Тарих • 10 Желтоқсан, 2018

Ежелгі металлургия іздерін Тарбағатай даласынан көруге болады

1364 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атам қазақтың мекеніндегі алып таулар қанша болса, олардың арасында соларды бір бірімен жалғастырып қосып жатқан асқар белдер мен шалқар көлдер қаншама. 

Ежелгі металлургия іздерін Тарбағатай даласынан көруге болады

Асқар Алтай мен заңғар Алатауды жалғастырып жатқан бабамыздың барқытбелі - таңғажайып Тарбағатай. Алтайдың шалғынды, орманды саялы белдері солтүстігін алып жатса, оңтүстігі Алатаудың миуалы бақтарындай алмасы төгіліп, жеміс-жидектері үзіліп жататын өнімді өлке. Зайсан көлі қазан шұңқырынан аса алмай сабынды толқындарын сапырып, Тарбағатайдың қарлы шыңдарына сәлем жолдап жатқандай. Осындай өлкеде өскен өрендердің шығайын десе белі бар, түсейін десе көлі бар екендігі -ауданның әр азаматының мақтаны. Паналы таудың қорғанды қойнауы неше жұртқа мекен болды. Жартастарындағы таңбалы тастар мен алқабындағы қорғандар мен обалар құпиялы сырын бүгіп, шерлі шежіресін жасырып, терең тарихын сақтап жатыр емес пе?!

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше атап өтілген «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам» секілді ұлы даланың үш қыры біздің тарихы тереңнен тамыр алатын Тарбағатай ауданына тікелей қатысты деуге болады. Бұлайша мақтанышпен айтуымызға себеп - биыл жазда қазба жұмыстары кезінде ауданымыздың Елеке сазы жайлауынан табылған «Алтын адам». Археологтар құнды жәдігерге «1969 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан Алматы облысындағы Есіктегі «Алтын адамнан» кейінгі тоналмай, бүтін күйінде сақталған екінші «Алтын адам». Ер кісі, оның жас мөлшері - 17-18-дерде, өмір сүрген кезеңі - біздің заманымызға дейінгі 7-8 ғасыр. Құнды жәдігер бұған дейін ашылмай келген көп жұмбақтарды ашуға мүмкіндік береді. Біріншіден, сол заманда материалды өңдеу технологиясы өте жоғары болған. Алтындардан көзге әрең көрінетін бұйымдар жасау оңай шаруа емес. Мұның артында үлкен өндіріс жатыр. Екіншіден, 7-8 мың жыл бұрын өмір сүрген халықтардың тұрмысы, діни нанымы, жерлеу рәсімі, немен қоректенді, ауа-райы қалай болғаны туралы құнды мағлұматтарға қол жеткіземіз» деп жоғары баға берген болатын. Бір ғажабы, Президент өз мақаласында жазғандай Тарбағатайдан табылған «Алтын адамның» өне бойы, бас киімі, ондағы құлақшын, үстіндегі киімнің өңірлері, оң жақ беліндегі қанжарының қабы, сол жақ беліндегі қорамсағы түгелдей бұғы, барыс, қабылан, яғни аң стиліндегі алтын әшекейлермен безендірілген. «Бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Біздің бабаларымыз қандай болған? Олар ұшы-қиырсыз кең далада көшіп қана жүрмеген, үлкен білім, парасат иесі болған. Мал бағуға емес, ең әуелі білімге, ғылымға ерекше мән берген. Жоғары технологияны меңгерген. Тоналмай, бүтін күйінде бізге жеткен «Алтын адам» соның айқын айғағы. Тарихтың жаңа парағы ашылды деуге болады», - деп тебірене сөйлеген еді облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі тарихи-өлкетану музейінде өткен «Алтын адамның» таныстырылымында. Мемлекет басшысы айтқан «Ұлы даладағы ежелгі металлургияға» бұдан артық қандай дәлел керек?! Қазір аймақ басшысының тапсырмасымен «Алтын адам» табылған Елеке сазы жайлауына тәулік бойы күзет қойылды. Жалпы, бұл жерде 7 қорым, 300-ден аса обалардың бар екендігін, олардың ерте сақ және сақ, үйсін және көне түркі кезеңдеріне жататындығын 2011 жылы осында архео­логиялық барлау жұмыстарын жүргізген тарбағатайлық археолог Ерден Оралбай анықтап, ғылыми айналымға енгізген болатын. Бұл алқапта бір жарым мың жылдық мерзімді қамтитын әр дәуірдің элиталық, ақсүйектік ескерткіштері топтасқанын, сондықтан Елеке сазы жайлауын Берел мен Шілікті жазығы іспетті «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар екендігін айтқан еді. Шығыс Қазақстанда археологияны дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында келесі жылы да Елеке сазында қазба жұмыстары жалғасады. Археологтар осы жерден әлі де ғажап, құнды жәдігерлер шығады деп болжап отыр. Сондықтан бұл мекен алдағы уақытта туристер көптеп келетін тарихи орынға айналуы бек мүмкін.

Елбасы өз мақаласында атақты тарихи тұлғаларымызды насихаттау керектігіне де айрықша тоқталып, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуды және «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығаруды тапсырған-ды. Еліне пана болған атақты тарихи тұлғалар біздің Тарбағатай ауданында да аз емес. Соның бірі де бірегейі – әулие Ырғызбай Досханаұлы. Ел аузында «Ырғызбай әулие» атанған бабамыз 1787 жылы дүниеге келіп, 1850 жылы 63 жасында қайтыс болған екен. Қайтыс боларының алдында «Мені осы құба белге жерлеңдер, зиратымды көтермеңдер, ұрпақтарым көтереді» деп өсиет қалдырыпты. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды ауыр дерттен жазып алған атақты тәуіп туралы халық жадында жатталған жақсы лебіз, тылсымға толы әңгіме мол.

Ырғызбай – өзі молда, өзі тәуіп һәм әулие кісі болған. Дала зертханасында дәрілерін сайлап, алдын-ала өзіне келе жатқан адамды, жанына батқан ауруы мен оның емін біліп отырған. Тарбағатай тауларында өсетін алтынтамыр, ермен, жалбыз, бірсалар іспетті елу түрлі шөптен дәрілер жасаған. Қытай емшілерімен байланыста болып, тәжірибе алмасқан. Бір ерекшелігі, ем-домына ақы алмаған. Аурухана жоқ, ешкім ота жасамайтын заманда адамдарға көп шипасы тиген. Өзі өсиет етіп қалдырғанындай, әулие 1920 жылдары Шыныбай есімді ақсақалдың түсіне кіреді. «Ей, Шыныбай, менің басымда қозы-лақ ойнап жүр, зиратымды көтер, саған Алла Тағала береді» дейді. Шыныбайдың сол кезде малын барымталап кетіп, қиналып жүрген кезі екен. Ол қара сиырының күшімен сүйреткімен тас тасып, әулиенің жатқан жерінің алғашқы сандықшасын қойыпты. Шыныбайдан кейін 1956 жылы Кіндікті ауылының ақсақалдары мен ұрпақтары әулиенің мазарын көтерсе, он жыл өткен соң мазардың жанында зиярат етуге келушілер қонатын тас үй салыныпты. Соңғы жылдары Ырғызбай ата кесенесі Бәделхан Камалханұлы есімді тарбағатайлық меценат азаматтың әулетінің көмегімен Баянауылдың қызыл гранитінен қайта өріліп, кешен аумағында жалғыз мазар ғана емес, кітапхана, мұражай, қонақ үй орын тепті. Жыл сайын Ақсуат ауылында әр елдің палуандарының қатысуымен қазақ күресінен Ы.Досханаұлы атындағы халықаралық турнир өткізу дәстүрге айналды. Жалпы, адамдар әулиенің басына 1903 жылдан бастап келе бастаған екен. Бір қуанарлығы, әулие кесенесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс өңірінің киелі жерлер картасына еніп, мемлекет қарамағына алынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің көмегімен 35 шақырым жерге электр жарығы тартылды. Мұның бір игілікті тұсы, шалғайдағы бірнеше шаруа қожалықтарының да жарыққа қол жеткізуіне септігін тигізбек. Бұл мекен қазір туристік орынға айналған. Кесенеге тәу етіп келетін жұрт қатары аз емес. Біз өз тарапымыздан ауданымыздағы Елеке сазы, Ырғызбай Досханаұлы кесенесі, Бөрітастаған секілді киелі орындарды үнемі назарда ұстап, жұртшылыққа насихаттау, туристерді тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін боламыз.

Ділдәбек ОРАЗБАЕВ,

Тарбағатай ауданының әкімі

Шығыс Қазақстан облысы