27 Маусым, 2012

Ұлы ұстаз һәм жас тұлпарлар

443 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Ұлы ұстаз һәм жас тұлпарлар

Ол – ұстаз-тын.

Шәкірті де емес ем.

Дәріс алғам,

Оқытпады демесең.

Ал жүрегім бұлқынатын,

Тулайтын,

Тығылып кеп қоңыр үнге бөлесем.

 

 

Ол – ұстаз-тын.

Шәкірті де емес ем.

Дәріс алғам,

Оқытпады демесең.

Ал жүрегім бұлқынатын,

Тулайтын,

Тығылып кеп қоңыр үнге бөлесем.

Ол – әке-тін.

Баласы да емес ем.

Бірақ көңілім ол бар жерде неге әсем?!

Өйткені мен ұлындай боп ұлының,

Өзі болып өзіменен кеңесем.

 

Төгілетін тіл көмейден,

Ой – іштен.

Нәрін, әрін құнығып кеп тоя ішкем.

Алғаш сонда сезініп ем,

Кей-кейде

Аласаның болатынын бойы үстем.

 

Қазағымнан туғызған нән асылды,

Мақтан етем жиырмасыншы ғасырды.

Көкті жерге,

Жерді аспанға шығарып,

Қақпақыл ғып ойнататын жасынды.

 

Сөзі – бата,

Ал дәрісі – имандай.

Елтіп еріп кеткен бізде күй қандай!

Жанарымыз қадалатын бір аумай

Кең маңдайға

Ұлт тағдыры сыйғандай.

 

Ұшқыр оймен сіңіп кетіп маңайға,

Ілесуші ек Құнанбайға,

Абайға.

Сыңғырлағыш ақ шолпылы Тоғжанның

Сілекейін бір жұтсақ деп қалайда.

 

Еруші едік,

Көруші едік билерді.

Шыңғыстауды бойлай қонған үйлерді.

Қызыл-жасыл қынаменде қыздырған

Талайлардың ыстық тілден күйді ерні.

 

Әнмен,

Күймен ойды, бойды қандырып,

Қарсы алушы ек қырдан қызыл таңды ұрып.

Тірілетін санамызда саржайлау

Күміс көмей күлкісімен жаңғырып.

 

Жанымызды шертіп, түртіп жаңғырық,

Естелік кеп,

Естен мүлде тандырып,

Атқан сонау Шыңғыстауға таң күліп,

Жетуші едік бәрін мұнда қалдырып.

 

Ақ сүт сауған таспа жолмен талайғы

Ай бастайтын Ербол менен Абайды.

Тақым басып біз де бір-бір жорғаға,

Еретінбіз қасып қойып самайды.

 

Ай әуені сыңсып жетіп құлаққа,

Шомылатын саз боп аққан бұлаққа.

Түн қойнынан пейішке еніп кетесің,

Періштелер көлбеңдеген қыратта.

 

Әрін, нәрін жұтып, тұтып Далаңның,

Жаңарады,

Жаңғырады санаң мың.

Түршігесің,

Күрсінесің,

Күлесің,

Ғаламатын сезгендей боп ғаламның.

 

Сен кетесің шешен тілге ілесіп,

Ержетесің кеудең тола мұң өсіп.

Ғажабымен,

Азабымен таңдантып,

Ашылады бір есіктен бір есік.

 

Ол – ұстаз-тын.

Шәкірті едім ұмтылған.

Көкірекке сыр ұялап,

Мұң тұнған.

«Бәрі, бәрі сол Данадан!» дер едім

Азаматқа айнала алса бұл тұлғам.

 

*  *  *

Бөлеп нұрға қара көзден тарқаған,

«Сарбала!» деп қағушы еді Ол арқадан.

Білмеппін ғой назарында жүргенін

Ұлы ұстаздың мына мендік әр қадам.

 

Кішкенеден басталарын ұлылық

Біздер әлі сезбеген кез ұғынып.

Тану қайда тап басардай

Адаспай,

Кеудемізде жатқан сырды бұғынып.

 

…Ұмтылғанмын қиындыққа арманмен,

Қудым оны үміт атты тарланмен.

Әйтеуір бір жатқан ішті кеміріп,

Хас жазушы болсам деген бар-ды әурем.

 

Шықпаушы едім кітапхана залынан,

Кейде мұңға,

Кейде нұрға малынам.

Қара көзді қасымдағы елемей,

Қара көзін өткендердің сағынам.

 

Қиял шіркін шарықтатып биікке,

Кезек қамар сүйінішке,

Күйікке.

Бекетіне айналдырып ғарыштың

Қала орнатам өзім туған Киікке.

 

Қанат бітіп,

Көңіл самғап сондайда,

Бақыт деген өзі іздеп кеп қонбай ма.

Күнмен бірге жерді айнала зымырап,

Сұлу бикеш – созасың ғой қолды Айға!

 

Рас, рас

Ай бикештей бар қалқам.

Сыр, жырымды сол аруға арта алғам.

Бөгіп, еріп отырғанда сезімге

Әлдебір қол қағып қалды арқамнан.

 

– «Әу, сарбала! –

Әй, керімсің сен бүгін.

Жалқаулықты өзіңдей боп жеңді кім.

Артығымен толды,

Мақтау болмасын,

Тайбурылдай дәл қырық күн кемдігің.» –

 

Күлді ұстаз.

Аймалады көзімен.

Анау жүзден бір жылылық сезінем.

Қипақтаймын,

Мүдіріссіз өтсем деп,

Сыншыл көздің ымырасыз тезінен.

 

– Тыңда, ұлым, қуыстанбай сен менен…

Таптым жасты әр мен нәрге шөлдеген.

Нұсқап саған жаңа жөн мен жобаны,

Тағдырыңа килігемін көлденең…

 

*  *  *

Килікті рас тағдырыма сол ағам,

Өнегесі үлгі тұтар мол адам.

Бағытымды мүлде өзгертіп жіберді

Тәлтіректеп өзім салған жобадан.

 

«Тарт ілгері!

Өрге қадам бас!» деуге

Құлшыныспен көнеді ғой жас кеуде.

«Миыңды ұштар инженердің оқуы!»

Деген Мұқаң.

Тартып кеттім Мәскеуге!

 

Домалаттым солай өрге тасымды.

Жұлдыз – арман қарсы алдымнан шашылды.

Өнері мен өнегесін ұсынып,

Талай қақпа,

Талай есік ашылды.

 

Құнықтым да сол тұнықтан жұттым мен.

?Дәмін, нәрін мол сімірткен тұттым дем.

Богемалар ауасында аунақшып,

Араластым талай ғажап мықтыңмен.

 

Театры,

Музей,

Салон…

Форумы

Бәрі, бәрі – ғылым, білім қорығы.

Қыл аяғы афишасы көшенің –

Екінші бір жоғары оқу орыны.

 

Келді айтқаны ұлы ұстаздың айнымай,

Құштым көкті,

Кең құшағын жайды да Ай.

Жұмағыма еніп кеттім ентелеп,

Болып кетті өксік – күлкі,

Қайғы – май.

 

Өте берді Ай бозарып,

Күн іріп.

Әр сәтімнен туындатып мың ілік.

Тәттісін де,

Қаттысын да,

Дәмдісін

Дәл «губкадай» ала бердім сіміріп.

*  *  *

Көкейімде тіріліп сан тақырып,

Шығардай боп шедевр боп атылып

Жүрген кезде,

Деканыма «звандап»,

Қонақүйге алды Мұқаң шақырып.

 

Қуандым да асып-тасып,

Әй, жандым!

«Қадірлісі болдым шіркін қай жанның!»

Жүрексініп қақтым дана есігін

Ашып қалды… Болатханы Тайжанның.

 

Бұрын оны танымағам, білмегем.

Жеткізді ұлды Мұқаң шешен тілменен.

Сол ұланнан өскен қыран досым боп,

Екеумізді алған баурап күллі әлем.

 

Ерміз,

Шерміз

Біз қазақ боп жай ұқсақ,

Жағынудан,

Табынудан айықсақ.

Сол теңдікті ұлы Мұқаң сездіртті

Жанындай кең дастарқанын жайып сап.

 

Еркін едік қоймайтын түк мұңды елей,

Бейіл бердік бас шұлғумен үндемей.

Құнарлы ішке дән себерін ұқты ма,

Ойды билеп ақтарылды-ау тіл-көмей.

 

«– Оу, Софыжан, салам тағы есіңе.

Дарынды – сен Болмыс Хақтың десі де.

Ешкім оқып бола алмайды қаламгер

Қаламгерлік – Тәңір берген несібе.

Оның жауы – жалмауыздай жалқаулық,

Құдіретті жіберетін аңқау ғып.

Әділдіктен сәл адасып кеттің бе,

Ілеседі иттей үріп сан даурық.

Тұтас ұлтты ұшпақ етпес жеке ру

Азап жолы – азаттықты көтеру.

Бардың емес,

Ардың сөзін ардақ тұт,

Бір ғұмырда болмақ емес екі өлу.» –

Сәл кідірді.

Алды демді солықтап.

Ішке күйік…

Әлде әлдене толып қап.

Мен отырмын кездескендей Тағдырға.

Не боларын алдағымның жорып қап.

« – Адалдықтан басқаны үндеп не дермін,

Көп әніңді көлеңкелеп көмер мұң.

Шын шырылдап іздеп түссең шындықты,

Мол болады-ау қиянатшыл кедергің.

 

Кедергіні кесіп өтер сес керек.

Аз-ау бізде жөн ұғарлар есті елеп.

Тығар солар қызыл тілді көмейге,

Сөз өнерін шарықтатар кестелеп.» –

 

Бөгелді де ұлы Мұқаң күрсінді.

Ертеңгі емес,

Маған сол сәт мұң сіңді.

«Қасиетті бір қасірет алқымдап,

Қалмайды-ау», деп шештім білем тылсымды.

 

Сол күрсініс – азапты іштің ышқыны,

Көбейген соң көп күйіктің қышқылы.

Сөніп жанып,

Сөніп жанып қиналды,

Анау көздің,

Алау көздің ұшқыны.

 

«– … Көтере алсаң қара сөздің азабын,

Жазушылық – ең ауыры жазаның.

Кейде мақтап,

Кейде даттап құбылар

Бірде олай,

Бірде былай қазағың.

 

Тағдыр-тозақ салса да сан қармағын,

Сол қазағың болсын әман ардағың.

Мерт ұңғысы қадалса да кеудеңе,

Туралығын жоғалтпасын ардағы үн.

 

Азамат боп,

Сақа шығып кенейім,

Көтеретін сендер елдің мерейін.

Біз жасаған қателікті жасатпас

Үш кеселдің түсін түстеп берейін:

 

Ем-дом үшін жасап арақ, шарапты

Талай ұрпақ кәдесіне жаратты.

… Дәруге деп тартып ішкін,

У қылмай,

Қамамасын десең ойды абақты.

 

Қаламгерлік түссең қырғын додаға,

Темекіге, ұлым, бірақ жолама.

Түтін ыстап кең сарайдай кеудеңді

Айналтады азынаған молаға.

 

Тұт жадыңа мықтап ұғып,

Әй, бала!» –

Көз қадады.

Бас изедім жай ғана.

Тұла бойым шымыр-шымыр,

Қан ысып,

Қызыл-жасыл болып кетті айнала.

 

«Ұлым!» деді-ау аямастан жылы үнін.

Ұлымын ба шыныменен ұлының.

Айтқаны кеп болсам мен де қаламгер

«Ұлтым!» дер ем үзілгенше жұлыным.

 

Ыңыранды көмейлетіп бір үнді,

Толқығаным сірә оған да білінді.

Иығымнан алақаны сипады,

Ду ете қап сүйінішім тірілді.

Жандым білем…

Қандым білем мейірге,

Сүңгіп кеттім мынау шалқар пейілге.

Ықыласы неге үнемі аумайды

Асқар таудай ілгергінің

Кейінге?..

 

«– Тойдан қайтқан,

Бал базары тарқаған,

Ақыл айтқыш десеңдер де қарт адам,

Тағы саған: «Аулақ бол!» деп айтамын

Еркіңді ұрлар құмар ойын – картадан.

 

Түсіндіріп айтқыздырмай «негесін»,

Бері ысырды етке толы тегешін.

«– Оу, Болатжан, құлаққағыс саған да,

Екеуіңе ортақ мынау кеңесім.

Отбасының түп негізі – ата-ана.

Әке – қазық.

Берекесі – отана.

Ана тілін ақ сүтімен емізіп,

Салт-дәстүрін сіңіретін ботаға.

 

Біз – пақырмыз

Ұлы үрдістен жаңылған.

Ұрпақтары ұлт исінен қағылған.

Әйел алып орыс, татар, басқа елден

Өкінішпен бармақ тістеп,

Сан ұрған.

 

«Болмады ұлттың аруынан, әй, теңім!

Оқымаған!» деп кінәлап қайтемін.

Ашпағанмен институт есігін

Оларға да нұрын төккен Ай тегін.

 

Теңесетін ұл, қызымыз жетті күн.

Оқып жүрген ұлт аяшы көп бүгін.

Қандастармен бас қосыңдар, ұлдарым,

Сақтап қалар халқың сонда тектігін».

 

Тастай салды алақанға иегін.

Мұң көмкерді ұяң көздің жиегін.

Ойлады ма алған жарын өзгеден,

Сағынды ма орыстардың жиенін.

 

Бара жатты жанар өшіп, жұмылып.

Мен отырғам сөзін жұтып құнығып.

Ұлы адамның мұңайғанын көргенде,

Түйін өксік жетті өңешке тығылып.

 

Сәулесі ойнап,

Сырғанады жылжып Күн.

Мұқаң мұңын,

Мен түйінді қылғыттым.

Көңілдердің үнсіз, мұңмен табысқан

Тылсым сәтін айта алады сыр ғып кім?..

 

Не табармын қопарғанда ақтарып,

Айырғанда бастан бөліп жақты алып.

Әр адамның құпиясы – жұмбақ қой,

Қала берсін сол бір тылсым сақталып.

 

Кенет Мұқаң даусын қырнап кенеді.

Ал көздер ше?..

Қос шырақ нұр төгеді.

Бір жып-жылы толқынға орап денені

Мамыражай рақат күйге бөледі.

 

«Мен бе мынау?»

Өзіме өзім сенбестей,

Күй кешемін іңкәр сәтім сөнбестей.

«Жарық жалған тек мен үшін жаралған,

Сол жалғанда ғұмыр кешем өлместей!»..

 

Ілезде әлгі күй толқынның буы іріп,

Сарсаң тірлік апшыны тез қуырып,

Сол толқыннан сұп-суық қып ойымды

Ала қойды оп-оңай-ақ суырып.

 

«– Бұл Мәскеуде бір мың қазақ жас бар да

Тігем көзді ырзалықпен асқарға.

Ертең сендер бір-бір маман болып ап,

Алаш даңқын жазасыңдар аспанға.

Ал біздер ше?..

Тас түйін боп жұдырық

Қарсы атылдық… Тұрдық…

Жаттық жығылып… – »

Үзді сөзін,

Үзді ойдың толқынын

Көмейіне күрсінткен дем тығылып.

Судан жұтты сәл бөгеле кідіріп,

Кеткендей ме жаны сыздай түңіліп.

Ықылық қып атты білем кейісін

Өз ішіне өз көзімен үңіліп.

 

«– Құлаш создық…

Таба алмадық кемерді.

Тілім-тілім…

Далаң тыңнан не көрді?

Сор далаңа су себердей, өр ұрпақ,

Жас тұлпар боп берермісің өнерді?…

Талап жатыр байлығыңды қазып ап,

Жер қойнында ұлттың әні, сазы қап.

Мен жылар ем,

Ел қосылса шеріме

Кеудемдегі желмен бірге азынап.

Сорып жатыр,

Орып жатыр барымды,

Көрге тығып көмейдегі зарымды.

Жасар ма едік тұтас ел боп тік тұрып,

Басқаша етіп сонау «түнгі сарынды».

 

Ойлағанда ертеңгісін елдің де,

Безіп кетер жер таппаймын мен мүлде.

Таусыларын неге айтпаймыз халыққа

Шашып, тасып, талап жатқан кеннің де.

 

Жоғалтқанда кім ұятын,

Кім есін,

Жылай алмай,

Жынды адамдай күлесің.

Кешірер ме мына бізді келешек

Тонатқанда ұрпақтардың үлесін.

 

Тулақтай боп тарылғанда аспаның,

Ғасыр болар қиянатшыл қасқағым.

Ұлттың қамын жатпай-тұрмай ойлаңдар

Көзі ашық,

Уай, мәскеулік жастарым!

 

Империя – бүйрегіндей сиырдың.

Сығындысы ол бөлек-бөлек үйірдің.

Ыдырайды,

Ұзамайды алысқа

Дүмпуімен: «Азаттық!» дер құйынның.

 

Сенем соған,

Сенем мынау сендерге.

Ширығатын

Дауыл жерді жөндерде.

… Ертең жатып,

Жасатам да отаны

Жаңа күшпен аттанамын мен де елге». –

 

Сәл жымиды,

Көзі бірақ күлмеді.

Босатпады құрыш көңіл ілгегі.

Кеудемізді қаққанымен – тілдегі,

Ыстық магма қалды атылмай ділдегі.

 

Төгер сыры,

Шертер шері көп еді-ау

Босай беріп,

Шешілмеді-ау көне бау.

Біз сезе алмас үрей тізгін тартқызып,

Еңсені езер құпия зіл төнеді-ау.

 

Үзіп алмай ізгі үмітін тым арық,

Шер-шеменнің шетін сәл-сәл шығарып,

Жел өтінде қала берді батагөй

Таба алмастан бұл пәниден құмар ық.

 

*  *  *

Ойға баттым,

Мұңды кештім еңбектеп:

«Империя зауалымен төнбек көк!

Жарармыз ба бүгін тұяқ серпуге?

Кеше ғана қырғынына көнбеп пе ек…

 

Аяп қап ек отты өңештен немізді,

Ұлтты сақтар сындыртпап пек негізді.

Қанды жасты Мәскеу қинап емізіп,

Жасамап па ед бізден құлға егізді.

 

Ел бастайтын ерте үзілсе жұлындар,

Серке болар,

Ертіп алар кімім бар?

Қырдың төсін дүбірлетіп шығар ма,

Жалы өспеген

Біз сияқты құлындар?…

 

Құлындардан жас тұлпарлар өспей ме,

Болат тұяқ тас бөгетті теспей ме.

Төбемізден төнген зауал – құл тірлік

Быт-шыт болып бұлтпен бірге көшпей ме?..»

 

Ойға баттым.

Малшындым да арылдым.

Бұрдым бетті ақ жолына арымның.

Сендім,

Ердім Мұқаң тартқан бағытқа:

«Болады – деп – нағыз Алаш бәрі ұлдың!»

 

Әй, бәрібір босатпайды-ау мұң неме.

Көтертпейді бүккен белді құл дене.

Күн нұрына қадай алмай жанарды,

Шіренеміз кәдімгідей түнге ене.

 

Жат ұғымға көніп, сеніп өскенбіз.

Күйік жасын күліп қана кешкенбіз.

Өз үйіңнің есігінен телміртіп,

Төрде отырған жат төреңнен ескен мұз.

 

Атылар ма Айлы аспанға бөрі тік,

Мұз ызғарын төрден қуып,

Ерітіп.

Еркіндіктің жұтармыз ба ауасын

Кеудеміздің кемістігін кеңітіп.

 

Табармыз ба ыдыраған бірлікті,

Сипай бермей мұрт өспейтін құр түкті.

Өз далаңда өз даусыңмен ән салып,

Өгейліктен аршырмыз ба тірлікті?..

*  *  *

Айға толмас арада сәл күн өтті.

… Мынау жүрек неге оқыс дір етті.

Тегін емес…

Тегін емес…

Апыр-ай!

Қандай сұмдық түртіп кетті жүректі?!.

 

«Алқымдады-ау үрей деген сұм неме.

Аяқ асты бұлт бүркенді Күн неге?

Айрылды ма әлдебір жан тәнінен,

Жамылды ма ақ кебінін тұл дене?

 

Жақыным ғой кім де болса сол адам.

Өлім бе екен өмір гүлін тонаған.

Қанды жасты қара көзден ағызып,

Кімді іздеймін қаңыраған моладан?..

 

Тегін емес…

Үркек жүрек сезеді.

Жеткен екен қай қыршынның кезегі?

Мынау әлем неге ыр-дуын тыймайды,

Өртенгенде бір ғұмырдың өзегі…»

 

«Апырайлап!» үнсіз іштей өксідім.

Сыртта бу ғып

Күн ұшырды көк шығын.

Шырылдаған шыбын жандай тыпырлап,

Тереземді сабалады көк шыбын.

 

Тесілемін мәңгіргендей көшеге.

Құлазыған көңіл солай көше ме…

«Қасіретті неге үнемі арқалар

Ес-ақылға ие адамдық пешене?»

 

Запыранды төккеніңмен өттегі,

Кімге айтуды біле алмайсың өкпені.

… Дыр-дыр етіп,

Қыр-қыр етіп динамик

Бір дауыстың құлақты үңгіп жеткені:

 

«Шыдай алмай отасына азаптың,

Өтті өмірден Әуезовы қазақтың!..»

«Не деп кетті?!»

Сөнді дей ме жарық күн?..

Төнді дей ме төбемізден азап күн?!.

 

Нені естідім?..

Осы ма еді күткенім?..

Қалай ғана данышпанды үкті өлім?

Туламайды бұл дүние,

Білмей ме,

Бір Адаммен бір әлемнің біткенін?

 

Бір дәуірдің жоғалғанын, өшкенін,

Әсемдіктің оралмастай көшкенін.

Құдіреттің көз жұмғанын қапыда

Жаңартатын өткен күннің ескі өңін.

 

Ұлы өлгенін сезбес қалай Жер бүгін,

Анау көкке неге атпайды шерлі үнін?

Қазағының ақын жанын ардақтап,

Жалғастырар Абай жолын енді кім?

 

Өртенді ғой уға толып жылан іш,

Ұлт солығын бар ма басар жұбаныш.

Жалған заман,

Шын-ақ жалған екенсің

Жалғандыққа батып кетті-ау қуаныш.

 

Кім тыяды өксік жасын Алаштың.

Қалай ғана, Мұқа-ау, сізден адастым?

Сау еді ғой кеше ғана ағзаңыз,

Келмеді ме сұм ажалмен таласқың?..

 

… Ой, ойпы-ро-ой!

Ойпырым-ай!

Немене?!.

У боп тарап күдік енді-ау денеме…

Солқ еткізіп сұмдық күдік жүрекке

Шынымен-ақ миды қажап ене ме?!.

 

Ой, ойпырай!

Қорқамын ба сезіктен?..

Бір түйсіктен лаққаным ба безіп мен.

Төтенше кеп, киіп-жарып бұл өлім

Қалай ғана тұтқиылдан кезіккен?

 

Сау еді ғой…

Тың еді ғой өлместей.

Тосын өлім!..

Көңлім мүлде сенбестей.

Қалай енді,

Қайтіп енді жүрермін

Күдігіммен кінәліге: «Сен!» деспей.

 

Тіреп қойып шыңыраудың шетіне,

Іреп қойып кек қанжарын етіне,

Айта алатын күн туар ма, шіркін-ай,

Қас сұмдығын қаскүнемнің бетіне.

 

Неге ғана отасына көнді екен,

Болғаны ма

Далам бөтен,

Ел бөтен?

Қалай ғана Кремльге жақпады,

Адамзаттың Әуезовы – ер көкем?!.

 

Мынау кеудем оқыс үркіп дір еткен

Қорқынышын қуа алар ма жүректен.

«Отан үшін!» деп енді біз кешегі

Табыса алар екенбіз бе тілекпен?

 

Айтатындай сол ұранды қайталап,

Жырта қояр енді өңешін қай тамақ.

Ернімізден суырып ап қашанғы

Тартылады тек соларға бай табақ?..

 

… Сау еді ғой кеше ғана арысым,

Батқаны ма су түбіне ары үшін.

Тауық па едік басып, жаншып бір-бірін

Теріп жейтін қожасының тарысын?..

 

Іздемейміз ердің құнын неге біз,

Неге жанға құлдық уын егеміз?

Көне берсек,

Төге берсек қанды жас

Тапталмай ма тас табанда төбеміз.

 

Түн түнегін жас тұлпарлар қуады.

Шашырайды далама таң шуағы.

Еркіндігі,

Нұрлы ертеңі Алаштың

Жас тұлпардың тұяғынан туады!

Сенем соған!

Софыян (Софы СМАТАЕВ).

АЛМАТЫ.