Әдебиет • 12 Желтоқсан, 2018

Ағысқа қарсы жүзген жазушы (1-БӨЛІМ)

1288 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Шығармашылық тағдыры тар жол, тайғақ кешуге толы талай ерекше талант иесі бар. Солардың бірі – орыстың әйгілі жазушысы – Михаил Афанасьевич Булгаков. Ол бар-жоғы 49 жыл өмір сүрді. Осы 49 жылдың ішінде ол артына өлмес мұра қалдырып кетті.

Ағысқа қарсы жүзген жазушы (1-БӨЛІМ)

А.П.Чехов сияқты оның да мамандығы – дәрігер. Сондықтан да болар, оның әңгімелерінің не­гізгі тақырыбы дәрігерлер өм­і­рінен алынған. Оның басты шығармалары: «Мастер мен Мар­гарита», «Ақ гвардия», «Тур­биндер күндері», «Зойканың пә­тері», «Мольер» («Кабала святош»), ондаған әңгімелер.

«Әр адам – өз тағдырының қожасы» деген қағида бар. Біз­дің санамызда бұл қағида өш­пес­тей боп орын алған. Биік фи­ло­софиялық тұрғыдан қара­ған­да, бұл қағида бұлжымас тұ­жырымдай боп көрінуі мүмкін. Иә, адам туылады, өмір сүреді, мінез-құлқы қалыптасады, білім-парасатының деңгейі өседі, сол мінез бен ақыл-парасатының дәрежесінің ықпалымен өмірде талай-талай өткелдерден өте­ді, адамдармен араласады, қиын­дықтармен өз білгенінше күресіп бағады. Бұл – өз өмірінің қожасы деген тұжырымға апарар жол. Ал өмірде адам өз еркінен тыс оқиғаларға тап болады. Айталық, соғыс, репрессия, табиғат апаты…

2016 жылдың 15-мамырында М.Булгаковтың туғанына 125 жыл толғанына орай Ресей газеттері көлемді-көлемді мақа­лалар жариялап, оның өмірі мен шығармашылығына байланысты жаңа деректер ұсынды. Осы датаға байланысты «Комсо­молская правда» газеті екі беттік мақала жариялады. Мақаланың бас жағына үлкен әріптермен: «15 мая 2016 года исполнилось 125 лет со дня рождения самого любимого властью антисоветского писателя М.А.Булгакова» деп бұған дейін айтылмай келген шындықтың бетін ашыпты.

Антисоветтік жазушы! Ке­ңес өкіметінің кезінде болса жа­зушыға берілген мұндай баға өлім жазасына шығарылған үкіммен бірдей болар еді.

Михаил Афанасьевич Булга­ков шығармашылығына арнайы тоқ­талып отырғанымыздың өзін­дік себебі бар. Оның бүкіл шы­ғармашылық өмірі қылы­шынан қан тамып тұрған диктатор Ста­линнің билік құрған ке­зімен тұспа-тұс келді. Бір адым оңға, бір адым солға бассаң да, тіпті түзу жүріп, түзу тұрсаң да, әлдеқалай біреулердің жаба сал­ған жаласы үшін бастан айырылатын заман еді. Оны тексеріп, ақ-қарасын ажыратып жатпай-ақ ұзақ жыл­дар­ға лагерьге айдалып немесе өлім жазасына кесе салу оп-оңай болатын. Бүкіл совет халқы үрей мен қор­қыныш құрсауында өмір сүрді. Қазақ халқының бетке ұстар азаматтарының түгелдей дерлік «Жапонияның шпионы», «ұлтшыл», «пантюркист», «троцкишіл-оппортунист» деген жалған жаламен сталиндік репрессияның құрбаны болған кезеңі де дәл осы кез болатын. Орыс ақын-жазушылары мен­ ойшылдарының, сая­си қай­раткерлер мен режиссер­лердің «халық жаулары» деген айыппен айыпталып, айдалып, кей­біреулері жұмбақ жағдайда ана дүниеге аттанып жатты. Кеңес өкіметіне қарсы шығарма жазу былай тұрсын, тіпті, бір ауыз ағат айтылған сөз үшін оның авторын өлім күтіп тұрды. Ал­ Михаил Булгаковтың шы­ғар­ма­лары, әсіресе «Ақ гвардия»,­ «Қашқындар» («Бег») ро­­ман­дары мен «Турбиндер күн­дері» драмасының астарында Ке­ңес өкіметіне, большевиктер идея­сына деген қарсылықты, орыс­­ша айтқанда, «көйлектің іші­нен түйілген жұдырықты» көру қиын емес еді. Сөйте тұра, оның сталиндік репрессиядан аман қалуы, аман қалу былай тұрсын, «биліктің сүйікті жазушысына» айналуының сыры неде? Булгаков талантын көре алмаушылар «жоғары» жаққа оны «ақ гвардияшыл», «Кеңес өкіметіне қарсы», «Америкамен тығыз бай­­­ланыс­та» «Американың Нью-­Хевен қаласында пьесасы­ қо­йы­­лып, романы басылып жа­­тыр» деп әлденеше дүркін арыз жазғандарына қара­мас­тан, ста­лин­дік билік ондай арыз­дардың бір де біріне көңіл аудармады. Неге?

М.Булгаковтың «Турбиндер күндері» деп аталатын жеңіліс тапқан ақ гвардияшылардың өмірін көрсетуге арналған кең тынысты драмасы Мәскеудің академиялық драма театрында үлкен табыспен жүріп жат­қан кезі болатын. Билетке ке­­­­­зек­ке тұрғандардың ұшы-­қиыры көрінбейтін. Булга­ков шы­ғармашылығын зерттеу­шілердің, әсіресе жазушының соңғы жұбайы Елена Сергеевна­ның жазуы бойынша бұл спек­такльді Сталин 14 рет көріпті. Демек, спектакль оған қатты ұнаған, ұнамаса бір спектакльді 14 рет барып көрмес еді ғой. Бұл пьеса оған несімен ұнады? Қы­руар шаруасын жиып қойып, ол бір театрдың бір спек­такліне неліктен қатты көңіл бөл­ді? Булгаковқа қарсы топ­тың жойқын қарсылығының нә­тижесінде спектакль МХАТ-тың репертуарынан алынып, «Известия» газетінде жарияланған бір ма­қалада: «Булгаков пьесалары келесі жылдан бастап барлық театрлардың сахналарынан алас­талып, театр репертуарларының сауығу кезеңі басталды» деген сүйінші сұрағандай пікір жарық көрді. Араға бірнеше жылдар салып, Сталин МХАТ-тың кезекті бір спектаклін көруге барғанда театр­дың бір жылдық репертуары­нан Булгаковтың пьесасын таба алмай, ол театр басшыларынан: «Мұн­да Булгаковтың пьесасы неге жоқ?» деп таңға­лады. Та­бан астында жөнді жа­уап та­ба алмаған театр басшылары сас­қалақтап: «Жолдас Сталин, театр әкімшілігі жазуды ұмытып ке­тіпті, келесі аптада қойылады» деп­ті Сталиннің ол спектакльді 14 рет көргенін білетін басшы­лар. «Солай болсын» депті ха­лық­тар көсемі бір ауыз сөзбен бар­­лық мәселені шешіп.

Сталиннің алдында «келесі аптада қойылады» деп табан ас­тында уәде беріп қойған театр басшылары күні-түні репетиция жасап, бір аптаның ішінде «Тур­биндер күндерін» қайта қалпына келтіреді.

Сол кездегі совет жазушыла­рының, әсіресе жазушы-дра­ма­тург М.Булгаковтың саяси-мо­­ралдық көзқарастарында теріс бағыттағы элементтер пайда бола бастағаны жайлы газет-журнал беттерінде әртүрлі пікірлер жиі-жиі айтыла берген соң, Ста­лин өз кабинетіне бір топ жазушылармен әңгіме өткізеді. Әң­гіме барысында Булгаков шы­ғармашылығы жайлы сөз болып,  кейбір антибулгаковшылар оның атына қатты-қатты сын айтады. «Біз қызыл гвардия туралы жазамыз, ол ақ гвардияны жазады. Біз қызыл армияның жеңістері туралы жазамыз, ол қашқындар туралы жазады. Мұндай шығар­машылық тенденцияны қалай бағалауымыз керек?» деген мә­се­ле қозғалады. Оны партия қа­­­­та­рынан және Жазушылар ода­­­ғының мүшелігінен шығару ке­рек. Өйткені ол моралдық жа­ғынан да совет жазушысы­ деген атаққа мүлдем лайық емес, ол екі баласымен әйелін тас­тап, Мәскеу гарнизонының бастығы, полковник Шиловский жолдастың сүттей ұйып отырған отбасын бұзып, оның әйеліне үйленіп алды. Оның үстіне, Булгаков жол­дастың ішкілікке құмарлығы да бәрімізге аян. Сондықтан оған саяси бюроның шара қолдануы орынды шешім боп табылар еді. Оның шығармашылық бағытында идеялық ауытқушылық бар екені жайлы көптеген мақалалар жа­рық көрді. Орталық Комитет сон­да да ол мақалаларға мән бер­­мей келеді. Шапса – балта өт­пейтін, қақса шеге кірмейтін ол қандай ағаштан жаралған?». Бір ауыз артық сөз айтқаны үшін басынан айырылып жатқан мы­нандай қанқұйлы заманда «Ақ гвардия» романын жазғаны үшін, оның тез арада Америкада басылып шыққаны үшін ғана Булгаковқа өлім жазасы дап-дайын тұрған жоқ па? Олай болмады, ке­рісінше, Булгаковты Сталин «ең сүйікті жазушым» деп атады. Сталиннің сөзі Булгаков­тың жау­ларының аузына құм құйды. Жазушылармен өткен кезекті бір кездесуінде Сталин бы­лай деді: «Рас, сіздер қызыл ар­мияны, оның ерлігін жазасыздар, мен оны ерекше бағалаймын. Сіздердің жазғандарыңызға қара­ғанда қызыл армия оп-оңай же­ңіс­ке жете беретін сияқты. Оны барлық жерде қарапайым халық құшақ жая қарсы ала береді. Шын­дығында солай ма еді? Он­дай жағдайда бізге армияның ке­регі қанша? Барлық жерде Кеңес өкіметі өзінен-өзі  орнап жа­тыр екен ғой. Онда біз кіммен күрес­тік, кімнің қанын төктік? Бұл шындықты бүркемелеу. Ал Бул­гаков болса, ащы шындықты жазды. Басқалар секілді ол ағыс­тың ығымен кеткен жоқ, ағыс­қа қарсы жүзді, он идет про­тив шерсти», – деп тағы да Бул­га­ков төңірегінде пайда бола бас­таған дау-дамайға біржолата нүк­те қойды. Соған қарағанда, оның ішкі дүниесінде өмірдің шындығын мойындайтын, ақ-қара­сын  ажырата білетін екінші Ста­лин өмір сүрген секілді. Жас мемлекеттің ішкі-сыртқы жауларымен арпалысып, тәулігіне 4-5 сағат қана ұйықтайтын Ста­лин көркем шығармалардың көп­шілігін өзі оқып, баға беріп отыр­ды. Эрдманның «Портрет» деп аталатын драмасын оқып шығып, әр жеріне белгі соғып, ав­торға қайтарып береді, ал ол болса қайта жөндеп, Сталинге екінші рет ұсынады. Сталин жөн­делген нұсқаны оқып шығып, «Тов.Станиславскому» деген бұрыштамамен МХАТ-қа жі­береді. «Чапаев» фильмін 34 рет көреді, Булгаковтың «Тур­биндер күндерін» 14 рет тамашалайды, Үлкен театрдың ке­зекті бір жаңа қойылымын кө­ріп болған соң тура залда отырып қойылымды талқылауды ұйымдастырады. Спектакльдің көркемдік дең­гейінің өте төмен екеніне тоқ­талады. «Жолдас Сталин, совет музыкасының қа­лай дамы­ға­нын көріңіз» деп үл­кен театр­ға зор мақтанышпен алып бар­ған Ждановты машинасына мін­­гізбей жаяу тастап кетеді. Ашуға мінген Сталин: «Рассвет Советской музыки! Пешком пойдешь», – деп машинасының есі­гін тарс жауып алады да, жү­ріп кетеді. Сталиннің бұдан бас­қа да көркем шығармаларды оқып, талай-талай премьераларға қаты­сып, пікір айтқан кездері сол кездегі өнер, әдебиет қай­рат­керлерінің естелігінде көп­теп кездеседі. Красноярск айма­ғындағы Туру­хан даласында айдауда жүр­ген кезінде Сталиннің өлең жаз­ғаны, оны өмір бойы ешкімге көр­сетпегені жайлы болжам-есте­ліктердің шын бол­ғанын көр­кем әдебиет пен театр спек­такльдеріне берген ба­­ға­­сы­нан пайымдауға болады. Бул­­гаковтың өмір шындығын шеберлікпен суреттей білетін талантын, бәлкім, «данышпан жауыз» (злой гений) іштей мойындаған болса керек. Әйтпесе, Булгаков шығармашылығына «ол – ағысқа қарсы жүзетін жазушы» деп әдебиетшілердің өзі айта қоймаған анықтама бе­ре алар ма еді? Булгаковтың Ста­линге жазған хатының өзі не­ге тұрады. Егер дәл осындай маз­мұндағы хатты Булгаковтан бас­қа жазушы жазса, Сталин оның үйіне телефон соғып, мән-жайды сұрамақ түгілі, көптің бірі етіп, репрессия құрбандығына айналдыра салуы әбден мүмкін еді. Хаттың мәтіні мынау: «Мен, Михаил Булгаков, ешқашан саясатпен айналысқан адам емеспін, бар-жоғы қатардағы жазушы ғанамын. Партия қатарында болмасам да бүкіл саналы өмірімді совет әдебиетіне, совет сахна­сына арнап келемін. Бірақ соңғы жылдары барлық пьесаларым сахнадан алынып тасталып, кітаптарым баспадан аластатылып отыр. «Шіркін, осы адамдардан шеге жасар ма еді!» деп армандайтын адам мен емес екенмін, шеге жасауға болмайтын­ ет пен сүйектен, тозған жүй­кеден, қан қысымы жоғары ауру­шаң адаммын. Барлық күш-жігерім шығарма жазуға емес,  көрінбейтін қастарыммен күр­сеуге, қызғаныштың қызыл иті­мен ырылдасуға, одан қал­ған қай­ратымды адамдық, жазу­шылық, намысыңды қорлайтын күн көру қамымен әр басшыға жалтақтап, алақан жайып өмір сүруге мәжбүрмін. Егер бұл ел­ге ақыл мен дарын қажет болмаса, олардың алдында екі-ақ таңдау қалады: ішқұса боп өлу не шетелге кету. Кеңес өкіметінің гуманистік саясатына сене отырып әрі менің ашып айтқан ары­зымды дұрыс түсінеді деген үмітпен мынадай өтініш біл­діргім келеді. Маған және зайыбым Любовь Евгеньевна Бул­гаковаға Кеңес Одағынан тысқары жерге кетуімізге рұқсат берулеріңізді сұраймын...».

Бұл хаттың мәтінін Булгаков­тың диктовкасымен Елена Сер­геевна машинкаға басқан. Оның әлі Булгаковпен некеге отырмаған кезі. Ал, Елена Шилов­ская хаттың соңғы жа­ғын өзгертіп, былай деп жаза­ды «...маған және зайыбым Еле­на Сергеевна Булгаковамен Кеңес Одағынан тысқары жерге кетуімізге рұқсат беруіңізді сұрай­мын...». «Сенің есің дұрыс емес, Люси! Бұл хатты Сталиннің өзі оқуы мүмкін. Ал сен екеуміз әлі некеге отырған жоқпыз», «Не­ке дегенің бар болғаны жүзік салын­ған суды ішу ме? Мен ондай суды бұдан бұрын екі рет іш­кенмін». – Ол жүзікті кеседегі суға салып, Булгаковқа ұсынады. – «Бұл суға дем салынбаған. Бұл – рәсімді қорлау ғой». «Құдайсыз елде әркім өзінше құдай. Әке мен баланың және қасиетті рухтың атынан іш, Булгаков!». Булгаков суды ішіп салады.

– Міне, екеуміз некелестік! – дей­ді Елена қалған суды ішіп болып.

Сталин хатты оқып болып, Бул­гаковтың үйіне өзі телефон соғады. Кездесуге шақырады. Кездесуге ол ескі бәтеңкесімен келген екен. Оны көрген Сталин саяси бюроның мүшелерінің көзінше: «–Ә-ә, менің сүйікті жазушымның етігі жоқ екен ғой» деп Кагановичтің етігін шеш­тіріп, Булгаковқа кигізеді.

– Еврейдің етігін орыс жазушысы киіп жүрсе күнә бола қоймас, – деп Сталин рахаттана күл­ген көрінеді.

Бұл оқиғадан Сталиннің Бул­гаковқа деген ерекше ықыласын көруге болады. Сталиннің оған деген ерекше ілтипаты қал­ған­дардың намысына тиіп, жазу­шыға деген қызғаныш отын үр­лей түседі. Тіпті Булгаковтың Жу­ховицкиге айтқан сөзі Ста­линнің құлағына жетсе де «злой гений» оған мән де бермейді. «Россияға қазір үлкен әдебиеттің қажеті жоқ. Россияға тіпті, еш­теңе де қажет емес. Бұл елде ақыл­ды, іскер, адал болған сайын оның құ­ны да төмендей береді. Рос­сияға қазір басын тік көтеріп жү­ретін адам емес, еңкейіп жү­ретін, қалай бұрыл десе солай бұрылатын, баспен емес, қа­рынмен ойлайтын адамдар керек» деп ашына айтқан уытты сөзіне Сталиннің мән бермегені жұмбақ құбылыс деуге болады. «Комсомолская правда» газетінің 2018 жылғы 26 сәуір айындағы нөмірінде мынадай таңғаларлық мәлімет жарияланды. Сталиннің кезінде әр 100 мыңға 583 адам, ал Ельциннің кезінде сол 100 мыңға қамауда отырғандар 647 адамнан асыпты. Асыра сілтеу болғанын Сталиннің өзі де мойындаған.

«Ком.правда» газетінде құпия архивтен тағы бір сенсация­лық мағлұмат жарияланды. 1946 жылы Сталин Жоғарғы Кеңес Пре­­зидиумының отырысында­ былай депті: «Генералис­мусс» атағы сізге лайық деп жан-­ж­ғымнан анталап қойма­ды­ңыздар. Ал мен ақымақ, сен­дердің айт­қан­дарыңа көне салыппын! Мем­лекет басшысына атақтың керегі жоқ!».

Сталин Булгаковтың шетелге кетпек болған ниетінен айнытып, оған барлық жағдайын жасап береді.

Булгаков шығармашылығын зерттеушілердің кейбір естелік­теріне қарағанда, Сталиннің жа­зушыға деген ерекше ілтипаты оның ұлы көсемнің жастық шағы туралы пьеса жазбақ боп жүр­генін естігендіктен болар деген де болжам айтылады. Бұл бол­жамға құлай сенудің реті жоқ. Сталин ондай мақтауға, өзі туралы шығармаға зәру емес еді.

Қайткен күнде де, осы оқиға­лардан соң Булгаковқа қарсы астыртын әрекет күшейе түседі.

Михаил Булгаковтың өмірі қайшылыққа толы болды. Кейбір естеліктерде оның бас ауруы да жазушының қалыпты өмір сүруіне көп кесірін тигізді. Жазушының Украинада земстволық фельд­шер боп жүрген кезде морфиді жиі пайдаланғанын, есейе келе, сол кесірлі препаратқа тәуелді болғанын да там-тұмдап айтып өтеді. Мұндай пікірдің тарауына жазушының «Морфи» деген алғашқы әңгімесі себеп болса керек.

(Жалғасы бар)

Дулат Исабеков, 

жазушы