Үндестік мұраты – өркендеу
Өмірде екі адам ренжісіп қалса да олардың қайтадан бір-біріне сеніммен қарауы қиын. Тіпті екі дос ренжіссе де бірін бірі кешіруі мүмкін, бірақ өзара қарым-қатынасында бұрынғыдай алаңсыздық, мөлдірлік бола қоймайды. Сол сияқты, әртүрлі қоғамдық немесе саяси көзқарастағы адамдар, олардың ұйымдары аралықтарында қайшылық, кейде көпе-көрнеу бітіспес қарсылық болса, оны еңсеріп, бір-бірімен келісімге келуі, екі жақтың бірін-бірі тыңдауы, өзара кешірімге жүгінуі – мүлде күрделеніп-ақ кетеді. Әрине, оны да күрделендіретін адамдар, солардың мінез-құлқы, білімділігі, өмірге көзқарас дәрежесі, ішкі мәдениеті. Бұл – табиғи құбылыс, өйткені, әртүрлі топтар, бірлестік, қоғам жеке адамдардан тұрады. Әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы кикілжің де сондай, тіпті ондай жағдай бола қалса, басылуы қиын, болмашы ұсақ-түйектен өршіген өрт шығып, бітіспес кек кеулеп, адамдардың арасы алшақтап кетері де хақ. Ал екі ел, мемлекеттер арасындағы түсіністіктің ақыры халықтар арасындағы орасан зор апаттарға апарып соғарын адамзат тарихынан білеміз.
Өмірде екі адам ренжісіп қалса да олардың қайтадан бір-біріне сеніммен қарауы қиын. Тіпті екі дос ренжіссе де бірін бірі кешіруі мүмкін, бірақ өзара қарым-қатынасында бұрынғыдай алаңсыздық, мөлдірлік бола қоймайды. Сол сияқты, әртүрлі қоғамдық немесе саяси көзқарастағы адамдар, олардың ұйымдары аралықтарында қайшылық, кейде көпе-көрнеу бітіспес қарсылық болса, оны еңсеріп, бір-бірімен келісімге келуі, екі жақтың бірін-бірі тыңдауы, өзара кешірімге жүгінуі – мүлде күрделеніп-ақ кетеді. Әрине, оны да күрделендіретін адамдар, солардың мінез-құлқы, білімділігі, өмірге көзқарас дәрежесі, ішкі мәдениеті. Бұл – табиғи құбылыс, өйткені, әртүрлі топтар, бірлестік, қоғам жеке адамдардан тұрады. Әртүрлі ұлт өкілдерінің арасындағы кикілжің де сондай, тіпті ондай жағдай бола қалса, басылуы қиын, болмашы ұсақ-түйектен өршіген өрт шығып, бітіспес кек кеулеп, адамдардың арасы алшақтап кетері де хақ. Ал екі ел, мемлекеттер арасындағы түсіністіктің ақыры халықтар арасындағы орасан зор апаттарға апарып соғарын адамзат тарихынан білеміз.
Діндер тарихы да бүкіл адамзат тарихымен тікелей астасып, байланысып жатқан әрі терең, әрі қатпары қалың күрделі тарих. Сан ғасырлардан бері, мыңдаған жылдар бойына өркениеттің өрісі мен дамуына тікелей ықпал етіп келе жатқан да, кейде белгілі, кейде құпия, жұмбағы мен ашылмаған сыры мол қауым – осы діндер қауымдастықтары. Діннің ықпалдылығы, мықтылығы, қуаттылығы – адам санасында. Дін де барлық құбылыстар сияқты, адамның санасымен қабылданады, дінге адам санасымен сеніп, беріледі. Дін адам санасына Алланың атымен келеді. Алла біреу. Қасиетті Құранда да айтылғандай, Алла жалғыз. Ал дін саналуан. Сол діндердің қай-қайсысының шыққан тегі, жүгінер соңы – бір Алла. Адамдардың да, адам таңдаған дін жолы да, мойындаған жалғыз Ақиқат та бүкіл адамзат үшін де, бүкіл әлемдік діндер үшін де жалғыз Алла. Дүние жүзінің мұсылмандары да, иудейлері де, христиандары да, католиктері де, буддалары да Алла жалғыз дейді. Оған қазіргі заманда ешкімнің таласы да, дауы да жоқ. Ал тарихта діндер арасындағы келіспеушілік, қайшылық, тіпті жауласып, бітіспес соғыстарды да адамзат басынан өткізіп келеді.
Қазір дүние жүзінің озық ойлы тұлғалары өркениеттің бүгіні мен ертеңі туралы ой өрбітіп, пікір салыстыруда. Әртүрлі болжамдарда сан да, шек те жоқ. Дін туралы толғамдар сол болжамдардың ең өзектісі тұрғысынан саналады. Әсіресе, өткен ғасырдың соңында айтылған Самуил Хантингтонның «өркениеттер қақтығысы» туралы болжамының төңірегіндегі пікірталастар әлі де толастаған жоқ, қайта мезгіл-мезгіл жаңа толқынмен өрекпіп тұрады. Және ол пікірталастар негізсіз де емес.
Дүние жүзінің геосаяси құбылыстарында өркениетті қоғамдар, бүкіл әлемдік қауымдастықты көп жағдайда қапы қалдырып, шарасыздық көрсететін тосын қауіп пайда болды. Ол қауіп – террор – лаңкестік. Лаңкестік – адамның адамға арамдықпен жасайтын жасырын, астыртын қастандық әрекеті. Бұл – ашық соғыс емес. Батыр жүрек адамдардың ашық айқасы емес.
Көптеген дін танушылар, саясат сарапшылары өмірде болып жатқан кез келген лаңкестік, қан төгушілік әрекеттерді діндермен байланыстырып, баға беруді әдетке айналдырып алды. Қанды әрекеттерге көбіне дін атын жамылып жүрген, дінге ешқандай қатынасы жоқ лаңкестік топтар екеніне де ешкім мән бермейтін болды. Шын мәнінде екі мыңжылдық тоғысып, адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқан шақта Жер бетіндегі лаңкестік әрекеттер бұрын-соңды болмаған шартарапқа жайылды. Жұмыр жердің әр бөлшегіне орналасқан елдер мен мемлекеттердің кеңістігінде ешкім болжай алмаған жағдайда, ешқандай соғыс немесе қақтығысқа қатынасы жоқ адамдардың бейбіт, бейкүнә топтарына астыртын лаңкестік әрекеттер жасалып, жазықсыз құрбандыққа шалынуы дүниежүзілік қоғамдастықты қатты қобалжытып, алаңдатары сөзсіз. Лаңкестік әрекеттерге Аллаға сыйынып, құлшылық ете тұрып, Алланың әмірі деп бару – пенденің, адамның азғындауы. Қазір адамзаттың ХХІ ғасырда әлемдік өркениеттің өркендеген тұсында дәл бүгінгідей лаңкестік соғыс дәуіріне ұрынуы – жалпы дамыған елдердің өзіндегі тамырын тереңге жіберіп, қоғамдарды, адами құндылықтарды, сананы ірітіп, шірітуге бағытталған лас ниеттерінің салдары. Лаңкестіктің тамыры тереңде жатыр және оны белгілі бір дін өкілдерімен байланыстырудың ешқандай негізі жоқ. Өкініштісі – қолында алапат күш, шексіз қаржысы, ықпалды ақпарат құралдары бар әлемдік топтар лаңкестік әрекеттерге тұрмысы төмен, білімі жоқ қандай да үгіт, насихат пен шамалы қаржының ықпалына оңай түсетін адамдарды жалдап алады да, сол бейшаралардың өзін құрбан етіп, солар арқылы бүкіл бір ұлт немесе дін қауымдастығына тели салады. Мұндай «сананы жуу» тәсілі ұзақ жылдардан бері ақаусыз жұмыс жасап келеді. Көп жағдайда лаңкестік әрекеттер орындала салысымен көптеген әлемдік БАҚ-тар оған бірден «исламдық» сипат беруге жанталаса асығып, ақпарат таратып жатады. Бұл да белгілі жоспармен жасалатынына жай халық ешқандай мән беріп жатқан жоқ. Әрине, мұндай пиғыл, ниет әлемдік қоғамдық пікір тұрғысында ислам дініне күдік туғызып, оған нұқсан келтіру үшін жасалатыны белгілі. Мұндайда лаңкестік көрігін ақпараттық соғыс қоздырып-ақ бағады. Алайда, шындық, ақиқат уақыт өте келе бәрін де орнына қояды. Бірақ дін өкілдерін қаралау ниеті бірден көрінеді. Халықаралық терроризм табиғаты және олардың әдіс-тәсілдері туралы халықаралық дәрежедегі политологтар Даниэль Эстулин «Секреты Бильдербергского клуба», Дж.Паркинс «Исповедь экономического убийцы», Николай Стариков «Шерше ля нефть», Николай Злобин «Второй новый миропорядок» атты еңбектерінде көп мағлұмат береді. Ол еңбектермен танысқан адам терроризмнің ешқандай да «исламдық» сипаты, бет бейнесі жоқ екендігіне көз жеткізе алады.
Қазақстанда діндер арасындағы өзара түсіністік пен рухани келісімділік ауанын қалыптастырып, оның шынайы мазмұны мен гуманистік әрі бейбітшілік, қайырымдылық, ізгілік келбетін тұрақтандыру мақсатында ұтқыр әрі салиқалы саясат ұстанып, осы жолда нақты шараларға бастамашы болып жүрген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақтың жас Астанасында діндер көшбасшыларының съезін шақырудағы негізгі мақсаты да діннің адамзат өркениетіндегі шешуші әрі ықпалды қызметін еліміздің ынтымағы мен рухани тазалығымен дамуына мейлінше бағыттау, сондай-ақ әлемдік діндер туралы қоғамдық пікірге де бетбұрыс жасау еді.
Біздің Президент Нью-Йорк қаласында болған әйгілі 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террорлық, лаңкестік әрекет-апаттан кейін де қанды оқиғалардан соң бүкіл әлем сескеніп, демін ішіне тартып, жасалған жауыздықтарға лағнет айтып тұрған, әлі нақты қылмыскерлер анықталмай, кейбір жаңсақ саясатшылар күдігін ислам дініне бағыттаған тұста ең алғашқы саясаткерлердің бірі болып, «лаңкестікті ислам дініне телудің ешқандай негізі жоқ» деген тұжырымын батыл жариялап, өз дәлелін ортаға салған. Президенттің бұл сөзіне тек Ислам әлемі ғана емес, бүкіл дүние жүзінің салиқалы ортасы құлақ салып, назар аударды. Ол осы ұстанымын үнемі нақты дәлелдермен жоғары дәрежедегі мемлекет, үкімет басшыларының, дипломаттар мен саясаткерлер, сарапшылардың пікір алысу бас-қосуларында айтып келеді.
Екінші мыңжылдық басталған шақта орын алған көптеген ғаламдық қайшылықтар, террорлық әрекеттер өршіп тұрған шақта біздің Елбасы әлем халықтарының ортақ жүгінісі, ортақ сенімі – әлемдік және дәстүрлі діндер үнқатысуына шақырды. Ол 11 қыркүйектегі сойқанды оқиғадан кейінгі күдік, сенімсіздік діндер арасын да дағдарысқа ұшыратып, тосырқатып қалған кез еді. Алдын ала 2001 жылдың қыркүйек айының соңына Астанаға сапары жоспарланған қасиетті тақ иесі Рим Папасы Иоанн Павел II-нің келуі де бірнеше күн белгісіз күйде қалды. Сол жолда үндестік Қазақстан басшысы мен католиктер дінінің жетекшісі арасында болды. Рим Папасы Павел ІІ Астанаға келді. Тарихи кездесу болды. Дүние жүзі католиктерінің көсемі Қазақстан Президентінің гуманистік көзқарастары мен ұсыныс-пікірлеріне қолдау айтты. Мұндай кездесу рухани өміріміздің мазмұнын байытты. Елімізде дінаралық татулық пен түсіністіктің ауанын кеңітті. Адамдар арасындағы сенімді нығайтты. Еліміздің бірлігі күшейіп, қоғамның қарым-қатынасында ашықтық пен ынтымақтастық күшейді.
Президент бастамашылдығымен ең алғашқы діндер басшыларының съезіне келген дін қайраткерлері мен өкілдері әуел баста бұл басқосуға үнсіз ғана «әліптің артын байқайық» деген сыңайдағы қалыптарынан Елбасымен кездесіп, дидарласқаннан кейін-ақ өзара ашыла сөйлесіп, жаһандану заманында дінаралық қатынастардың сипаты туралы ойларын ортаға салып, жас мемлекеттің аяқ алысына қызығушылық білдіре бастады.
Осылайша Еуразия кеңістігінде үш жылда бір өткізілетін дүние жүзі дінбасыларының жаңа институты пайда болды. Әрбір съезден съезге дейін Астанада өтетін дінбасыларының кезекті съезіне ынта, қызығушылық білдірушілердің қатары, дәрежесі өсіп, бұл кездесудің қоғамдық салмағы артып келеді.
Үстіміздегі жылы мамырдың соңғы күндерінде Астанада өтетін ІV съезге әлемнің 40-тан астам елінен жүзге жуық көрнекті дін қайраткерлері қатынасады деп күтілуде. Бұл алқалы жиында да діндер, ұлттар арасында жалпы әлемдік адамзат қоғамының бүгінгі қайшылықтары мен оларды еңсеру, діндер арасындағы өзара түсіністік, қарым-қатынастық, қоғам дамуының өркениетті жолдарының бүгіні мен ертеңі туралы салиқалы пікір алысылмақ.
Діннің біздің қоғамдағы орны, ықпалдылығы мемлекеттік тәуелсіздігімізбен бірге қайта жанданды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың арнайы бабында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы» жазылды. Еліміздегі барлық конфессиялар заң аясында келісімдікпен, үндестікпен тең өмір сүруді өмір салтына айналдырды. Дін конфессиялары аралығындағы толеранттылық пен өзара сыйласымдылық жағдайы ұлтаралық татулықпен тікелей астасып, бір шаңырақ астында жасампаздық пен ынтымақтастықты сақтап, өркендеуге барлығы бірдей ынталы болуының арқасында еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылық ең басты құндылығымызға айналды. Елбасы өзінің әрбір сөзінде баса назар аударып айтатыны да, еліміздің өркендеуіне алғышартты себеп болары да ел арасының тыныштығы, адамдардың қоғамдағы өзара түсіністігі, сыйласымдылығы екенінде ешкімнің де дауы жоқ. Халық, қоғам тыныштық пен бейбітшілікке, сыйласымдылық пен түсіністікке мүдделі. Тек осындай бірлік жағдайында ғана экономиканы өркендетіп, тұрмыс әлеуетін жақсартуға болатынын халық өзі түсінеді.
Кезекті ІV әлемдік діндер съезінің күн тәртібінде талқыланатын басты тақырып та «Адамзаттың таңдауы – бейбітшілік және келісім». Қазір қандай да қайшылықты құбылыстардың таңқаларлық жылдамдықпен қысқа мерзімде әлемнің көптеген елдерін шарпып өтуі бір жағынан ақпараттық технологияның ғажап дамуы болса, екіншіден, жаңа қоғам, ұрпақтың сондай құбылыстарға аса сезімталдығы. Қалай болған күнде де ізгілікті, зайырлы мемлекеттер әртүрлі қоғамдық қайшылықтардан дінді қорғап, олардың толеранттығына көмек көрсетуі керек. Мемлекет біздің Конституциямызға сәйкес дін ісіне тікелей араласа алмайды. Бірақ, заңдық кеңістіктің сақталуына әрине мүдделі. Сол арқылы діни конфессиялардың тазалығы сақталмақ. Сол сияқты дін конфессиялары да мемлекет ісіне тікелей араласып, мемлекет орындарында, мектептерде, жоғары оқу орындарында жастарды үгіттеп, уағыз жұмыстарын жүргізе алмайды. Ондай шектеулер партиялар және басқа қоғамдық ұйымдарға да қойылған. Яғни, адам құқығына, адам таңдауына қол сұғылмауын қамтамасыз етерлік құқықтық кеңістік жағдайын туғызу – мемлекеттің міндеті. Әсіресе, жас ұрпақтың өсіп-өнуі, олардың дүниетанымы мемлекетті бейжай қалдыра алмайтыны анық. Қазір жас ұрпақ санасына талас көп. Діни ұйымдар мен бірлестіктер де әртүрлі уағыз арқылы жастарды өз жағына, өздерінің идеологиясына тартқысы келетіні құпия емес. Ашығын айту керек, әсіресе, әртүрлі діни секталардың белсенді араласуы біздің қоғамның бірлігіне де, мемлекетіміздің болашағына да кәдімгідей нұқсан келтіретіні анық. Сондықтан да біздің еліміздегі діни бірлестіктер мемлекет тәуелсіздігінің тұрақтануына, қоғамның, оның ішінде діни, мұсылман қауымының көзі ашық болуына мүдделі болғаны абзал. Ғасырлар бойы қазақ халқында қалыптасқан рухани қазынаға жататын игі дәстүр, салт сананы да ұмытпағанымыз жөн. Ежелден алдымен Аллаға жүгініп, қасиетті ата бабаларымыздың, әке-аналарымыздың рухына тағзым ету дәстүрі, салты бар. Одан ешкім жаман болған емес. Керісінше, жанымыздың, арымыздың тазалығына әсер ететін рухани парыз емес пе? Атадан қалған асыл мұра ұрпақ санасы мен сапасы емес пе? Ата-анамыздың рухын сыйлап, оларға Құран бағыштағаннан ешкім азып кеткен жоқ. Керісінше, аруақ аттап, аруақ сыйламағандар тексіздікке, қатыгездікке барып жүрген. Кейбір иегінің астына қауға сақал қойып, шолақ шалбар кигендер білімсініп: «Әкең өлді жерледің, енді ұмыт, жылын берме, басына барма», деп уағыз жүргізетіні кімге өнеге, қандай сана қалыптастырмақ?
Дін – алдымен сана. Білім. Кез келген басын сәждеге қойып, өзі түсінбейтін сөздерді біреудің аузынан жаттап алып жатқан пенде дінді толық түсініп, құлшылық етіп жүр дегеніміз асығыстық болар. Мешіт – Алланың қасиетті үйі. Мешітке адам тек қана адал ниетпен кіруге міндетті. Құдайға құлшылық етемін деген адам таза пейіл, ақ тілеуімен мешітке келеді. Мешітте ешқандай қарау әрекеттерге, ұрлық-қарлыққа жол берілмейді. Мешіт – пенденің ауыр ойдан сейіліп, пендешілік күнәкәрліктен жеңілдеп, Аллаға құлшылық етіп, күнәләріне кешірім сұрап, тазаратын қасиетті орын. Мешіт ежелден арыған жолаушыға пана, қорғансызға қорған болып келе жатқанын халқымыздың талайғы тарихынан білеміз. Ал енді сондай кейбір мешіттерге әлдекімдердің үстемдік жүргізіп, оған келген адамдарды өз қалауынша кіргізіп-кіргізбеу әрекеттерін қалай түсінуге болады? Ол ол ма, кейбіреулер тіпті жиналған жастарға бұйрыққа парапар әмірмен уағыз жүргізіп, Алланың атынан сөйлегісі келгендерді қалай «Аңқау елге арамза молда» демессің? Әрине, біздің мемлекетіміздің, қоғамымыздың мүддесінде, тыныштығын сақтау мақсатында мұндай «өзімшілдіктердің» болмағаны жөн. Өздерін «ваххабиттерміз» дейтін кейбір топтарды елдің тыныштығына жанашыр деп айту қиын болар. Олар қоғамға, діни бірлестіктерге іріткі салумен қоймай, сауатсыз сенгіш адамдардың санасын улауы әбден мүмкін. Мұндайда мұсылман қауымдастығының басшылары да, діни сауатты адамдар да ең алдымен адамдардың сана тазалығы үшін күресуі қажет-ақ. Біздің халық өз тарихында талай қуғын-сүргінді бастан өткізді. Кеңес дәуірі кезінде мешіттер жабылып, қиратылып, дін өкілдері, имамдар қудаланды. Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста екі мыңнан астам мешіттер жаңадан салынып, адамдардың имандылығына қызмет ете бастады. Енді, осындай еркіндік жағдайында ислам дінінің өз құрамынан неше түрлі ағымдар, секталар туындатып, бір ауылдың адамдарын бірнеше топқа бөлуге жол берілгенін біздің елдің, ұлттық бірлігімізге береке қосады деп айта алмаймын. Дін мемлекеттің тікелей құзырына кірмейді дегенімізбен, дін ауанында жүрген адамдар осы өзіміздің мемлекетіміздің азаматтары. Сондықтан олардың наным, сенімдері әртүрлі өз еркінде болғанымен, олардың ешқайсысы мемлекет мүддесінен, мемлекет қауіпсіздігінен, ел тыныштығын қамтамасыз етуден тыс қала алмайды.
Мешіт – қасиетті орын. Оның қасиеттілігін қадірлеп, құрмет көрсетіп, сақтай алатын адамдардың таза санасы. ХІХ ғасырдың ұлы суреткерінің бірі Марк Твен: «Сыйынған сәтте ешкім де өтірік айта алмайды», деген екен. Сол сияқты мешітке кірген сәтте пенде тым болмаса өзінің алдында өзі тазарып тұруға міндетті емес пе?
Біз, біздің ұлтымыз екі ғасырдың тоғысында зор бақытқа кенеліп, ұлттық тәуелсіздікке ие болып, мемлекет құрушы ел болдық. Елдік жорығын бастаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік діндер көсемдері мен қайраткерлерін Астанаға жинап, бастарын қосқандағы басты мақсаты – өз еліміздің тыныштығы, бірлігі, ынтымағы арқылы әлемдік діни қоғамдастыққа үн қосу. Біздің жас мемлекетіміздің өркениетке қосар өз жолы, өз дамуы бар екендігін көрсету. Жаһандық үдерістерге қатынасу арқылы өз еліміздің білімін, рухани дүниетанымын, санасын көтеру, дүниежүзілік қоғамдастықтағы белсенді орнын тұрақтандырып, қазақ деген ұлттың қабілет-қарымын, білімін, бірлігін әлемнің игілігіне қосу. Сондықтан да Елбасының көрнекті бастамасына түсіністікпен, отаншылдықпен, ұлтшылдықпен үн қосу – біздің қоғамның рухани міндеті десем артық айтқандық болмас еді. Өйткені, әлем діндер көсемдерінің басқосуы – соңғы он жылдағы біздің еліміздің ең көрнекті рухани табыстарының бірі. Бұл – тек біздің сөзіміз емес, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған көптеген халықаралық дәрежедегі зиялы адамдардың, дін қайраткерлерінің, саясаткерлердің, мемлекет басшыларының, дипломаттардың, ғалымдардың беріп жүрген лайықты бағасы.
Дін тарихы өркениет дамуымен тығыз байланыстағы ең күрделі салалардың бірі. Адамзат тарихына да, өркениет тарихына да діннің ықпалы да, қосқан үлесі де мол-ақ. Сондай-ақ діннің өз тарихы мен тағдыры да қайшылыққа толы.
Біздің еліміздің жағдайында белгілі себептерге байланысты дін ұзақ жылдарға созылған дағдарыстан шығып, жаңа өркендеу дәуірін басынан кешіріп отыр деп айтуға толық негізіміз бар. Діннің қайта жаңғыруы тікелей біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізбен байланысты. Біз тәуелсіз мемлекеттігімізді жария еткен кезеңде қоғамның рухани еркіндігі дінге деген көзқарасы мен ықыласы арқылы байқалды. Тәуелсіздігіміз жарияланған тұста бұрын өздерінің діни сенімдерін ешкімге білдірмей, көрсетпей, іштей ұстанып жүрген мыңдаған адамдар жарыққа шыққандай адам санасында діннің үзілмей сақталып, жалғасып келе жатқандығын, өміршеңдігін көрсетті. Әсіресе, жас ұрпақтың дінге жүгінуі – болашағымыздың адамдыққа, тазалыққа, адалдыққа, жалпы рухани игілікке мүдделі әрі соған ұмтылатындығын көрсетті. Көптеген қалаларда, ауылдарда жергілікті жұрттың жұмылуымен, жекелеген меценаттардың өз ықыласымен мешіттер салынып, елдің намазға келуіне жағдай жасалды. Бұрынғы экономикалық жүйе күйреп, әсіресе, ауылдарда жаңа нарықтық экономика, жеке меншік шаруашылықтар қалыптаса алмай, жұрт дағдарысқа ұшырап жүргенде олар мешітке барды. Кейбір ауылдарда жұмыссыз жастар сенделіп, ішімдікке салынған кездерінде олардың есін жинап, зиянды ішімдіктен тартынып, тіршілікке кірісулеріне осы мешіттердің де оң ықпалы болды. Халқымыз ежелден қандай қиындықта да төзімділік, сабырлылық көрсетіп, өзінің адамдық тұлғасын, қоғам алдындағы арын сақтап қалуға айрықша мән беретіні де ұлтымыздың ерекше қасиеті. Дағдарыс жылдары біздің халқымыз, әсіресе, ауылдағы қазақтар осы сыннан да абыройын сақтап өтті.
Қазір дүние жүзіндегі, әсіресе, Еуропаның дамыған қуатты елдерінде болып жатқан экономикалық дағдарыс кімді болса да ойлантпай қоймайды. Өйткені, қазіргі ғаламдық қарым-қатынастың шарықтап тұрған шағында әсіресе экономика, тұрмыс саласындағы құбылыстарды бізден алыста деп айтуға да, бейқамдыққа да салынуға болмайды. Біздің Елбасы өзінің сөздерінде үнемі осы туралы айтып жүргені белгілі. Үстіміздегі жылдың басында жария еткен Қазақстан халқына Жолдауында алдағы кезеңдерде мүмкін болатын тұрмыстық, экономикалық қиындықтарға егжей-тегжейлі тоқталып, соған өз дайындығымызбен келу қажеттігін айрықша ескерткені де есімізде. Міне, осындай сындарлы кезеңдерде елдің бірлігіне, қоғамның, билік пен халықтың өзара түсіністігіне тұрақты мән берілетіні де ел жағдайының мүддесі. Елдегі діни бірлестіктердің халық тұрмысын жақсартуға арналған Президенттің кезекті Жолдауын жүзеге асыру үшін өзара үндестігі мен ынтымақтастығы сөз жоқ қоғамымыздың сапасын арттырып, мемлекетіміздің әлеуетін көтерері де хақ. Елімізде, жерімізде Елбасының бастамашылдығымен халықтың сұранысына сай, халықтың өзінің тұрмысын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралардың ойдағыдай орындалып, ел игілігіне айналуы үшін, оларға қоғамның, мемлекетіміздің барлық әлеуметтік топтарының қолдауы қажет. Ел-жұрттың бірлігі, ынтымағы, халық мүддесіндегі жасалып жатқан әрекет, шараларға түсіністігі қажет.
Осы орайда, Таяу Шығыс, Араб елдерінің қазіргі жағдайына да тоқтала кеткеніміз артық болмас. Ол өңірдің елдерінен ежелден дін ажырамағаны тарихтан белгілі. Алайда, мұсылман, яғни ислам дінінің аясында оларда көптеген секталар, радикалдық ағымдар исламның атын жамылып, исламға жат әрекеттерді, өз уағыздарын жүргізіп, әсіресе жастарға ықпал ету арқылы, діни білімнен гөрі әртүрлі негізі жоқ саяси мақсаттарды ұрандап, өздерін қолдайтын топтарды экстремистік іс-әрекеттерге бастайтыны да белгілі. Қауіптісі – қазір олар топтар емес, тұтас ағымдарға айналды. Олардың қостаушылары көптеген мұсылман елдеріне жайылған. Өкініштісі – олар исламның атын жамылып, исламға қарсы, исламның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге барып жүргенін не түсінбейді, түсінгісі де келмейді, не өздерінің түпкі мақсаттары бар. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде бүкіл әлемде, жер жүзінде «ислам мемлекетін құрып, исламның үстемдігін жүргіземіз» деген сөздің өзі-ақ есі дұрыс адамның сөзі емес екендігін түсіну қиын емес қой. Өкінішке қарай, жас діндарлардың арасына бір сақалды шығып, сендіріп, нандырып, баурап сөйлеп, жеткізіп айтып, рух ұранын ұрандаса, оның мәніне, тереңіне бойлап жатпастан әсерлі сөзге әсерлі сезіммен үн қататын тыңдаушылар тобы кеу-кеулеп, қолдап кететіні де өмірде, тәжірибеде бар жағдайлар. Ал қазіргі араб елдерінде ереуілдер мен көтерілістер, кейбір мемлекеттерде қанды қақтығыстар, соғыстар әуел баста демократиялық, құқықтық талаптар тұрғысынан жап-жақсы ізгілікті мазмұнда болғаны да рас. Бірақ, қоғам сан алуан. Өздерінің арасы қарама-қайшылыққа, қым-қуытқа толы. Сол қайшылықтарға алдымен дін аясындағы секталар, ұйымдар түрткі болып отырғаны да белгілі. Сол елдердің күні бүгін не болды? Кезінде араб елдерінің ішінде тұрмысы жақсысы Ливия еді. Оқу, денсаулық сақтау қызметтері, газды пайдалану сияқты әлеуметтік мұқтаждар тегін болатын. Мұнай түсімінен әрбір жаңа туған балаға есеп-шот ашылатын, көп балалы анаға белгілі жәрдемақы төленетін. Ливиялықтар араб елдерінің ішіндегі әл-ауқаты жақсы мемлекеттердің бірі болғаны шындық. Рас, билікте демократия болмады. Муаммар Каддафи 40 жылдан астам бір өзі басқарды. Қоғам осыны көтере алмады. Билікті демократияландырып, немесе бейбіт жолмен ауыстыруға биліктің де, қоғамның да ойы мен өресі, сабырлы шешімі жетпеді. Ливия – Сауд Арабиясынан кейінгі мұнай, газ қоры бай ел. Мұнайға иелікке дүниенің ең алпауыт елдері таласатыны белгілі. Сыртқы өз мақсаты бар күш әруақытта ел ішіндегі алауыздыққа сүйенетіні тарихтың дәстүрі. Олар мақсатына жетті. Күйзеліп қалған халық. Ел ішіндегі бүлік әр кез дүмпуін тоқтатып тұрған жоқ. Бұл мемлекет мұндай күйзелістен қашан шығарын бір Алла біледі. Мысырдағы жағдай да әлі шиеленісіп тұр. Әйгілі «Мұсылман бауырлар», тағы басқа діни ұйымдардың текетірестері жалғасуда. Мысыр ежелден әртүрлі әлемдік діндердің – мұсылмандардың, христиандардың, католиктердің, иудейлердің шоғырланып, тоғысқан жері. Діндер арасында да, халықта да қайшылық көп, бірін-бірі тыңдап мәмілеге келу, бірлік жоқ. Президенттік сайлау не нәтижеге жеткізерін уақыт көрсетеді. Әзірге, бұрынғы туризмнен түсетін табыс он есеге дейін төмендеп, жаппай жұмыссыздық жайлап, экономика дағдарысқа ұшырап тұр. Сириядағы жағдай да көз алдымызда. Қақтығысып жатқан неше түрлі топтар, күштер, қырылып жатқан халық, талқаны шығып жатқан қалалар мен елді мекендер.
Қысқасы, бүлініп жатқан мұсылман елдері. Себептері көп. Сыртқы ықпалды күштердің бар екені де құпия емес. Ең бастысы – әр елдің өз ішіндегі саясаттың халық сұранысына жауап бере алмауы, сондай-ақ ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың, отаншылдықтың, өзара түсіністік пен үндестіктің, үйлесімділіктің, төзімділіктің болмауы. Бұл құндылықтар қысқа мерзімде орнай да, келе де қоймайды. Оған ең алдымен билік институттарының адалдығы, әділдігі, мемлекетшілдігі, тазалығы, білімділігі, біліктілігі қажет. Оған ел мүддесіндегі нақты шаралар қажет. Және ол жұмыс ерекше төзімділікпен, үзбей, халықтың белсенді қатынасуымен жүргізілуі тиіс. Мұндай жұмыстың дер кезінде жүргізіліп, ел мүддесіне жауап бере алатынына мемлекеттермен бірге ең алдымен дін өкілдері, дін қайраткерлері де жауапкершілікпен қатынасса, адамзаттың өркениет кеңістігінде өмір сүру мүмкіндігі де арта түсері хақ.
Астанада төртінші рет шақырылып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осындай даму мақсаттарына үндестікпен үлес қосарына сенеміз. Үндестік өзара түсіністікке жеткізіп, өркениет жолына бастары да ежелгі адамзат тарихынан белгілі. Діндер басшыларының Астанадағы кезекті съезінде де үндестік пен түсіністік төрелік ететініне сенгіміз келеді.
Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.