Енді ел ішінде «Сарыбел» деп аталатын бұл ауданның жақсы аты осындағы Жансары ауылының маңынан бой көтерген жылқы сүтін қайта өңдейтін зауыт арқылы тіпті де аспандағалы тұр. Нақтырақ айтқанда, «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС-нің бұл жерде орын тепкен кәсіпорны үш жылдан бері «Саумал» брендтік атауына ие болған құрғақ бие сүтін өндіріп, еліміздікі өз алдына, шетелдің нарығынан ырыздығын теріп жүр.
Елбасы таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласында былай деп қалам тербеген еді: «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады». Иә, жылқы мініп, жаһанның жартысына жуығын бағындырған баһадүр бабаларымыз осы Қамбар ата түлігінің сүтін де сол замандарда азық етіпті. Сөйткен қымыз ықылым замандағы ыдыстың түбінде молекулалық қалдық түрінде қалса, бұл күнде озық технологияның құдіретімен ұнтақ түрінде ұлттың ғана емес, өзге ел дастарқанынан да ойып орын алған сусынға айналды. Иә, құрғақ қымыздың осы ұнтағы салынған ыдысқа қайнаған суды құйсаңыз болды, хош иісті, мың сан дертке дәру сусын аласыз!
Қазіргі таңда кәсіпорын бір жылдың ішінде 30 тоннаға дейін өнім өндіреді. Былтырдың өзінде зауыт АҚШ, Ресей, Қытай және Беларусь сияқты елдерге 4,6 тонна ұнтақ қоспасын сатқан. Менеджментті мықтап қолға алған кәсіпорын Қытайдың «Қытай – Қазақстан Цзетун халықаралық сауда компаниясы» фирмасымен «Саумал» құрғақ бие сүтін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастық келісім жасаған. Сонымен қатар Ресейдің «Генезис» компаниясымен де келісімшартқа қол қойылған.
Жалпы, бие сүтін сублимациялық тәсілмен ұнтаққа айналдыру – еліміз үшін тың жоба. Дәл осындай өндіріс Германияда бар. Бірақ ондағы кәсіпорынның көлемін «ЕвразияИнвест Ltd» серіктестігінің қайта өңдеу зауытымен тіпті де салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта мұнда 700 биенің сүті өңделеді. 130-дан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5 млрд теңгені құрайды.
Осы жылдың қазан айында Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС-нің зауытына арнайы соғып, кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан болатын. Ол жылқылар тұратын қоражайларды аралап, бие сауу аппараттарын, зауыттың заманауи технологиялармен жабдықталған зертханасын көріп, мұндағы жұмыс ырғағы мен жаңашылдыққа ұмтылысына дән риза болған еді.
Сол кездесу барысында жылқы зауытының басқарушысы Баян Елшин кәсіпорын алдында тұрған бірқатар мәселені тілге тиек еткен.
– Біздің зауыт шалғайда орналасқандықтан, кейбір қиындықтарға тап болып отырмыз. Мәселен, электр қуаты кейде өшіп қалады, қыс кезінде өнімді жеткізу қиынға соғады, білікті мамандарды жұмылдыру да оңай болып отырған жоқ. Дегенмен бұл мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Мысалы, Қарағандының маңында орналасқан бұрынғы «ҚазАвиаСпектр» зауытының бос тұрған ғимаратын сатып алдық. Онда сүтті ұнтаққа айналдыруға арналған құрылғыларды орнатуды жоспарлап отырмыз. Мұнда сауылатын мал басын 1500-ге дейін арттыруға болады. Сонымен қатар осы шаралар тұрғындардан маусым кезінде 2 млн литр сүт сатып алып, дайын өнім көлемін 200 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін Үкімет тарапынан қаржылай көмек керек, – деген болатын Б.Елшин. Ө.Шөкеев бұл жобаға барынша көмектесуге уәде берді.
«ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС жергілікті билікпен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. «Бұл – бүкіл Қазақстан бойынша бірегей жоба. Біз кәсіпорынға қолдан келген көмектің бәрін жасауға тырысамыз, – дейді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов. – Мысалы, серіктестікке аудан территориясынан 24 мың гектар жер алып бердік. Мұнда шаруашылықтың 2 мыңға жуық жылқысы жайылады. Жалпы алғанда, ортақ мақсат жолындағы әріптестік жұмыстардың өз жемісін алдағы уақытта молынан беретініне нық сенімдіміз.
Кәсіпорынның 2015 жылдан бүгінге дейін Қазақстанның 11 қаласында құрған дистрибьютерлік желісі бар. Мұндай жүйе компания өнімінің нарықтағы үлесін арттырып, оны 2018 жылдың бірінші жартысының өзінде 64%-ға жеткізуге септігін тигізді.
Зауыттағы құрал-жабдықтың бәрі Еуропа елдерінен әкелінген. Кәсіпорын толық автоматтандырылған және жұмыстың басым бөлігін роботтандырылған құрылғылар атқарады. Сублимациялық құрғату бойынша технологиялық құрал қондырғысы жылқы жайылымына жақын орналастырылған. Бұл биені сауғаннан кейін сүтті бойындағы нәрін жоғалтпай, 15-20 минут ішінде технологиялық қайта өңдеу үдерісіне жіберуге мүмкіндік береді. Технологиялық талап осындай. Яғни, жылқы фермасы мен қайта өңдеу зауыты барлық қажетті инфрақұрылымымен қоса біртұтас кешенді құрап отыр.
Зауыттағы сауын қондырғыларының бір ерекшелігі – сүт бірден мұздатқыш танкерлерге құйылады. Яғни, сүтті ауамен ешқандай реакцияға түсірмей, өнімнің экологиялық таза һәм қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Танкерлерге құйылған сүт пастерлендірілуге, содан кейін барып сублимациялауға жіберіледі. Сублимацияның өзі сүтті қайта өңдеуде қолданылатын күрделі процесс. Мысалы, саумал Цельсий шкаласы бойынша 45 градусқа дейінгі температурада құрғақ заттың үлесі 95 немесе одан да көп пайызға дейін жеткенінше кептіріліп, қатырылады. Одан кейін өнімнің құрамындағы ылғал, яғни су молекуласы вакуумның көмегімен айдап шығарылады. Мінеки, қымыздың ұнтағы осылайша алынады. Бұл шаруаға бар-жоғы 25 минут уақыт кетеді. Орта есеппен алар болсақ, 10 литр сүттен 1 кило ұнтақ алынады екен. Ал сублимацияланған ұнтақтың жаңа сауылған бие сүтінің небір пайдалы қасиетін өз бойында ұзақ уақытқа дейін сақтап қалатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Қазіргі таңда «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де белсенді түрде айналысуда. Мысалы, зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін адамдарға арнайы тағамдардың әсер етуі бойынша жан-жақты зерттеу жүргізіліп жатыр. Егер іс оң нәтижесін берсе, мұның өзі «Саумал» өнімінің қолданыс аясын кеңейте түсуге зор ықпалын тигізбек. Сонымен қатар даму көкжиегіне көз тіккен кәсіпорын бие сүтін ұнтақтаумен ғана шектеліп қалмай, бұл өнімді балаларға арналған тағам түрлерін, парфюмерия өнімдерін жасап шығару ісінде де молынан пайдалануды қолға алған. Бірегей жобаның ұтымды тұсы да осы болса керек-ті.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Осакаров ауданы