Үздіктер тізімінде Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсетіп жүрген үш ойыншы бар. Олар – Гегам Арутюнян («Шахтер» Қарағанды), Камо Оганесян («Жетісу» Талдықорған) және Маркос Пиззелли («Ақтөбе»). Осы үштіктің арасынан Арменияның үздігі атануға соңғысы мүмкіндігі мол. 1984 жылы Бразилияда туып-өскен Маркос Пиззелли бірер уақыт өз елінің «Сан-Карлуш» клубында ойнады. 2006 жылы ол Ереванның «Араратына» ауысты. Екі жыл қатарынан Арменияның ең үздік шабуылшысы атанды. Одан кейінгі жылдары «Арарат» (Мулино), «Пюник» (Ереван), «Металлург» (Донецк), «Кубань» (Краснодар), «Әл-Раед» пен «Әл-Шабаб» (Сауд Арабиясы), «Әл-Фуджайра» (БАӘ) және «Ксанти» (Грекия) клубтарының намысын қорғады. 2014-2015 жылдары «Ақтөбеде» ойнаған жартылай қорғаушы 2018 жылы айтулы командаға қайта оралды.
2008 жылдан бері Маркос Пиззелли Армения құрама командасы сапында өнер көрсетуде. Сол кезден бері 65 рет жасыл алаңға шығып, 11 голдың авторы атанды. Биылғы маусымда «Ақтөбе» клубы сапында өткізген 24 кездесуде ол қарсыластар қақпасын 18 мәрте дәл көздеп, Қазақстан чемпионатының сұрмергені атанды.
28 жастағы шабуылшы Гегам Арутюнян Қарағандының «Шахтер» клубы сапында өткен маусымда ойнады. Ал 26 жастағы қорғаушы Камо Оганесян да «Жетісудің» құрамына 2018 жылы қабылданған болатын.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»