Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2018

Алматы облысында «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды

933 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық телекөпірі аясында Алматы облысында «Маревен Фуд» жаңа зауыты іске қосылды.

Алматы облысында «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды

Қапшағай қаласының Заречный ауылында орналасқан «Маревен Фуд» зауыты Жетісудағы шетел инвестициясына салынып, өнім өндіруге кіріскен бірегей өндіріс. Зауыт аттас трансұлттық компания мен Алматы облысы әкімдігінің әріптестігі аясында ашылған зауытқа 15,4 млрд теңге шетел инвестициясы тартылды.

Айтпақшы, бүгін ашылған жаңа зауыт Алматы облысындағы сыртқы инвестицияға салынған жалғаз нысан емес. Қазір облыс бойынша жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 32 жоба тікелей  шетелдік компаниялардың қатысуымен басталған. Жетісуға келген инвесторлар қатарында әлемге әйгілі «Кока-Кола», «Фуд Мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты жиырмадан астам бренд компаниялар бар.

«Маревен Фуд» бренді әлем нарығында тамақ өнәркәсібінің алпауыты ретінде танымал. Әсіресе, жылдам дайындалатын кеспе өнімдерінің негізгі үлесі осы трансұлттық компанияның еншісінде. Қазақстанда тұңғыш саналатын Қапшағайдағы зауытта да танымал «Роллтон» және «Bigbon» сауда белгісі аясында дайын өнім шығарыла бастады. Қазіргі уақытта зауыт 370 адамды жұмыспен қамтыды. Алдағы күндері жұмыс күші 523 адамға жетпек. Компания өндіріс ерекшелігне орай жергілікті жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізіп, жаңа технологияны меңгерген бесаспап маман етіп шығармақшы. Зауыт өндірісінің 3 бөлігі іске қосылып, өнім шығаруға кірісіп кетті. Ендігі қаптамасында «Маревен Фуд» зауытында, Қазақстанда өндіріліген» анықтама жазуы бар «Роллтон» кеспесі мен «Үй Роллтоны» тұздығы саудаға шығып үлгерді.

- Жаңа зауыт жылына 417 млн данаға дейін жылдам дайындалатын кеспе өнімдерін шығара алады. Бұл «Қазақстанда жасалған» белгісімен ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын өнім түрі болмақ. Қазір отандық нарыққа 50 процентке, сыртқы нарыққа 50 процентке жұмыс жасамақпыз. Бұйырса, Қапшадайда жасалған кеспе еліміздің барлық аймағынан бөлек, Орталық Азия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия мемлекеттеріне  экспортталады, - дейді «Маревен Фуд» зауытының директоры Александр Вязников.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы