– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет, – деді Елбасы.
Бүгінде жергілікті полиция қызметі қалалық әкімдікпен мемлекеттік-жекешелік әріптестігі аясында «Сергек» бағдарламасын жүзеге асыруда. Қоғамдық орындар мен көшедегі қылмыстарды азайту мақсатында шаралар жүргізуде. Жол тәртібін бұзу фактілері арнайы бейнекамералармен бақыланады.
Бұл мақсатта өңірдегі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында «Сергек» деп аталатын 1700-ден астам бейнебақылау құрылғылары алынды. Құрылғылар осы қалаларда қылмыс жиі жасалатын көше қиылыстары мен жол апаттары көбірек орын алатын көшелерге, тұрғын үйлердің кіреберістеріне орнатылуда.
Қалалық жергілікті полиция қызметінің мәліметінше, облыс орталығында қазан айында өткен «Қауіпсіз жол» акциясында 2500-ге жуық құқық бұзушылық тіркеліпті. Анықталғандай, 452 жүргізуші ұялы телефон қолданса, жетеуі жылдамдықты шамадан тыс арттырған, ал 328-і қауіпсіздік белдіктерін тақпаған. Биыл 349 жол-көлік оқиғасы болған.
Сондай-ақ 63 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізіп, 186 жүргізуші бағдаршамға қарамай өтіп кеткен. Салдарынан «Қауіпсіз жол» шарасы барысында 123 көлік айыппұл тұрағына жеткізіліп, жаяу жүргіншіге қатысты 521 факті тіркелген.
29 қазан мен 2 қараша аралығында «Назар аудар, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы өткізіліп, нәтижесінде жол қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің көмегімен 325 құқық бұзушылық анықталған.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 600-бабы бойынша 35 адам жауапқа тартылған, 9 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізсе, 65 жаяу жүргінші жол ережесін бұзған.
Сол сияқты, 18-20 қазан аралығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автобус» жедел алдын алу шарасы өткізіліп, нәтижесінде 56 әкімшілік хаттама толтырылған. Жол-көлік оқиғасына қатысты 129 сот ісі қаралған. Полицей қызметі, сонымен бірге облыс орталығы көшелеріне тағы да қосымша 14 бағдаршам орнату керек деп отыр.
Жоғарыда біз жазған бұл мәліметтер барысы полицейлер қызметінің тынымсыз жұмыс ауқымын көрсетеді. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, елімізде енді жол-патрульдік полициясы атауы патрульдік полиция деп өзгермек. Полицейлердің көліктері рация, бейнекамера, планшет сынды құрылғылармен жабдықталыпты.
Өңірдегі жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінде 74 планшет бар. Бұл әкімшілік хаттаманы толтыру уақытын үнемдеуде. Электронды құжаттың тиімділігі жол бойында кездесетін жемқорлықты жоюға тосқауыл. Мысалы, бұған дейін әкімшілік хаттама 45 минут толтырылса, қазір бар-жоғы 4 минут кетеді.
Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына өзгерістер енгізілу керектігі жиі айтылуда. Мысалы, еліміздегі қалаларда пәтер иелері кооперативтерін жаңғырту жұмысы басталса, бұл полицейлер қызметін жеңілдете түседі.
Өйткені әрбір учаскелік инспектордың қызметі осы ПИК-термен тығыз байланысты екені белгілі. Аулалар өз деңгейінде жарықтандырылса, қылмыс саны да азая түседі. Тұрғын үйлерде бейнебақылаулар мен электронды құрылғылар орнатылуда.
Яғни, тұрғындардың тыныш өмірге деген сенімділігі, жайлы тұрмысы мен қауіпсіздігі полицияның қажеттілігін, олардың қызметін бағалаудың негізіне айналады деген сөз.
Қазір полицейлердің еңбекақысын көбеюту және тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жүргізілуде. Өткен жылы жол-патрульдік полициясының жас мамандарына жатақхана берілді.
Бұл күндері облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальоны бөлімшесі орналасқан аумақта 120 пәтерлі 4 подъезді тұрғын үй салынуда. Полицейлер де «7-20-25» бағдарламасына қатыса алады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР