Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2018

Алматыда «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы, ел мәртебесі» конференция өтті

738 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Жастар саясаты басқармасы «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» мен «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау» кафедраларының бастамасымен «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы, ел мәртебесі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Алматыда «Рухани жаңғыру – ұлт болашағы, ел мәртебесі» конференция өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы көрсетілген қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерін ғылыми ортада талқылауды мақсат еткен конференция барысында университеттің стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Убайдилла Датхаев аталған оқу орнындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, бағдаралама аясындағы жұмыстар барысына тоқталып өтті.

Алматы қаласының жоғары оқу орындарынан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Тұрғанжан Төлебаев «Рухани жаңғыру және ұлттық тарихты зерттеудің методологиясын жаңарту» тақырыбында баяндама жасаса,  Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Жомарт Симтиков өз баяндамасында «Рухани жағыру контексіндегі ұлттық сана мәселесі» туралы ғылыми негіздерге тоқталды.

ҚазҰМУ профессор-оқытушы құрамынан «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценттері Ғайнижамал Рсалдина «Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында латындандыру мәселесі», Мақпал Жекебаева «Цифрлы Қазақстан» — заманауи технологиялар және жастар», «Қоғамдық денсаулық және денсаулық сақтау» кафедрасының доценттері Жанат Қожекенова «Қазақстан Республикасының азаматтарының денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік», Ақмарал Айтманбетова «Медициналық білім берудегі инновациялық жобалар» тақырыбында ой бөлісіп, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Зәуреш  Нагайбаева конференция жұмысыны қорытындылады.

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бағдарлама аясында Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жалғастыру туралы резолюция қабылданды.

Конференцияға Алматы қаласының жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Университет ғылыми кітапханасы тақырып аясында кітап көрмесін ұйымдастырды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ