Желтоқсан айының басынан бастап Жайық өзенінде балықтың қырылу фактісі тіркелген болатын. 10 желтоқсан күні облыстық әкімдікте ведомствоаралық комиссияның жиыны өтті.
Бүгінгі таңда 110 бірлік өлген балық тіркелді, қалған балықтардың жағдайы нашар. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті өкілдерінің айтуынша, зертханалық зерттеулер жүргізілді, су құрамы таза, адамдардың өміріне қауіп жоқ.
- Қазір жағдай толықтай бақылауда. Төтенше жағдай тек Атырау қаласында, аудандарда мұндай ақпарат тіркелмеді. Алынған сынамалар бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілді. Аталған жағдай тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізбейді,- дейді Атырау облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек Мусағалиев.
Комиссия отырысында Нұрлан Ноғаев атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
- Мәселе шұғыл түрде шешімін табу керек. Қажет деп тапқан мүмкіндіктердің барлығын қолданып, балықтың нақты неден өлгенін анықтаңыздар. Уәкілетті органдардың барлық күші балықтың өлуі мәселесін алдын-алуға жұмылдырылуы қажет,- деп тапсырды облыс әкімі.
Айта кетейік, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясымен ведомствоаралық комиссия құрылды.Комиссия құрамына Атырау облыстық балық шарушылығы басқармасы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, экология департаменті, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, ветеренариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары енді. Зерттеу барысында xимиялық зерттеу су сынамалары алынды.