Ұстазым менің, ұстазым…
Мен Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылының түлегімін. Бұрынғы «Красный партизан» совхозының онжылдық орта мектебін 1968 жылы тәмамдап, ауыл тарихында тұңғыш рет «орта мектепті бітірушілер» деген ат еншілегенбіз. Бұл елді мекен 1932 жылы құрылған, осындағы орта мектеп жетіжылдық еді. Кейіннен сегізжылдық болды. Оқушылар 9 және 10-шы сыныпты әр жерде жүріп бітіретін. Кейде үйден қашықтамаймыз деп сегізінші сыныптан ары оқымайтын да. 1966 жылы Орал облыстық оқу бөлімінің «Красный партизан» совхозында онжылдық мектеп ашылсын деген ұйғарымы шықты. Ел адамдары, әсіресе әке-шешелеріміз қалай қуанды десеңші.
Мен Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылының түлегімін. Бұрынғы «Красный партизан» совхозының онжылдық орта мектебін 1968 жылы тәмамдап, ауыл тарихында тұңғыш рет «орта мектепті бітірушілер» деген ат еншілегенбіз. Бұл елді мекен 1932 жылы құрылған, осындағы орта мектеп жетіжылдық еді. Кейіннен сегізжылдық болды. Оқушылар 9 және 10-шы сыныпты әр жерде жүріп бітіретін. Кейде үйден қашықтамаймыз деп сегізінші сыныптан ары оқымайтын да. 1966 жылы Орал облыстық оқу бөлімінің «Красный партизан» совхозында онжылдық мектеп ашылсын деген ұйғарымы шықты. Ел адамдары, әсіресе әке-шешелеріміз қалай қуанды десеңші.
Ұлы Отан соғысының ардагері Алдан Әлмұқанов мектеп директоры әрі тарих пәнінің мұғалімі болатын. Сабақ өткізу әдісінің тамашалығы соншалық, тапсырманы үйде оқып машақаттанбайтынбыз. Мектепте сүйсіне құлақ қойып тыңдағанымыздың өзі жарап жататын да, оқу қонбайтындардың өзі толық «үштік» алатын. Тарих пәнінен сабақ беретін тағы бір мұғалім – Мәдияр Қоржынбаев ағай да сабақ беру мәнері жағынан мықты болатын. Ол кісі сабақ түсіндіргенде тарихи оқиғалардың ішінде өзіміз жүргендей күй кешетінбіз. Соншалықты әсер алып тыңдағасын ба, біз де тарих пәнінен өте жақсы оқыдық. Осындай ұстаздарды қалай оңайлықпен ұмытарсың? Өздері бұл өмірде жоқ болса да, жұбайлары мен бала-шағалары, ізбасарлары бар. Соған қуанамыз.
1966 жылы совхозымызға жоғары оқу орнын бітірген бірталай жас мамандар келді. Солардың ішінде 23 жастағы ұстаз Құрманғали Едіресқалиев мен оқитын 9-шы «а» класына жетекшілік етті. Өзі физика-математика пәнінің мұғалімі және велоспортты ерекше сүйеді екен. Бізге жақсы білім берумен қатар, керемет психолог екенін көрсетті. Бір сыныпта отыз оқушымыз. Отызымыз отыз түрлі қылық көрсетіп, оны әуелі жас көріп қиқаңдайтынбыз. Құрмаш мұғалім сабырлылық танытып, өзін нағыз Макаренко секілді ұстады. Осы жерде бір айта кететін жайт, жергілікті ауыл мұғалімдері де жаңадан келген жас мамандарды жылы шыраймен қабылдап, ортаға сіңіп кетуіне жағдай жасай білді.
Сегізінші сыныпты бітіргенге дейін физика пәнінен Ғалиахмет Әміров деген ұстаз сабақ берді. Ол кісіге бәріміз қызығып, еліктеп өстік. Жүрісі шапшаң, қимылы ширақ, мінезі тік, өзін нағыз ерлерше ұстайтын. Пальтосының жағасын көтеріп алып, бас киімінің құлақшынын түсірместен боранға да, желге де қарсы жүріп кете беретін. Қысты күні біз ағайдың ық жағын ала отырып, мектепке дейін пысылдай жүгіріп баратынбыз. Әрине ол кісі мұндайда тек жай басып бара жатады. Ал біз соның өзінде оған ілесе алмаймыз. Әлі күнге дейін есімде, қар қалың жауғанда ол кісінің ық жағында кетіп бара жатқан біз қарға омбылап қалатынбыз да ағайымыз бізді қардан суырып алатын.
Дене шынықтыру пәнінен сабақ берген мұғалімдерді қалай ұмытайын? Бірі Сағатбай Төлегенов – Ұлы Отан соғысының ардагері, тез қимылдайтын, дене бітімі сымбатты кісі еді. Белтемір, брусия, арқанмен өрмелеу секілді спорт снарядтарында міндетті түрде әртүрлі жаттығуларды өзі істеп көрсетіп, үйрететін. Мен сол кісіден көп нәрсе алдым. Кейін ұшқыштар даярлайтын жерде бәрі пайдаға асты. Екінші мұғалім Қадырғали ағай еркін күрестен бірінші разрядты спортшы болатын. Күрестің негізгі тәртібі мен әдіс-тәсілдерін сол ағайдан үйрендік.
Мектебіміздегі оқу ісінің меңгерушілері Орынғали Иманғалиев пен Тасқали Сейітовті де естен шығару мүмкін емес. Бұл кісілер таза «дипломаттар» еді. Дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін, бізге көздерінің қиығын салғанының өзі жетіп жататын. Сонда небір тентектердің өзі тәртіп сақтап, ығысып кететін. Бұл жерде Тасқали мұғалімнің география пәнін соншалықты қызықты етіп өткізгенін айтпауға болмайды. Ұшқыштар мектебінде жүргенімде де, ұшу тәжірибелерінің кезінде де ағайдың өзі мен ол үйреткен география пәніндегі атауларды жиі-жиі еске алып жүрдім. Бұл кісі менің тура жолмен жүруіме әсер еткен абзал адам еді. Орынғали ағай мектепте орыс тілінен сабақ берді. Бірде-бір адам орысша сөйлеспейтін қазақы ауылдың балаларын сол тілде жақсы сөйлей алатын деңгейге жеткізді.
Мектеп жанындағы жатақханада ауыл шаруашылығында қызмет істейтін және орталықтан біршама шалғай тұратын адамдардың балалары жатып оқыды. Сол кездегі «Красный партизан» орта мектеп-интернатының тәртібі мен тәрбиесі әлі күнге жадымда. Жасөспірімдерді болашақ өмірге тәрбиелеудегі өте күшті орта болды десем, қателеспеймін. Бас тәрбиешіміз Ұлы Отан соғысының гвардия капитаны, «Қызыл жұлдыз» орденімен екі мәрте марапатталған әскери-әуе десантшысы Сәлім Сұлтанов болатын. Тазалыққа, тәртіпке мән беруі ерекше еді. Шашымыздан бастап аяқ киімімізге дейін тексеріп, қойған кекіліміз мектеп ережесіне сәйкес келмесе алдыртып тастайтын да, аяқ киіміміздің батпағын сол заматта жуғызатын. Абзал ұстаздың тәртіп пен тазалыққа деген көзқарасы біздің өмірімізге үлкен септігін тигізді.
Сәрсекей мұғалім 9-шы сыныптан бастап ауылшаруашылық техникасы мен трактор айдауды үйретті. Жазғы демалыста ДТ-75-ті айдап, пішен үюшілерге көмектестік. Ол кісі мектепте музыкадан да сабақ берді. Арамыздан домбырашылар мен сырнайшылар шыққаны сол кісінің еңбегінің жемісі деп білемін.
Бұл тұста ең тұңғыш ұстазым – Қысмет Нұғманов ағайды міндетті түрде айта кетуім керек. Ұстазым өткен жылы 80 жасқа толды, соған байланысты Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды. Осындай абзал жандардың өмірде бар екені қандай қуаныш!
Құрметті ұстаз апайларым! Шәкіртіміз неге тек ағайларды айтты екен деп сөкпеңіздер. Сол мектептен тәлім алып шыққан оқушылардың бәрінде апайларымыздың да үлесі бар, оны әлі де жазармыз. Бірақ қазіргі күнде орта мектептерде сабақ беретін ер азаматтар азайып кетті деген ойлар айтылып жатқан соң, сабақ берген ағайларым туралы жазуды өзіме парыз санадым. Мектеп қабырғасында ер азаматтардың көп болғаны дұрыс деп ойлаймын. Олардың сол жерде көрінген «көлеңкесінің» өзі-ақ барлық жеткіншектерге, соның ішінде ер балалар тәрбиесіне аса маңызды. Биік тұғырдан көрінуге, атпал азамат болуға тырысады.
Нұрлан АҚМҰҚАНОВ, 1-сыныпты ұшқыш.
АСТАНА.