Мағжан жырларын жатқа айтатын
«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» БАЛАСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ӘКЕСІНІҢ ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕНІН БІЛМЕЙДІ
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқын баудай түсірген саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналған Шеру Құрманбаевтың тәлкекке түскен тағдыры бір атанға жүк боларлық. Бір әулеттен бүгінде көзі тірісі екеу ғана. Ғали Жарқынұлы Есіл ауданындағы Покровка ауылында, Дәулет Шеруұлы Петропавл қаласында тұрады. Атасы Құрманбай мен әкесі Шерудің бастан кешкен мехнаттарын өз көзімен көрген Дәулет ол кездері естияр бала болатын. Бүгінде 86-ға келсе де, балалық шағы мен жастық өмірі, отбасы мен жан дүниесінің ойран-топырын шығарған қаралы кезеңнің күңіренісі санасында ұмытылмастай жатталып қалыпты.
«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» БАЛАСЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ӘКЕСІНІҢ ҚАЙДА ЖЕРЛЕНГЕНІН БІЛМЕЙДІ
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқын баудай түсірген саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбанына айналған Шеру Құрманбаевтың тәлкекке түскен тағдыры бір атанға жүк боларлық. Бір әулеттен бүгінде көзі тірісі екеу ғана. Ғали Жарқынұлы Есіл ауданындағы Покровка ауылында, Дәулет Шеруұлы Петропавл қаласында тұрады. Атасы Құрманбай мен әкесі Шерудің бастан кешкен мехнаттарын өз көзімен көрген Дәулет ол кездері естияр бала болатын. Бүгінде 86-ға келсе де, балалық шағы мен жастық өмірі, отбасы мен жан дүниесінің ойран-топырын шығарған қаралы кезеңнің күңіренісі санасында ұмытылмастай жатталып қалыпты.
Балуан ауылын мекендеген Құрманбай елге сыйлы, арабша сауатты болған. Кешкілікте зор даусымен ән салғанда ауыл тұрғындары ұйып тыңдайды екен. Күйді «бақайымен» тартатын өнері болған деседі. Жастық шағын ел аралап, сауық-сайранмен өткізген. Көпшілік еркелетіп “Әкен-ай” атап кеткен. Әкесінің өнері баласы Шеруге де жұққан. Арабшаны еркін меңгерген. Суырыпсалма ақындығымен танылған. Зарлы ән “Зәурешті”шырқағанда екі көзінен жас парлап, тыңдаушылардың сай-сүйегін сырқыратқан. “Құралай сұлу”, “Батыр Баян”, “Ер Ағыбай”, “Еңлік-Кебек” секілді дастандарды таңға дейін жырлаған. Күреске түсіп, «түйе балуан» атанған. Түсі суық, жанары өткір, қараторының нағыз ер келбеттісі болған. Кеңес өкіметі кезінде жаңадан құрылған Төңкеріс ауданында аз ғана басшылық қызмет атқарып, сосын Ақмола жағындағы Қорғалжын ауданының атқару комитетін басқаруға жіберіледі. Сонда жауапты жұмыс істеп жүргенде аяқ астынан тұтқындалады. 2-3 күннен кейін қамақтан босатылғанымен, одан әрі лауазымды қызметке бару жолы кесіледі. Себебі белгісіз. Кірпіш зауытына директор етіп тағайындалады. Осы кезде кенже ұлы аяқасты ауырып, қайтыс болады. 97 жастағы Құрманбай ақсақалға да топырақ осы жерден бұйырады. Содан Шеру әйелі мен баласын алып, елге оралады. Майбалық ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінде жүргенде тағы да қолына кісен салынады. Сол кеткеннен қайтып оралмаған. Қай жаққа жіберілді, сүйегі қайда қалды, бұдан Дәулет қария әлі күнге дейін хабарсыз. Кейін естігеніндей ауылдастарының бірі ескіліктің әні «Зәурешті» көп айтады деп, сыртынан көрсетіп жіберсе керек.
Құдайы көршім болғандықтан, жаным ашып, тиісті органдар арқылы іздеу салуға болатынын айтып едім, “солардың атын атамашы, өткенді қайта қопармашы, өлердей қажыдым, осымен бітті” дегендей, жақтырмаған сұсты сыңай танытты. Кейінгі өмір жолы жайында да сыр тартып едім, жұмған аузын ашпады. Жастайынан жетімдіктің ауыр зарын тартып, асқар таудай пананың аялы алақанын көрмей өскен оның көңілі әбден қалған секілді. «Қой, сырттай тілекші болып жүргенім жарамас, қолдан келгенше жәрдемдесейін», деп Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасына бардым. Жергілікті мұрағатқа кіруге рұқсат марқұмның ең жақын туысқанына ғана беріледі екен. Оның өзінде арнайы шешім бойынша деген талабы бар көрінеді. Дәукеңнен қайыр жоқ. Покровка ауылында тұратын немере інісі Ғали Елембаевқа қолқа салуға тура келді. Сөйтіп қана кейбір кұжаттар мен Шеру Құрманбаевтың ақталғаны туралы анықтамамен танысуға мүмкіндік алдым. Қысқаша мазмұны мынандай:
Майбалық ауылдық кеңесінің төрағасы Шеру Құрманбаев 1936 жылдың 26 қазаны күні ұлтшыл-фашистік ұйымға қатысы бар деген айыппен НКВД-нің Преснов аудандық бөлімшесінде тұтқындалып, 1937 жылдың 25 қарашасында Солтүстік Қазақстан облыстық сотының арнаулы алқасының жабық отырысындағы үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айрылған. ҚазКСР Жоғарғы Сотының арнаулы алқасы 1938 жылдың 1 қаңтар күні аталған үкімнің күшін жойып, қайтадан тергеуге жіберген. Облыстық соттың сол жылғы 27 мамыр күнгі шешімімен Шеру Құрманбаев 10 жылға бас бостандығынан айрылған. КСРО Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы 1941 жылдың 11 қазаны күні КСРО Прокурорының наразылығын қанағаттандырып, облыстық соттың аталған үкімінің күшін жойып, қайтадан тексеруге жіберген. 1942 жылдың 13 сәуірі күні РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58 – 10 және 58 – 11-баптары бойынша Шеру Құрманбаевқа қарсы қозғалған қылмыстық істе ешқандай қылмыстың құрамы жоқ деп табылып, тергеу тоқтатылған. Үкім күшінің бірнеше рет жойылып, тексеруге жіберілуі азаматтың еш кінәсіздігін аңғартады. Одан кейінгі тағдыры жұмбақ.
Шеруден қалған жалғыз тұяқ Дәулеттің жетімдіктің, жалғыздықтың, жоқшылықтың тауқыметін көріп, “халық жауының баласы” деген зілді сөздерден психологиялық зардап шеккені сыртқы кейпінен де байқалады. Тұлдыр басын сүйретіп, жанын зорға сақтап жүрген қиын-қыстау кезеңде қауқарсыз жетімнің әкесіне сұрау салып іздеуге ешқандай шамасы да, мұрсаты да болмаған. Іздеп табу мүмкін де емес еді. Былтыр Қорғалжын жаққа әдейі сапар шегіп, атасы Құрманбайдың басына зиярат етіп қайтыпты. Атасының бауырында өскен оның тұқымына тартқан құймақұлақтығы, жадының мықтылығы, алғырлық қасиеті таңдандырмай қоймайды.
“Әдейі өлең жаттап көрмеппін, бірақ бір естігенімді өмірі ұмытпаймын”, – дейді өзі. Сөйтті де әңгіменің ортасында “Батыр Баян” дастанын бастап, одан әрі Мағжанның отты өлеңдеріне ұластырып, төгілдіріп-төгілдіріп жібермесі бар ма?! Айтқан сайын жаны кіріп, жанары жарқылдап, аузынан ағытылған жыр жолдарынан басқаны ұмытқандай күй кешеді екен. Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық торқалы тойы республикалық деңгейде атап өтіліп, көптеген өнер түрлерінен байқау ұйымдастырылды. Сол сайысқа Жамбыл ауданынан жыр жампозының өлеңдері мен «Батыр Баян» дастанын мүдірмей жатқа айтатын Дәулет Құрманбаев дайындалыпты. Бірақ айтулы дастанды жұрт алдында бірінші болып танымал айтыскер ақын Баянғали Әлімжанов орындап, қазылар алқасы екінші рет қайталаудың керегі жоқ деп шешкен. Бойындағы осы бір асыл да сирек орындаушылық қасиетті көзінің тірісінде таспаға түсірсе, қандай ғажап болар еді. Кітап нұсқасындағы жыр-дастандарда жоқ оралымды да бейнелі шумақтардың шығып қалуы әбден мүмкін. Жергілікті теледидар басшылары мен мәдениет саласының өкілдері осыны ескерсе, жөн болар еді. Әкесі Шеруді ұстап әкеткен 1936 жылдан бастап 76 жыл бойы сарыуайым сағыныш өзегін өртеп, жалғызбасты сергелдең күй кешкен қарттың жан дүниесінде талай асыл қазыналар сақталып жатыр-ау деген бір үміт, бір өкініш жетегінде қала бердім.
Қайрат ДҮЙСЕНБІ.
Петропавл.