! Қарасаз тұрғындарынан Райымбек батырдың 300 жылдығына орай, әр тарихи жерде бес ескерткіш-белгі қойылуына мұрындық болғаныңды естігенде, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Осы жолда мен саған ішіме бүккен бір сырыммен бөлісуді есімнен тарс шығарып алыппын ғой. Журналыңның бір кәдесіне жарап қалар кейін. Әліме қарамай былай істеппін. 1972 жылы М.Мақатаевтың «Дариға жүрек» деп аталатын өлеңдер мен поэмасы кірген кітапқа «Жүрек жырлары» деген мақала арнап облыстық «Қостанай таңы» газетіне бастырыппын. «Сын және библиография» деген айдармен. Сосын сол газетке тағы да (20.10.1984) «Көшеді өлең...» көшеді!» деген сараптамалық мақаламды ақынның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармасының негізінде жариялаппын ғой. Қарашы, осыдан-ақ жүрегімнің Мұқағалиға қаншалықты ынтықтығын сезіп қалған боларсыз, оқырманым. «Мұқағали» журналы құп көріп жатса, осы жарияланымдарды қайыра бір жыр сүйер қауымға ұсынып көрер ме еді деп армандаймын.
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Қарасаз ауылы